ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ХXVІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік – қазақстандық қоғамның жаңа моделінің іргетасы» атты ХXVІ сессиясы өтті.

Оған облыстың ҚХА хатшылығы мен аймақтық құрылымдар, этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар өкілдері қатысты.

Сессия «Достық үйі» фойесінде әзірленген этномәдени бірлестік өкілдерінің қолөнер бұйымдары көрмесінен басталды.

Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдерінен құрылған жастар театрының Халық Жазушысы Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» шығармасы желісі бойынша сахналаған үзінді қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.

Сессияны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жүргізіп отырды.

Алғашқы болып сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры, облыстық «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығының төрағасы, ҚХА мүшесі Мұхтар Байжұманов «Ұлттың мәдени кодын сақтаудағы қазақ мәдениетінің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол университет пен өндіріс, ғылым мен экономика саласында атқарылып жатқан және Ассамблея іргесінен ашылып жұмысын жаңа бастаған жастар қоғамдық бірлестігінің жұмысына да тоқталып өтті.

Сондай-ақ, сессияда тіл жанашыры, «Центр Кредит Банк» менеджері Виктория Хан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту арқылы бірлік пен өзара түсіністік құндылықтарды қалыптастыруға болатындығын айтты. Өзі қазақ тілін жетік меңгеріп алған ол жастарды мемлекеттік тілді үйренуге шақырды.

Ал «Ордабасы» командалық ойыны Қазақстандық федерациясының» президенті, ҚХА мүшесі Руслан Исмазов қазақ халқының спорт түрлері мен спорттағы жетістіктер туралы айтып, спорт халықтар достығын нығайта түсетінін жеткізді.

Облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұржан Нұржігітов қоғамдық келісім мен бірліктің маңыздылығына тоқталды.

— Қазақстандағы этносаралық жағдай тұрақтылықпен, бейбітшілікпен сипатталуы бұл әрине, бірінші кезекте ынтымақтың, ауызбіршілік пен мемлекеттің жүзеге асырып отырған саясатының арқасы екендігі даусыз. Ағымдағы жылы 28 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ассамблеяның ХХХІI (32) сессиясындағы мемлекет болашағы үшін жасалатын саяси шешімдер ел ішінде үлкен қолдауға ие болды. Президент мемлекетіміздегі ішкі саяси ахуалға әсер етуші қоғамдық келісім мен этностар арасындағы бейбітшіліктің, достықтың маңыздылығын халыққа кеңінен түсіндіру тетіктерін жетілдіре түсуді міндеттеді. Биылғы сессия-да мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі басымдықтарын айқындап берді. Еліміздің дамуы үшін алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Ол үшін сіздермен бірлесе біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сонда ғана біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін бере аламыз,- дей келе Нұржан Нұржігітов ҚХА-ның бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысына тоқталды.

Бұдан соң сессия шешімінің жобасы ұсынылып, қабылданды.

Сондай-ақ, облыстық ҚХА жұмысына атсалысып жүрген ассамблея мүшелері  «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды. Сессия соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.