Аудан әкімі С.Мамытовтың күйші-қобызшы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан шебері Ықылас Дүкенұлының 180 жылдық мерейтойына арналған құттықтауы

0

Құрметті аудан қонақтары, сарысулықтар, өнер сүйер қауым!

Сіздерді даңқты қобызшы, қазақтың әйгілі композиторы, күйші Ықылас Дүкенұлының 180 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Сарысу жері ерлігімен, кеңдігімен, елдігімен, асыл  қасиеттерімен аңыз болып, тарихта аты тасқа басылды. Соның ішінде, ән-күйі, өнері, мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзіндік бір ерекшелігімен бүкіл елді мойындатып жүргені жасырын емес. Сарысу − бақ қонып, Қызыр дарыған жер. Осынау қазыналы, қасиетті өңірдің ән-күйі дегенде есімізге Ықылас Дүкенұлы түсетіні анық.

Елін-жерін жырына қосып, қыл ішекпен халқының арман-тілегін, қуанышын, мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін шебер жеткізе білген Ықылас Дүкенұлының өмірі де, өнері де уақыт өткен сайын аңызға айналып, жарық жұлдыздай жарқырай береді.

Қазақ өнерінің  арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктеткен Ықылас қобызды халықтың қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен күйінішін жырлайтын аспапқа айналдыра білді. Оның туындылары терең ойлы болып келеді. Ұлттың өмірін, ойларын, толғаныстарын музыкамен көрсете білген ұлы тұлғаның шығармалары бүгінгі жас ұрпақ үшін, жалпы өнер сүйер қауым үшін мәңгілік мұра.

Ықылас Дүкенұлының «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық әлеуметтік көріністері бейнеленіп, азаматтық тұлғасы, адамгершілік үні айқын аңғарылады.

Қобыз атасы Ықылас Дүкенұлы өмір сүрген Сарысу өңірі тума таланттардан кенде емес. Ақын Майкөт Сандыбайұлы, күйші Мәді Шаутиев, «Ла Скалада жайқалған жалғыз арша», көмейіне құмыр құс ұялаған Амангелдi Сембин, Еңбек Ері, композитор Илия Жақанов,  дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы, әнші Сәуле Жанпейісова, әнші Ардақ Исатаева, күйші-қобызшы Саян Ақмолда бабалардың киесi қонған киелі өнерді араға уақыт салып жандандырып келеді.

Соңғы жылдары облысымыздың әл-ауқаты артып, экономикасы алға басып, Әулие ата өңірінің өнері мен мәдениет саласында үлкен оң қадамдар жасалды. Ең бастысы ел мерейі арта түсті. Әулие ата жері таланттардың басын қосып, өнерліге есік аша білді.

Биыл Ықылас бабамыздың 180 жылдық мерейтойы аясында ауданда «Қобыз атасы–Ықылас» атты республикалық форум мен «Жезкиік» қобызшылар байқауы өтеді. Байқауға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жетісу, Жамбыл облыс-тарынан конкурсанттар қатысады.

Осы ретте Ықылас Дүкенұлы атындағы қобыз және қылқобыз орындаушылардың республикалық конкурсы да ұлылардың шығармасымен қатар осы өлкеде жазылған дүниелерді де ел алдына шығарып, талай таланттың тұсауын кесіп, болашағына жол ашып келе жатқанын айта кетуіміз қажет.

Сонымен бірге, белгілі өнертанушылар, қобызшылар мен журналистер бабамыздың тойын бірге атқаруға келеді деп күтілуде.

Сарысудың самалы да ән болып еседі. Бұл Сарысу жұртының өнерге деген құштарлығын, ынтық көңілін, ыстық ықыласын білдірсе керек. «Өнер іздеген ел өсер» деген, тәуелсіз елде бейбіт тіршілік кешіп жатқан сарысулықтардың әуеніне әуен қосып, күнін көңілді ете білген Сіздерге алғысымыз шексіз!

Баршаңызға бақ-береке, отбасы-ларыңызға амандық тілеймін. Қазақ өнері өрістей бергей!

Leave A Reply

Your email address will not be published.