Ерекше форматта аталып өтті
Терең мазмұны мен маңызы жағынан жоғары деңгейдегі сан алуан, саяси, рухани тұрғыдан айрықша құнды ауқымды іс-шаралар көптеп өткізіліп жатқан тәуелсіз елімізде араға жылдар салып, Мемлекет басшысының Ұлытаудағы алғашқы құрылтайдағы ұсынысымен ұлттық мереке ретінде мәртебелі орнына қайта қонған Республика күнінің маңызы зор.
Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы зарыға күтіп, аңсаған арман-тілектеріне, азаттық пен бостандыққа, тәуелсіздікке деген ұмтылыстарына алғашқы жарқын жол ашқан мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған тарихи күн шынында да қастерлі де қасиетті болуға тиіс.
Осындай орны өзгеше биік құтты мерекеге бүкіл еліміздегі сияқты киелі ауданымызда да ерекше көңіл бөлінген сән-салтанатты жағдайда, жоғары деңгейде аталып өтті. Қастерлі мерекенің құрметіне орай әртүрлі тақырыптағы қызықты да мазмұнды өткен іс-шаралар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй, рухани азық сыйлады. Аудандық мәдениет сарайында өткен мерекелік салтанатты кешті солардың ішіндегі ең шоқтығы биік іс-шара болды десек қателеспейміз.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Аудан әкімі Сәкен Мамытов жиылған жұртшылықты қастерлі мерекемен құттықтады.
-Егемендік туралы Декларацияның қабылдануымен еліміздің егемендігін айғақтайтын жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, мемлекеттік рәміздері бекітіліп, халықаралық қатынастардағы дербестігі айқындалды. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық- саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Еліміздің осы уақыттан бері бағындырған шыңдары да, атқарған игі істері де жетерлік. Сарысу ауданының жұртшылығы да ел егемендігін баянды ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Аудан тынымсыз еңбектің, алдағы күнге деген сенімнің арқасында дамудың даңғыл жолына түсті. Аудан халқы бірлік пен таулықтың арқасында қиындықтың бәрін еңсерді. Қазіргі таңда аудан еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан, ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсібі өркендеген өңір. Осы жылдар ішінде ауданда халықтың жаңа әлеуметтік тобы-кәсіпкерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Биыл ауданымыз айтулы мерекені үлкен жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Республика күні мерекесі алдағы уақытта Тәуелсіздікті дәріптеп, ел егемендігін нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз,-деп мәңгілік ел мұраты болған Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілектестігін білдірді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір қатар азаматтар «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Жамбыл облысы әкімінің, Сарысу ауданы әкімінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен және «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев та бірқатар азаматтарға аудандық мәслихаттың және партияның аудандық филиалының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын тапсырды.
Мазмұнды өткен мерекелік салтанаттың соңы аудан өнерпаздарының қызықты, әсерлі концерттік бағдарламасына ұласты. Аталмыш мерекеде Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 1986 жылғы түлектерінің демеушілігімен мерекеге орай, эстрада жұлдыздары Жанболат пен Жазира әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық рухта ән айтса, «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымы мың бұрала билеп, салтанатты кештің көркін келтірді.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»