ЕКПЕ ИММУНИТЕТТІ КҮШЕЙТЕДІ

0

Жалпы егу, вакцинация дегенiмiз — ол адам организмiне вакцина немесе арнайы тәсiлмен дайындалған антигендiк қасиетi бар заттарды енгiзу (иммунизациялау) арқылы белгiлi бiр жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшiн қолданылатын әдiс болып табылады.

Вакцинациялау тегiн медициналық көмектiң кепiл­дi көлемiне (ТМККК) енгiзiлген. Бұл ретте кепiлдi сапасы бар, зертханалық тексеруден өткiзiлген және Қазақстан Рес­публикасында тiркелген. Вакцинациялаудың негізгі мақсаты — адам ағзасында иммунитет пайда болуы арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұруы  және  соның арқасында ауруға шалдығу мен өлім-жітім санын азайту. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбір ата-анада, жалпы қоғамда толық түсінік болуы өте қажет. Осы жұқпалы аурулардың арнайы алдын алу шараларының бірі және бірегейі иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбір азамат білуі тиіс. Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың конституциялық құқығы болғанымен, мұның соңы өкіндіретін жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Себебі, екпе алмаған адамның жұқпалы дертке шалдығу қаупі бар.

Бала дүниеге келген сәттен бастап, мектеп кезеңіне дейінгі аралықта түрлі инфекциялар мен жұқпалы ауруларға қарсы тұратын түрлі екпелер салынатыны баршамызға мәлім. Иммунитетті дұрыс қалыптастыра білу үшін дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, мамандардың ақылына құлақ асу қажет. Бүгінде әлеуметтік желілерде екпеге байланысты алуан түрлі ақпараттар таралып, екпеге қарсы әрекеттер жасалып жатыр. Жалған мәліметтердің кесірінен тұрғындар балаларды екпеден ала қашуға тырысады. Шындығында, мәселе екпеде емес, өзімізде екенін кеш ұғып жатамыз. Осы орайда, біз аудандық орталық аурухананың бас дәрігердің емдеу ісі жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұргүл Жанбаеваны әңгімеге тартқан едік: — Балаларға екпе салдыру, — деді ол, — иммунитеттің дұрыс қалыптасуы мен түрлі вирустық аурулардың алдын алуға кепілдік болатын бірден — бір шара. Екпеге егілген балалардың денсаулығы вирустарға қарсы қорғаныста болып төзгіштік қабілетке ие болады. Біз тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Алайда, ата -аналар тарапынан екпеге деген немқұрайлықты байқаймыз. Олардың пікірінше, егер екпе салса, онда балалары әлсіз, ауру жұқтырғыш болады деп ойлайды. Бұл әсте дұрыс пікір емес. Керісінше екпе қабылдамаған баланың ауруға бейімделгіш келетінін айтқым келеді. Мен де анамын. Мен де өз баламның жарқын болашағы үшін екпе салдырамын. Бұл ата — ананың баласына деген қамқорлығы деп білемін. Екпе қабылдауға құлық танытпаудың себебінен 2023 жылы жоспар бойынша қызылша ауруына қарсы 3577 баланың 2275 -іне екпе егілген. Екпе салдыру баланың денсаулығын сақтаудың басты кепілі болып табылатынын түсіну қажет, — деді. Сондықтан балаларымыздың дені сау болуы үшін екпені салдыруда белсенді болайық, құрметті ата-ана!

Самат Тоқбанов, «Sarysý»

Төлемді онлайн қабылдаудан бас тартпау қажет

Елімізде салық жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты ел біраз әбігерге түсіп, ақшаны қолма — қол алып жүр. Қағаз ақшаның қадірі артып, тиындардың сыңғыры естіліп, дүкендер де төлемді тек қолма-қол алуға көшті.

Бұрын онлайн төлем жасауды тиімді көрген тұрғындар енді терминалдарды жағалап жүр. Әсіресе ақпараттардың дұрыс жеткізілмегендігінің себебінен осындай кедергілер туындап жатыр. Расында төлемді онлайн жасаудың тиімді тұстары көп. Осыған орай, жуырда қалалық әкімшілік ғимаратының мәжіліс залында аудандық кірістер басқармасының  бөлім басшысы Тырнақбаева Балым және бас маман  Асанова Шолпан Жаңатас қаласының жеке кәсіпкерлерімен «Салық жүйесіндегі өзгерістер» туралы кездесу жиынын өткізді.

Жиын барысында кәсіпкерлерге тұтынушылардың құқығын жоғары қоюды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 195-бабы дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмауы:

  1. Қазақстан Республикасының аумағында сауда қызметін жүзеге асыру (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) кезiнде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға мiндеттi дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болмауы ескерту жасауға әкеп соғады. 2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет-шағын кәсіпкерлік субъектілеріне-қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-алпыс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескертті.

Байқағанымыздай төлемді онлайн жасауға болады. Бұл тұтынушы мен кәсіпкердің арасындағы сауданы бұзбайды. Сондықтан онлайн төлемнен бас тартпау қажет.  Сонымен қатар, кейбір ауылдық округтердегі дүкендерде де онлайн төлемнен бас тартып жатады. Соған байланысты ауылдық округтерде дүкендердің иелеріне құлаққағыс ретінде қабылдағаны жөн.

Ұ.Сәлімова,  

қала әкімі аппараты коммуналдық бөлімінің бас маманы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.