САЙЛАУШЫЛАР ТІЗІМІН ӨЗЕКТЕНДІРУ БОЙЫНША ЖИЫН
Апта басында аудан әкімдігінің мәжіліс
залында аудан әкімі аппаратының басшысы Қ. Рысдәулеттің төрағалығымен сайлаушылар тізімін өзектендіру бойынша жиын өткізді.
Жиынға қала, ауылдық округ әкімдері қатысты. Басқосуда аудан әкімі аппаратының басшысы Қ. Рысдәулет:
-Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарына сәйкес «Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» Сарысу аудандық мәслихаты сессиясының (2023 жылғы 27 желтоқсандағы №16-2) шешімімен аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары қалыптастырылды. Қалыптасқан сайлау комиссияларымен тығыз байланыс орнатып, алдағы сайлау науқандары кезінде жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылатын шараларды (СУ жабдықтау) тиісті деңгейде жүргізулеріңіз қажет. Бұл жұмыстар әр жартыжылдықта тұрақты жүргізіліп келеді.
Осыған байланысты келесідей шараларды атқару қажет. Қала және ауылдық округ әкімдері жеке куәліктерінің мерзімі өткен, басқа аудандарға, облыстарға қоныс аударған және тұрақты тіркеуден шығарылған азаматтарды анықтап, сайлаушылар тізімін нақтылаңыздар. Сонымен қатар қала және ауылдық округтерде қайтыс болған, алайда қайтыс болғаны туралы АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесінде тіркелмеген азаматтарды анықтап-салыстырып, тізімін аппаратқа ұсыну қажет. Учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отырып, жеке куәліктерінің мерзімі өткен азаматтардың үйлерін аралап, құжаттарын ауыстыру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етіңіздер. Жасы 18-ге жаңадан толған азаматтарды анықтап, сайлаушылар тізіміне қосуды ұйымдастырыңыздар. Бұл бағытта да тізімін жасақтап аппартқа ұсыну қажет,-деп сайлаушылар тізімін салыстырып-тексеру нәтижесінде анықталған қателіктер мен айырмашылықтарды жою жұмыстарын жедел түрде жүргізу қажет. Бұл бағытта жауапты мамандар аудан әкімінің аппаратымен тұрақты байланыста болулары қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, «Қазақстан Республика-сындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабының 5-тармағына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді салыстырып, тексеру жүргізу жоспарланған.
Бұл жұмыстар әр жартыжылдықта тұрақты жүргізіліп келеді.
Сәулет Есқараев, «Sarysý»
Дара тұлға-Қонаев
Әр дәуірге лайықты кемеңгер адамдар өмір сүреді. Ал қазақ халқының тарихында болмысы бөлек, мінезінің байлығымен, терең білім, ақыл-парасатымен дараланған тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туылғанына 112 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Атап айтсақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Коворкинг» орталығында «Алатаудай қабырғалы ұлығым» атты тарихи — танымдық кеш өткізілді. Шара барысында даңқты тұлғаның өмірі мен шығармашылығы және бойындағы ерекше дарыны туралы кітапхана қызметкерлері А.Жанжолова және Р.Қадырбекова тоқталып өтсе, мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқыды. Кеште кітапхана қызметкерлері «Атамекен» әнін хормен орындады.
***
Сонымен қатар, Бүркітті қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ұрпағы ұлықтаған Ұлы тұлға» атты портреттік кеш өтті. Шарада Бүркітті қалалық кітапхана қызметкері Тұрсынбай Әсем көрнекті тұлға туралы дайындаған мәліметтерге шолу жасап таныстырды. Сондай ақ іс-шараға Абай атындағы орта мектебінің оқушылары қатысып, Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен шығармашылығынан дайындаған түрлі сұрақтарға белсенді жауап берді және тұрақты оқырман Елубаева Диана «Димаш ата рухына» атты арнауын жатқа айтты.Кеш соңында»Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр» атты арнайы әзірленген кітап көрмесімен кітапхана қызметкері Г. Қошаева таныстырды.
***
Сондай-ақ, Саудакент ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен №11 Сарысу колледжінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған «Дана тұлға, дара тұлға – Қонаев» атты портретті кеш болып өтті. Кітапхана қызметкері Ишанбекова Аяулым Д.Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына түсінік беріп өтті. №11 Сарысу колледжінің білімгері Төлеубай Ибраһим Д.Қонаевтың еңбек жолындағы жетістіктері туралы және де қызметте өте адалдығы, қарапайымдылығы сонымен қатар аса білікті де білімді маман болғанын айта отырып, жетістіктері мен шығармашылығы туралы бөлісті. Қантай Аружан марапаттары туралы айтып берді. Саду Аружан Д.Қонаев тұсындағы қол жеткізген жетістіктерін оқырмандармен бөлісті. Кітапханашы С.Жөгібаева қайраткердің шығармаларына тоқталып, тарихтан сыр шертті. Д.Қонаевқа арналған әрбір еңбек үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, асыл бұйымына айналып отыратынын айтып өтті.
Кеш соңында кітапхана қызметкері С.Жөгібаева «Рухы биік тұлға» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, шоқтығы биік Д.Қонаевтың өмірі мен қызметі туралы жазылған «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата Өңірі», «Көсем» атты кітабына тоқталып өтті. №11 Сарысу колледжінің оқытушысы Бөкенбаев Ерболат еліміздің біртуар азаматы туралы танымдық еңбектерімен бөлісті.
«Sarysý-Aqparat»