Бейімдеу орталығы ашылмақ
Тәуелсіздік алғалы еліміз тоқырау кезеңді артқа қалдырып, жаңа дәуірге аяқ басып келеді. Көптеген пайдалы нысандар мен зейінді ашатын орталықтар бой көтеріп, ұлт мүддесі үшін қызмет етуде. Ауданымыз да жаңа лепке ілесіп, жаңару үстінде. тың ойлар мен тынымсыз жұмыстардың арқасында кеңге қанат жаюда.
Бүгінде мемлекеттің азаматтарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалары халықтың әл-ауқатын көтеруге өлшеусіз септігін тигізіп жатыр. Халықтың «осал» тобына жататын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа орталық өз жұмысын бастау алдында тұр. Бұл денсаулықтарында кінәрат болса да қоғамның назарынан тыс қалмайтын жандар үшін жағымды жаңалық. Мүмкіндігі шектеулі жандар, соның ішінде балалар қоғамның жылуына қол жеткізгісі келеді. Тағдырдың жазғанына мойымай алға ұмтылуды мақсат еткен жандарға енді орталық көмекші болады. Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Сарысу аудандық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жақында ауданымызда жаңадан ашылып, балалар үшін тамаша көңіл күй сыйлап, зейіндік сабақтар мен жаттығу жасатуға әзірлік үстінде.
Жылу іздеген жандарға арналған орталық Жамбыл облысы әкімінің 2021 жылдың 9 тамызындағы Қаулысымен құрылған болатын. Орталық бұрынғы Жаңатас көпсалалы колледжінің ғимаратынан ашылмақ. Ғимараттың ағымдағы жөндеу және көгалдандыру жұмыстарына, сонымен қатар негізгі құралдар мен шаруашылық тауарларын сатып алуға 2022-2023 жылдары облыстық бюджет қаражаты есебінен 87.7 млн. теңге жұмсалды. Жаңа орталықтың негізгі мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу, оларды қоғамдық шараларға тартып, білімдерін дамыту болып табылады. Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстары басталған нысан аяқталуға жақын. Бүгінде ішкі жұмыстар толық аяқталып, тек сыртқы балалар алаңшаларын салу, әрлеу мен сырлау жұмыстары ғана қалды. Алла сәтін салса тамыз айының ішінде ашылу салтанаты өткізіліп, лентасын қию жоспарлануда.
Лентасы қиылмаған орталықтың жай- күйімен танысып қайтқанда ішінде балаларды дамытуға арналған тренажерлік құрылғылар, мотомед, жүгіру жолы (беговая дорожка), құрғақ бассейн, әткеншектер мен велотренажерлік құрылғылар соңғы үлгіде орнатылғанын көрдік. Заманауи техникалармен жабдықталған орталықта жұмыс істеу кез-келген жанға шабыт сыйлайды. Орталықтың директоры Назира Шалбаева: — Балаларды оңалту және бейімдеуге арналған орталықтың атқа-ратын жұмыстары алуан. Орталықта 30 қызметкер жұмыс істейтін болады. Олар логопед, дефектолог, психолог, білім, медицина салаларының мамандары, массажист, тәрбиеші мен дене шынықтыру нұсқаушысы. Әр маманның жұмыс өтілі мен біліктілігі жоғары. Әр қызметкер өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарайды. Орталық 6 айда мүмкіндігі шектеулі 25 балаға қызмет көрсетеді. Сонда бір жылда 50 бала қамтылады. Балалардың жатын бөлмесімен қатар мұнда 3 мезгіл тегін тамақ беріледі. Орталықта үйіне барып — келуге кішігірім газель көлігі де қарастырылған. Мұнда әрбір бала міндетті әлеуметтік сараптама орталығының ұсынуымен қабылданады. Орталық толығымен заманауи техникалармен жабдықталған. Яғни мұнда келген әр бала шығармашылық қабілеттерін шыңдап, керемет әсер алады деген ойдамыз. Алдағы уақытта іс-шаралар жоспарына сәйкес түрлі мерекелік кештер мен әртүрлі форматтағы байқаулар тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады,-деді. Жаңадан ашылатын орталықтың жаңа қызметкері Ақмарал Смағұлова: — Жаңа жұмысымды жаңашылдыққа жетелеген орталықпен бас-тайтыныма қуаныштымын. Мен мұнда тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу расында күрделі жұмыс. Тағдырдың сынағына ұшыраса да, қиындыққа қарсы жүзе білген жандардың көңілдеріне сызат түсірмеу үшін әр іске жауапкершілікпен қарау маңызды. Мен бұны сеземін. Бұл жерде әр балаға көңіл бөлу керек. Сондықтан өз жұмысымды тиянақты атқаруға алдыма мақсат етіп қойдым. Сол мақсатқа ұмтылуда бар жігерімді саламын, — деді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлықпен қарап, сансыз сауапқа кенеліп жатқан жомарт жандар орталыққа тамшыдай болса да үлесін қосып жатыр. Мәселен, «ЕвроХим — Тыңайтқыш» ЖШС-гі арнайы Алматы қаласынан «Velomer» компаниясы арқылы тапсырыспен құны 780 мың теңге тұратын кресло, арбадағы баланы ғимараттың бірінші қабатынан екінші қабатына көтеріп, түсіретін баспалдаққа арналған көтергіш құралын сыйға тартса, атымтай жомарт жеке кәсіпкерлер Тоқтасын Блалиев пен Талғат Нахановтар екі кресло-арба сыйлады. Ал, ақтоғайлық Айдар Нұғманов тренажерлік жаттығу құралын әкелді. Осындайда адал іске салмағын қосып жүрген азаматтардың ауданымыздан шығып жатқанына қуанамыз.
Тарихы тамырлы, тарауы мың толғам қазыналы Сарысудың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында орталықтың жаңа тынысына сәттілік тілейміз. Жаңаруға қадамын нық басқан ауданымыздың дамуына сүбелі үлес қосатын орталықтың жұмысы жандана бергей.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»