Елу жылда ел жаңа
Еліміз Тәуелсіздік алып, болашаққа бет түзеген шақта тоқырау мен түрлі сынақтарды
бастан кешірді. . Құлазыған көңілде алдағы күн бұлыңғыр болып көрінсе де үміттің жылт еткен сәулесі бұқара халықтың көкейінен сөнбеді.
Сол кезде салтанат сарайлары мен зәулім ғимараттарды көтеріп, еліміздің даңқын әлемдік деңгейде асқақтату бас-ты мақсат болды. Себебі бұл елдің статусын көтеріп, айбынын танытатын қадам еді. 1997 жылы еңселі Елордамыз Астанаға көшірілген сәттен бастап, тарихи оқиғалар болды. Жаңа ғасырдың басында Астананың символына айналған «Бәйтеректей» алып монумент салынды. Міне, құрылыс саласының алғашқы іргесі осылай қаланып еді. Жаңа жылнама жаңа леппен басталған сәтте көптеген құрылыс нысандары тұрғызыла бастады. Осының бәрінде құрылыс саласының мамандары бел жазбай еңбек етті.
Жалпы құрылыс саласы — еліміздің инфрақұрылымының негізгі ірі саласы болып табылады. Жаңа технологиялар негізінде заманға сай күрделі әрі ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Ауданымыздың орталығына айналған жасыл қала — Жаңатасымыз қыр гүліндей жайнап келеді. Қиын-қыстаудың салқыны тиіп саябырсып қалған тірлік бүгінде қайта жанданып жатыр. Қаламыздың сүреңсіз тартқан көпқабатты тұрғын үйлері қайта жаңғыртудан өтіп, көптеген кәсіпкерлік нысандары мен мемориалды кешендер бойын түзеп келеді. Бұл туралы аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Аукенов былай деп баяндайды:»-Аудан аумағында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысы, оларда орын алып отырған өзекті мәселелер туралы жұмыстарға тоқталсам, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне құрылыс жұмыстарының көлемі 5107,7 млн. теңгені құрады, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 181,8 пайызды құрады.
Ауданымызда ірі екі инвестициялық жобада құрылыс жұмыстары жүргізілуде, олар:
Біріншісі-жел электр станциясы. Тапсырыс беруші: Шоқпар жел электр станциясы ЖШС, бас мердігер: «GCD Partners» ЖШС.
Бүгінгі күнге 22 жел электр құрылғыларының 11 құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар әуе және кабелдік электр желілерінің, қуаты 100 МВт қосалқы станциясының және әкімшілік тұрмыстық кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Екіншісі-минералды тыңайтқыш зауыты Тапсырыс беруші: «ЕвроХим -Қаратау» ЖШС, бас мердігер: » CNCEC» компаниясы.
Бүгінгі күнге зауыттың жерге орналастыру жұмыстары, негізін қалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жұмысшылардың тұратын ғимараттарының құрылысы аяқталып, бетон дайындау қондырғысы орнатылды. Сарысу ауданында ағымдағы жылы мемлекет қаражат есебінен барлығы 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығы Жаңатас қаласының бас жоспар жобасы және 5А шағын аудан және жаңа Бүркітті алқабына егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын және көше-жол торабы мен көлік сұлбасы (қызыл сызық) қолданыстағы көшелермен сәйкестендіріп, Жаңатас қаласының бас жоспары әзірленуде. Жыл басынан Жаңатас қаласында жеке кәсіпкерлердің бастамасымен 1 Салтанат сарайының құрылысы аяқталып, 2 ірі сауда орталықтарының құрылысы басталды, атап айтатын болсақ: Әулие-Ата көшесі бойындағы және Мұқанов көшесі бойындағы кәсіпкерлік нысандар,-деді.
Байқасақ ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар шаш етектен. Бас-тысы жұмыстың сапалы орындалуы. Себебі сапасыз салынған құрылыс соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Жыл басында Түркия мен Сирияда орын алған зілзала кезінде сапасыз салынған үйлер қирандыға айналған болатын. Апат айтып келмейді. Сол жағдай бізге де сабақ болуы тиіс. Сондықтан бас-ты назар-сапалы жұмыста болуы керек. Қыруар жұмыстың басы — қасында жүрген бөлім басшысы Қайрат Аукенов өз кезегінде құрылысшылар күніне орай барша сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Құрылыс саласында айтулы еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Олар жеке кәсіпкерлер Д.Жанбаев, Ф.Шайымқұлов, Ғ.Рыспанов, ауданның құрылыс саласында тер төгіп елеулі еңбек еткен азаматтар Т.Есболов құрылыс саласының майталманы болған маманның жұмысы қашан да қауырт. Қызметті қалтқысыз атқарған мамандармен аудан да бой түзейді. Еңбек ардагерлері Ж.Жұмаділдаев, Е.Усеев құрылыс саласына үлесін қосқан білікті азаматтар. Келешекке нық сеніммен қарайды.
Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылысшы — адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық.
Құрылысшыларымыздың арқасында елімізде құрылыс жанданып, халық жаңа стандарттар мен заманауи дизайнға бой үйретуде. Қаламыздың ажарын ашатын, айбарын асқақтататын келісті келбетінің көркеюіне қосқан үлестері көз сүйсінтерлік. Елімізде жыл сайын көркейіп, биік-биік үйлер, ғимараттар жыл өткен сайын бой түзеп келеді. Бұл үйлер де, бiлiм нысандарын да, пайдалануға берiлген барлық нысандарда — бәрi-бәрiнде құрылысшылардың еңбегі жатыр. Сондықтан құрылысшы еңбегi қашан да құрметке лайық!
Маңыздылығы жағынан дәрігер мен мұғалім мамандықтарымен бір қатарда тұратын білікті құрылысшылар елімізде әлі күнге дейін тапшы болып отыр. Шыны керек, көпшілік бұл мамандық иелерін сәулетшілермен (архитектор) шатастырып жатады. Сондықтан бірінші осы екі мамандықтың аражігін ажыратып алайық. Сәулетші – құрылыс нысанының (тұрғын үй, көпір, өндіріс және тағы басқалары) сыртқы келбетін жасап шығатын адам. Сондай-ақ ол болашақ нысанға қандай құрылыс материалдары қажет екенін де анықтап береді. Ал инженер-құрылысшылар (немесе инженер-жобалаушы) сәулетші жасап берген модель бойынша құрылыстың жобасын сызып, оның толық есебін жасап шығарады. Яғни сәулетшінің ойын жүзеге асыратын осы — инженер-құрылысшылар. Айта кетуіміз керек, инженер-құрылысшы деген атау жалпылама түсінік. Өйткені бұл мамандықтың өзі бірнеше салаға бөлінеді. Мысалы тұрғын үйді тұрғызып шығу үшін бір ғана сәулетші мен инженер-құрылысшы жеткіліксіз. Тағы да қосымша мамандар қажет. Олар инженер-құрылысшы мамандығынан тарайтын түрлі маман иелері.
Қызығы мен шыжығы көп күрделі жұмыстың маңыздылығы да зор. Асқан жауапкершілік пен мықты талаптың арқасында құрылысшыларға деген сенім арта береді. Дархан даланы ару қалаға айналдыру да зәулім сарайларды салып, адамның жан-сарайын ашу да сала мамандарының жемісті жұмысы. Құрылыс саласына деген ықыласы ауған кез-келген жас өрен басты талаптарды сақтап, міндеттерді мүлтіксіз орындаса, алда жарқын болашақ күтіп тұр.
Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланыс-ты. Мемлекет басшысының қолдауымен тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді.
Кейінгі жылдары республика бойынша, оның ішінде біздің қаламызда да құрылыс қарқынды дамуда. Осы ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіруде. Құрылысшылар өмірге деген белсенді қөзқарастағы жандар болғандықтан, олардың кәсіпқойлығы мен шеберлігінің арқасында жаңа үйлер, мектеп, аурухана, жол салынып жатыр. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқын алып келеді. Дәл осы мамандық иелерінің арқасында өңіріміз көркейіп, жаңа зәулім үйлер мен биік ғимараттар бой көтерді.
Мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан сәулетті нысандар мен еңселі ғимараттар бар.
Ту биікпен таласқан зәулім сарайлардың кірпішін қалап, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген құрылыс саласының мамандарын нағыз еңбек адамы деп атауға болады. Өйткені, құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл – бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп. Міне, осынау кәсіп арқылы нәсібін тауып, жаңа салынған ғимараттарға қолтаңбасын қалдырған жандар аз емес.
Тамыздың екінші жексенбісі құрылысшылар күні болып бекітілді. Айшықты мейрам қарсаңында барлық сала мамандары мен ардагерлерін мерекемен құттықтай отырып, талмас қанат, қажымас қайрат тілейміз. Қаламыздың дамып, жаңаруындағы ерен еңбектеріңіз ел есінде. Еліміздің сәулеті мен дәулеті жарасып, әлемдік дәрежеде биіктерге самғай берсін. Алып ғимараттар мен айбынды сарайлар абыройымызды арттырып, ұлы мақсаттарға жетелей берсін. Тәуелсіз еліміз нұрланып, азия барысына айналуда айқын мақсаттарға қол жеткізгей. Құрылысшылармен бірге ауданымыз қанатын кеңге жайып, алға құлаш сермесін. Ауданның айбыны артып, сәулетіне сән қосып, саялы мекеннің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін құрылыс индустриясын дамытуда сала мамандарының зор үлесі бар.
с.тоқбанов,
«Sarysý»