Үзік сырлы әңгімелер
Бүгінде 75 жастан асқан Кәриев Марат ағамызды ел-жұрты тектінің тұяғы, асылдың сынығы деп бекер айтпайды. Олай деп құрмет көрсететіні
Марат ағамыздың асқар тау әкесі Болатбек Кәриев аса жауапты басшы қызметтер атқарып, аудан экономикасының өсіп- өркендеуіне елеулі үлес қосқан абзал азаматтардың бірі болған.
Саудакент ауылындағы ең ұзын көше де осы тұғырлы тұлғаның атында, ел игілігінде. Марат ағамыздың жалын атқан жас шағында жүрген жері береке, айтқан сөзі өнеге болған аудандық атқару комитетінің төрағасы Қ.Асановтың бірнеше жыл атқосшысы, мемлекеттік автокөлігінің шопыры болған екен.
Қамыс арасына тығылған иса
-Қырықбай ағаның арқасында,-дейді Марат ағамыз өз әңгімесінде,-талай жақсы мен жайсаңдардың жанында жүрдім. Ғибратқа толы сөздерін тыңдап, дәмдес-тұздас та болдым. Әсіресе Қырықбай ағамен қызмет бабымен жүрген әрбір күндерім мен түндерім қызықты өтуші еді. Енді өзім көзбен көріп, куә болған бірнеше әңгімелерді айтып берейін.
Сол тұста «Жаңатас» совхозының №2 фермасының шағын орталығы төменгі Шу бойындағы Қуаралда болды. Ферма меңгерушісі Иса Балахметов деген кісі еді. Мезгіл шөп орағы жүріп жатқан жазғы уақыт. Кемшіліксіз жұмыс бола ма? Қосалқы бөлшектердің жетіспеуінен шөп шабатын, тайлап буатын агрегаттар істен шығады. Осы тұста ұзынқұлақтан «Қырекең Шу бойындағы шабындық алқаптарын аралайды екен» деген әңгіме болады. Бұл сыбысты естіген «ферме» Исаның көңіл күйі бұзылады. «Құрып қалғыр екі бірдей агрегат қаусап жатыр. Қырекең көрсе мені аямас. Сөз естіп, таяқ жеп қалатыным айдан анық. Енді не істеу керек?» деп сары уайымға салына бас-тайды. «Бір ғана амал бар. Қырекең келгенде қалың нар қамыстың арасына тығылып қалайын. Жігіттерге ескертіп қоямын. Мені сұраса «запчасть» іздеп Жайлаукөлге кетті деңдер деймін».
Осы ойға тас түйін бекінген Иса Шу бойына Қырекеңнің келуін асыға күтіп жүреді. Көп күн өтпей «Қырекең Шу бойына келіпті» деген сөзді естіген Иса мая қарауылына ескерту жасайды. Шындықты айтады.
-Жағдай өзіңе белгілі. Қараң қалғыр «косилка» мен «пресс» агрегаттары қаусап жатыр. Қырекең келіп қалып, бұл жағдайды көрсе менің басыма әңгіртаяқ ойнатады. Қолың бос қой. Қысылғанда көмек бер. Жасаған жақсылығыңды ұмытпаспын. Күндіз мая үстіне шығып отыр. «Уаз» келе жатса маған шұғыл хабар жеткіз. Қамыс арасына тығылып қалайын. Сендерге сөйлемейді. Мені сұраса «запчасть» іздеп Жайлаукөлге кетті деп айта салыңдар. Сосын жөніне кетеді,-дейді.
Ел құлағы елу. Бұл әңгімені кейіннен естіп күлдік қой. Сонымен жолымыз түсіп Қырекең екеуміз ферма орталығына келдік. Бұзылған агрегаттарды жөндеп жатқан екі-үш жігіт сәлем берді. Қырекең оларға ренжіп сөз айтқан жоқ. Тек жөн сұрады.
-«Ферме» Исаларың қайда?-деді.
Үш жігіттің бірі жауап қатты.
-Ол кісі жаңа ғана «запчасть» іздеп Жайлаукөлге кетті.
Сонда сезімталдық қасиеті өте жоғары Қырекең дала қосының іргесіндегі ну қамысқа қарап тұрып:
-Әй, алаяқ қу Иса менің келетінімді естіп, біліп, жігіттерге өтірік айтқызып, нар қамыстың ішінде тығылып жатырсың-ау. Өрт қойсам ғой шыбын жаның үшін зыр жүгіріп шығар едің. Әттең мен олай ете алмаймын. Сендей шіріген бір жұмыртқа үшін қыстық мал азығын өртеу қолымнан келмейді. Марат жүр, кеттік,-деді.
Қырекеңнің сезімталдығын айтамын да. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады. «Ферме» Исаның жұмыс бабында жансауғалап нар қамыстың арасына тығылғанын да ел аузынан естідік.
Қолдан бұзылған тоған
-Қырекеңнің қызмет бөлмесінде көп боламын. Өйткені табан астында іздеп қалады. Жұмыс бабында «Тез барып кел» деп анда-мұнда жұмсайтын жерлері көп болады. Сол жылы көктем ерте шықты. Жыл құстары да ерте оралды. Сондай бір көктемнің шуақты күндерінің бірінде Қырекеңнің көңіл күйі болмады. Жұмыс күні аяқталып қалған шақта маған тапсырма жүктеді.
-Ішкі істер бөліміне бар. Замначальник, майор Мәтенов Аманды тез арада осында алып кел,-деді.
Майор ауатком төрағасының шақыртуынан хабардар болса керек. Тездетіп орнынан тұрды. Кабинетінің есігін асығыс кілттеп сыртқа шықты.
Қырекеңнің ашуы қайта қоймаған екен. Өзін мазалаған ойын ортаға салды.
-Бүгінгі түнде барымта жасаймыз. Малға емес, суға жасаймыз. Биыл мал жайылымдығы мен шабындық алқаптарына шөп шықпай қалатын түрі бар. Көрші Талас ауданындағы «Кеңес» совхозының басшылары пысық боп шықты. Айыр қалпақ қырғыз ағайындардан келетін тегін қызыл суды тоғандарын үлкейтіп байлап тастапты. Бұл әділдік емес. Оларға керек су мен мал бізге де керек. Мен бір шешімге бел байладым. Тепсе темір үзетін үш жігіт білектерін сыбанып, алақандарына түкіріп дайын отыр. Түнде барып тоғанды бұзамыз. Жолым түсіп екі-үш жыл бұрын бұл совхозға барғаным бар. Тоғандарын да көргенмін. Жаңылмай тауып барамын. Алдымен біздің үйден жақсылап тамақ ішіп аламыз,-деді.
Дегенмен заң саласының адамы емес пе?
-Бұл барымтамыз заңсыз болмай ма?-деп майор Аман күдік келтіре сөйледі.
Қырекең екі сөзділігі жоқ, айтқанынан қайтпайтын адам ғой.
-Қорыққанға қос көріне береді. Саған кір жуытпаймын. Жауапты өзім беремін,-деді.
Күн кештете Қырекеңнің үйінде суға барымта жасайтын жігіттер бас қостық. Күләнда тәтеміздің қолынан дәм таттық. «Уазға» тоған бұзуға қажетті құрал-саймандар түгелденіп салынған соң Қырекең бастаған замначальник, үш жұмысшы жігіт және мен жолға шықтық.
Тоғанға да жеттік. Толған ай сүттей жарық. Түн ортасында самал желмен суы толқып жатқан тоғанды бұзуды бас-тап жібердік. Не нәрсені болса да бұзу оңай. Қарапайым киінген Қырекең де қол қусырып қарап тұрмады. Қолына сүйір күрек алып әрекет етіп жатыр. Ауатком төрағасы түн қатып жұмыс істеп жатқан соң үстімде формам бар деп зам-начальник Аман қарап тұрсын ба? Ол да тоған бұзуға белсене кірісті.
Қырекең сақтық шараларына да ерекше көңіл бөлді.
-Абай болыңдар. Шіреп тұрған су лақ етіп аққанда біріңді қоса ала кетіп жүрмесін. Маған ең алдымен амандықтарың керек,-деп пысықтап қойды.
Әрекетімізден нәтиже шықты. Тоған бұзылды. Қырекең айтқандай шіреп тұрған су лақ етіп аға жөнелді. Осы кезде қалай хабардар болғанын білмейміз. Бір топ адам «Виллиспен» келіп-ақ қалғаны. Өзін совхоз директорымын деп таныстырған орта жастағы кісі:
-Сіздер кімдер боласыздар?-деді.
-Менің аты-жөнім Қырықбай Асанов. Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасымын,-деді Қырекең.
-Анау-мынау адам емес екенсіз. Сонда бұл қалай? Әй-шәйы жоқ, тоғанды бұзғандарыңызға жол болсын.
-Осылай етуге тура келді,-деді өзін сабырлы да салмақты ұстаған Қырекең,-Төскейде төліміз, төсекте басымыз қосылған ел едік. Есік алдындағы құдығыңнан шығарып жинап алған суың емес. Ел аман, жұрт тынышта қырғыз ағайынның тегін суын қызғанып, байлап, матап тастағандарыңа жол болсын. Алмағайып заман болғанда бір үзім нан мен бір қасық суды бөліп ішкен халықтың ұрпағы емес пе едік. Сөздің тоқетерін айтқанда сендерге керек су, жайылымдық, мал бізге де керек. Болар іс болды, бояуы сіңді. Құрғақ сөзбен езу жыртып, уақыттан ұтылмайық. Мен ешкімнен қорықпаймын. Қолмен жасағанды мойыныммен көтере аламын. Барам, жетем деген жеріңе жол ашық. Бәріміз де пендеміз. Басқа түскенді көре жатармыз. Мен бұл іске ел мен мал қамы үшін қол ұрдым. Біз кеттік. Сау болыңдар.
Ие, Қырекең осылай деді де ат үзеңгісіне аяқ салды. Ешкім де қол көтеріп, жаға жыртысқан жоқ. Түн қатып жүріп кеттік. Сол жылы қолдан бұзылған тоған суынан зиян шеккеніміз жоқ. Мал жайылымдығы мен шабындық алқаптарының шөбі бітік болды. Бәрі де Қырекеңнің іскерлігі мен батылдығы, көзсіз батырлығының арқасы еді.
Орынсыз өкпе
Марат аға әңгімесін жалғай түсті.
-Көсегенің көк жонындағы егінге орақ түсіруге дайындық жүріп жатқан шақ еді. Қырекең маған айтты.
-Жонға барамыз. Егінді көреміз. Пісіп, жетілсе орақ түсіреміз. «Байқадам» совхозының директоры Жұмабеков Жүніс ағаңды осында алып кел. Жеке өзі келсін. Мына тұрған жерге екі көлікті әуре етудің қажеті жоқ. Біздің «Уазбен» барамыз деп ескерте саларсың.
Жүніс ағамды алып келдім. Ол кісі артқы орындыққа жайғасты. Жонға жол тарттық. Жол қысқарсын дегендері шығар. Екі ағам аудан тірлігіне қатысты әңгімелерді тілге тиек етіп отырды. Жаңатас қаласынан асып, тау жолына түскенімізде Жүніс ағам әңгіме «темасын» күрт өзгертті.
-Айтпасқа болмады, Қыреке. Мен сізге өкпелеп жүрмін,-деді.
-Өкпең болса айт. Ішке сақтама, шеріңді тарқат,-деді елең еткен Қырекең.
-Ішімде сақтай алар емеспін. Ел құлағы елу. Ұзынқұлақтан естіп жатырмыз. Сіз мені сыртымнын «Көтерем директор» дейтін көрінесіз. Сол сөз аңыз ба, әлде ақиқат па? Ақ-қарасын, рас-өтірігін өз аузыңыздан естісем бе деп ниет еткеніме де біраз уақыт болды. Рас болса өкпем қара қазанның түп күйесіндей деп есептей беріңіз.
-Өкпең орынсыз болды,-деді Қырекең ойланбай жауап қатып,-Мен ешқашан екі сөйлеген емеспін. Бетіңе де айтайын. Шындығында сен көтерем директорсың. Олай дейтінім, бір совхозды басқарып отырсың. Шаруашылықтың төрт түлік малы, шұбат, қымыз, айран-сүті, көкөнісі ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда. Осыншама байлық қолыңда тұрып неге оңалмайсың, қалайша семірмейсің? Аш қасқырдай бұраласың да жүресің. Енді өзің айтшы. Көтерем директор демегенде не дейін?
Жүніс ағам үнсіз қалған соң Қырекең де қайтып сөзге келмеді. «Байқадам» совхозының қызыл қырманы болатын жерге де жеттік.
Темірлан ӘБІЛДАЕВ,
ардагер журналист
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)