Жастар саясаты тиімді жүзеге асуы тиіс
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру еліміздегі маңызды рөл атқаратын ауқымды жұмыстардың бірі. Қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың бойында әрқашан жаңашылдық пен тың ойлар жатады.
Осы орайда, жастар арасындағы мәселелер мен атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, алдағы жоспарларды талқылау мақсатында үстіміздегі жылдың 4 тамызында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмахановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы жас-тар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынға мекеме, бөлім басшылары, кеңес мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша «Сарысу ауданында жастар саясатының іске асырылу барысы туралы» аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры А.Пазылбек баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Жаңатас қаласында жастар саясатының іске асыру барысы туралы» Жаңатас қаласының әкімі Д.Борсықов есеп беріп, қаладағы жастардың хал-ахуалын айтты.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «Аудан жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстары туралы» аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры А. Ниязов хабарлама жасап, жастардың спортпен шұғылдануы жағдайы, спорт саласындағы жетістіктері туралы айтып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға байланысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты жыл басынан бері атқарылған жұмыстар талқыланды.
Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға байланысты кеңес мүшелеріне, жастар саясатын іске асыруда жан- жақты қолдау көрсету керектігін жеткізіп, жиынды қорытындылады.
100 пайыз грант иеленді
Оқу жылы аяқталып, түлектер дәстүрлі ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады, жоғарғы оқу орындарына түсуге алғашқы қадамдарын жасап, бақтарын сынайды. Әр оқушының арманы ата -ана үмітін ақтап, өзінің таңдаған мамандығына ақысыз оқуға түсу. Ол бір оқушыда орындалады, ал бір оқушыға арман болып қалады.
Жақында Ақтоғай орта мектебінің биылғы жылы мектеп бітіруші түлектері 100 пайыз грантқа қол жеткізді. Ауданның білім саласының дамуында айшықты орын алатын бұл жаңалық қуанышқа бөледі. Айта кетейік, биыл Ақтоғай орта мектебін 8 оқушы аяқтаса, оның ішінде 3 түлегі «Алтын белгіге» ие болып, үздіктердің қатарынан көрінді.
Аталмыш мектеп бітіруші түлектердің 100 пайызы қатысқан ҰБТ қорытындысы орташа 95 баллды құрады.
Алар асу мен бағындырар белесі көп аядай ғана ауылдың дарынды жас-тары өздеріне берілген мақсаттарды орындап, ата — аналары мен мұғалімдерінің мәртебесін асырды. Бұл ретте ұстаздардың қажырлы еңбегін де айта кету керек. Ақ айдында қанат самғаған жас түлектердің болашағы баянды, келешегі жарқын болсын деген тілек білдіргіміз келеді. Ұлы сапарда сәттілік серік болсын жас түлек!
Самат Тоқбанов, «Sarysý»