АТҚАН ОҒЫ ДӘЛ ТИЕТІН
Қанқұйлы майданда от кешіп, соғыс зардабын тартқан азаматтар бүгінде ауған жеріндегі ауыр сәттерді күңірене еске алады. Ең алғаш болып ауған жеріне кірген мұсылман батальоны болғанын біреу білсе біреу біле бермейді. Шайқаста жүріп ерлігімен танылған жауынгерлердің бірі тоғызкенттік — Марат Төребековтің есімін ескере кетуді жөн көрдік. Төребеков Марат Жаматұлы- 1961 жылдың 12 — наурызында Тоғызкент ауылында дүниеге келген. 1968 -1978 жылдары орта мектепті тәмәмдаған соң, 1979-1981 жылдары ауған жерінде әскери борышын атқарды. 1981-1986 жылдары Шымкент қаласында ауыл шаруашылық институтын бітіріп шықты.
Еңбек жолын 1986 жылы Тоғызкент ауылында кадр бөлімінен бастап әр салада абыройлы еңбек етті. Өзінің саналы ғұмырында кәсіпкерлікті қолға алып, шағын бизнеспен айналыс-ты. Марат ағамыздың соғыстағы ерлігі туралы естелігі жазушы, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» атты кітабында былай деп баяндалады: -Ауғанстандағы соғыс әділетті болды ма, әділетсіз болды ма? Ол — басқа әңгіменің тақырыбы. Имандай шыным, Ауғанстанда менімен бірге соғысқан қарулас, майдандас қазақ жігіттерінің бәрі де «Біз Отанымызды қорғап соғысып жүрміз» деп ойлады. Сол үшін қан төкті, жанын берді. Менің аса бір мақтаныш ететінім, ауған соғысына қатысқан қазақ жігіттері өз халқының атына қылаудай кір келтірген жоқ. Бұғып қалған жоқ, жаудан қорқып қашқан жоқ. Ерлікпен шайқасып, ерлерше жан тапсырды… Өлі-тірі деп бөле-жармай-ақ, солардың біразының атын атап кетуді дәл қазір өзіме парыз санап отырмын: Марат Төребековтен бастап біраз майдангер қаруластардың қай-қайсысы да ерлікпен соғысты. Сынаптай сырғыған жоқ. Сабындай бұзылған жоқ. Орнықты, байсалды, өз орындарын білетін азаматтар болды. Марат Төребеков еш уақытта аспайтын. Саспайтын. Өте сабырлы еді. Сабырлылық — соғыс кезінде аса керекті қасиет. Асығам деп жүріп, сасқалақтап, ажалынан бұрын өлгендер де болды.
Ал, Марат өзін әманда бірқалыпты ұстайтын. Осы орнықтылығынан шығар, лақ-тырған гранатасы да межеге дәл тиетін. Атқан оғы да далаға босқа кетпейтін-,делінген кітапта. Туған жердің мақтанышына айналған тау тұлға 2008 жылдың 25 — қаңтарында ауыр науқастан қайтыс болады. Артында үш ұлы мен бір қызы қалады. Бүгінде батыр ағамыздың құрметіне Түгіскен орта мектебінде арнайы ескерткіш тақта орнатылған. Өскелең ұрпақ батыр ағаның ерлігін әркез мақтаныш қылып айтып жүреді.
Ел үшін туған ердің жарқын бейнесі көз алдымызда сақталады. Ерлігімен танылған өр тұлғаның рухы мәңгілік сөнбейді.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»