Республика күнімен

0

Елім менің еңселі ордам-асылым,

Жалғастырып тұрған тарих ғасырын.

Қалайша мен сырымды айтам жасырын,

Шіркін, шіркін мына жүректің тасуын.

 

Республикам-жан-дүниемнің көрігі,

Ақыл мен ой көңілімнің серігі.

Болашаққа жетелеген сенімі,

Баға жетпес байлығымның бөлігі.

 

Елім менің тек жауһардан жасалған,

Ұлт болмаса бәрі жалған бос арман.

Тіршілікте жасай берсін қашан да,

Үлкен арман балбал тасқа қашалған.

Бар бағыма іңкәрлікпен қараймын,

Дара елімді бақытыма балаймын.

Жарқын шаққа жетелеген болашақ,

Мен өзімді бақытты деп санаймын.

 

Жыр жазамын тәуелсіздік үнімен,

Шарықтаймын қызыл шебер тіліммен.

Бостандықты ту ететін елімді,

Құттықтаймын Республика күнімен!

Шынар Акимбекова,

Жаңатас көпсалалы

колледжі 04-21

тобының 3-курс

студенті

Туєан жер

Жаңбыр үнін,

Жаңғырығын,

Көк тәңірі сыйлаған.

 

Тұнығындай,

Ғұмырындай,

Бар тірлікті жинаған.

 

Таза ауа,

Емге дауа,

Бәрі жерден жаралған.

Адамзаттың,

Бар баласы,

Туған жерден нәр алған.

 

Сондықтан да,

Ұлы адамзат-

Туған жерін сүйеді.

 

Жапырағың,

Топырағың,

Киелі ғой, киелі.

 

Әлемдерді,

Әуендерді,

Күй кешеді тыңдап ел.

 

Алғысым көп,

«Армысың» деп-

Сәлем бердім туған жер!

 

Азиза ЛЕСБЕКҚЫЗЫ,

М.Әуезов атындағы

мектеп-гимназиясының

8-а сынып оқушысы

Кен ордасы-Сарысу

Қойнауынан қор көзі таусылмаған,

Сындарлы сәт, сәттілік қарсы ал әмән.

Сарысу-қазыналы кен ордасы,

Жазира байтақ жерім, дархан далам.

 

Сайыңда сара болған дара тасың,

Жаһанды бір өзің қаратасың.

Жаса тек, жасай берші туған өлке,

Қастерлі, қасиетті Жаңатасым.

 

Құйылып жүрекке жыр тербесін кеп,

Көңілдерді қуаныш кернесін тек.

Арта берсін жерімнің мәртебесі,

Ауданымның даңқы бір  өрлесін деп.

Арманы асқақ бағы бір жанған елім,

Басына бақ, қасына құт қонған елім,

Айшықты мерейтойың құтты болсын!

Сарысу — күн айбарлы ордам менің.

Тәуелсіздік рухына тәуелдіміз

Өткеріп сын соқпақтың талай жүгін,

Бейбітшілік шарлайды арай көгін.

Қол жеткізген бостандық биігінде,

Төңірекке маңғаздана қарайды елім.

 

Жылдар… жылдар ұштасып сан ұғыммен,

Тәуелсіздік санамда жаңғырып ең.

Бостандық бүгінде сен үйлесесің,

Елімнің тарихының тамырымен.

 

Заманның көш ілесіп заңғарына,

Бабамның қол жеткізген арманына.

Осы шақ бәріміз де куәгерміз,

Ерліктің салиқалы жолдарына.

«Дербес ел» боп мойындаттық бар елді біз,

Шарықтайды биікте әуеніміз.

Ұғындырған ұлы ұғым тәу ететін,

Тәуелсіздік рухына тәуелдіміз.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Мәѕгі жаса ќыран елім!

Баршаңызды  аудан ардагерлері атынан Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, әрбіріміздің туған өлкемізге деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен адал еңбегіміздің нәтижелі нышаны деп білемін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт ұясы Ұлытау жерінде өткен құрылтайда: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Қазанның 25 күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз қажет» деп Рес-публика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президентіміздің бұл саяси шешімі егемендікке арқау болған декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың салмағын еселеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсті.

Тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азаматтың отаншыл рухын оятып, сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Еліміздің кемелдену жолында бірлікті ту етіп, адал еңбектің құндылығын биік қоятын  аудан жұртшылығы ұлық мерекенің ұлағатын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау тізгінін жалғастырады деп сенемін.

Ж.Жұмаділдаев,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Отанымыз гїлдене берсін!

Алты алаштың баласы орын тепкен қасиетті мекен Қазақстаным — бірлігі жарасқан берекелі ел ғой. Құшағына талай ұлт пен ұлысты басқан тарихы терең мемлекетіміздің дербестігі оның біртұтастығында. Мемлекеттігімізді айқындайтын Республика тойланып келеді. 25 қазан-Республика күні ретінде қайта бекітіліп, президент тиісті заңға қол қойды. мемлекет басшысы Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», — деді Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында. Президент 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғанын еске салды. «Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», -деді мемлекет басшысы. Осылайша ұлттық мерекенің құндылығын сақтап, болашаққа анық бағдар жасаймыз. Ендеше қазығы мығым еліміздің айшықты мерекесі құтты болсын!

Тәуелсіздігіміз айбынды болып, елдігіміз жасай берсін!

Ілияс Домалақов,

Жаңатас қаласының әкімі

Ќастерлі мереке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміздің ұлттық мерекесі қайта тойлануда. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың

алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше.

Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға қолдау білдірді.

Бұл күн Қазақстан Республикасының негізі қаланған тарихи сәт ретінде де өте қастерлі. Ұлттық мерекеміздің мән-мағынасын жас ұрпаққа түсіндіру, патриотизмді күшейтіп, ел бірлігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматына артылған қасиетті борыш.

Мемлекет басшысының «Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде  Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес. Сондықтан, маған  елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ», — деген сөзі әрқайсымыздың жадымызда.

Асылжан Орынбасарова,

 әскери самбодан Әлем чемпионы

«25 қазан — Республика күні» мерекесіне орай өтетін іс-шаралардың  БАҒДАРЛАМАСЫ

21 қазан

Сағат 10.00. Жайылма ауылы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт кешені, 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында «Қазақ күресінен» Бөрібек Тоғызақбаевты еске алуға арналған ІХ республикалық турнирдың салтанатты ашылуы;

Сағат 12.00. Жаңатас спорт кешені, Жаңатас қаласының тұрғыны болған Жандос Тілеуқабыловты еске алуға арналған ересектер арасында футзалдан дәстүрлі облыстық ашық турнирдың салтанатты ашылуы.

22 қазан

Сағат 10.00. Спорт кешенінде қол күресінен 2006-2013 жылы туылған ұлдар және қыздар арасында Жаңатас қаласы әкімінің жүлдесі үшін аудан біріншілігі өтеді.

24 қазан

Сағат 10.00 – 17.00. «Коворкинг» орталығы мен барлық кітапханаларда «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем» тақырыбында тақырыптық кештер;

Сағат 16.00. Жаңатас қаласы, аудандық мәдениет үйінде «Республика күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын және «Менің Қазақстаным!» мерекелік концерті.

25 қазан

Сағат 11.00. Жаңатас қаласы «Еңбек ерлері» аллеясында «Қыран елім – Қазақстан!» акциясы аясында мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімі;

Сағат 11.05. Жаңатас қаласының орталық алаңы, «Мен қазақпын!» аудан жастарының патриоттық композициясы;

Сағат 11.15. Жаңатас қаласының орталық алаңы, шабандоздардың «Атты шеруі» іс-шарасы (төлқұжаттан бастап, орталық алаңға дейін);

Сағат 11.20. Жаңатас қаласының орталық алаңы, мерекелік концерт;

Сағат 11.00. Өндіріс ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында (демеушілер есебінен жөндеуден өткен) үйді пайдалануға беру;

Сағат 11.00. Әшір Бүркітбаев ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында (демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өткен) үйді пайдалануға беру;

Сағат 11.30. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында (күрделі жөндеуден өткен) Өндіріс ауылдық клуб үйін пайдалануға беру.

Сағат 12.40. Досбол ауылдық округі, Шағалалы ауылына салтанатты түрде табиғи газды қосу шарасы.

  Сарысу ауданының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.