Қызмет этикасы сақталуы тиіс
Көпшілікке «Акиматта жұмыс жасайтын кісі» деген атпен танылған мемлекеттік қызметкерлер қызметтің сан алуан түрін атқарып, елмен етене жақын болуда бар күшін салып жатыр. Расында әкімшілік қызметкер болу оңай шаруа емес. Себебі күрмеуі шешілмеген мәселелердің түйінін ақтаруда ақыл мен ойдан бөлек асқан жауапкершілік те қажет.
Қызметкер тек қана жұмыс уақытында ғана емес жұмыстан тыс уақытта да барлық ережелерді сақтауды жадынан шығармау керек. Осы орайда ауданда Әдеп жөніндегі кеңестің алар рөлі ерекше. Аптаның сейсенбі күні Жаңатас қалалық әкімі аппаратының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің 2023 жылғы 15 маусымдағы №03-11/38 шешімінде көрсетілген тапсырма аясында семинар-кеңес өткізілді. Шараға Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев, ауданның әдеп жөніндегі уәкілі Жұмат Сақыпбеков, бөлім және мекеме басшылары мен қызметкерлер қатысты. Кездесуді ауданның әдеп жөніндегі уәкілі Жұмат Жұмабекұлы жүргізді. Семинар-кеңесте Елдос Сайлауұлы, мемлекеттік қызметшілерге қызмет стилі мен әдебін сақтау жөнінде бірқатар кеңестер берді. Шара барысында мекеме, бөлім басшыларының жауапты салаларында жауапкершілікті сақтау қажеттігі, қызметтік көлікті тек жұмыс уақытында ғана пайдалану керектігі, қабылдауға келген әр тұрғынның мәселелерін шешуде біліктілік танытуды сондай — ақ жүмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметкер өз атына кір келтірмеуде әдеп нормаларын сақтау туралы әңгіме өрбіді. Семинарда аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Имашев басшыларға «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптарын түсіндіріп, қаржыны тек заң талаптарына сәйкес игеру керектігін айтты. Жиында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды. Жиынды қорытындылаған Жұмат Жұмабекұлы көтерілген мәселелердің өзекті екендігін айтып,тиісті жұмыстар жасалатынын жеткізді.