ТӘРБИЕЛІКТІ ДӘРІПТЕГЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

0

Үлкенді құрмет тұтып, кішіге ізет білдіру бүгінгі жас-тар үшін талқыланбайтын тақырып, қайталанбайтын қағида. Үлкендердің ақылы келешек ұрпақ үшін  таусылмас азық.

Жуырда Еланасы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен аудандық мәдениет үйінде «Ұлттық идеологияның қайнар көзі» атты кездесу жиыны өтті. Шараны Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Ш. Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі»  КММ-сі директорының орынбасары, облыстық қоғамдық ата-аналар кеңесінің төрағасы Нұрақбаев Ринат Даниярұлы жүргізді.

Тәрбиелікке баулыған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мектеп басшылары, ұстаздар және жастар қатысты. Зор ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсеткен халқына тебірене сөйлеген Сәуле Мешітбайқызы ризашылығын білдіріп, салт-дәстүрді сақтап, тәрбиені бойға сіңіруде үлкендердің айтқан уәждеріне құлақ түріп, санасына сіңіру керектігін айтты. Ринат Даниярұлы руханият пен ұлттық құндылықтарды ардақтауда дұрыс тәрбиенің маңызды қадам екенін баса айтты.

Жастардың атынан сөз алған С.Тоқбанов болашақ өрендерді тәрбиелікке шақырды. Жиынға қатысушылар Сәуле Мешітбайқызына тақырыпқа байланысты көптеген сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов келген қонақтарға ұлттық құндылықтар туралы айтқан әсерлі әңгімелері үшін аудан тұрғындарының атынан алғыс білдірді.

Әр кездесуі терең мағынаға, кемел тәрбиелікке толы. Демек, алда әлі талай келелі кездесулер өтетіні анық.

СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Мемлекеттік қызмет көрсетуді сапалы жүзеге асыру — бүгінгі қоғамның басты талабы. Әкімдік сервистердің әлеуметтің әлеуетін бақылап, оларға жағдай жасауда аянып қалмау қажет. Мемлекеттік қызметтің басты құндылығы да сапалы қызмет.

Өткен аптада аудан әкімдігінде аудан әкімі аппаратының басшысы Ж. Сақыпбековтың төрағалығымен семинар – кеңес өтті. Жиынға аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты қызметкерлер, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, Жаңатас қаласы және ауылдық округ әкімдері жауапты мамандарымен қатысты. Семинар – кеңесте мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Жаңаталап ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қ.Мұхитдинов аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Тлеубаев және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің басшысы Ж.Құдайбергенов хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.

Самат ТОҚБАНОВ, «SARYSÝ»

Ерліктері ұмытылмайды

«Ешкім де,  ештеңе де  ұмытылмайды» деген қағиданы  ұстана отырып,  жас ұрпақты  тарихымызды тереңнен тануға баулу  мақсатында  «Ұрпақтар ұмытпайтын-Ұлы Жеңіс!» атты  іс-шара өткізілді.

Адамзатқа қайғы-қасірет әкелген қанқұйлы соғыста Отан үшін жанқиярлық  ерлік көрсетіп, Жеңіс туын желбіреткен батырларға ұрпақтары құрмет көрсетіп, майдан даласында шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етіп, 1 минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатпен сап түзеген мекеме, мектеп ұжымдары  «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, әкелер рухына тағзым етті. Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Аманов Қайрат Тілеубайұлы және Саудакент ардагерлер кеңесінің төрағасы  Төлмағанбетов Арқабай құттықтау сөз сөйледі.  Жиналған  қауым   Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебі мен   Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебі оқушыларының салтанатты сапта жүріп ән айтуын тамашалады. Ержүректілігі мен табандылығының арқасында ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғыс үлгісіндегі әндер айтылып, өлеңдер оқылды.  Саудакент ауылдық мәдениет үйінің әншілерінің орындауында «Катюша», «Темная ночь», «Кестелі орамал», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «День Победы» және басқа да әскери әндер орындалды.

«SARYSÝ-AQPARAT»

Адал еңбек иелерінен алғыс

Адал еңбек әрдайым адам өмірін қорғау мен сақтандырудан тұратыны мәлім. Әсіресе өндірістік сала, өндіріс ошағындағы еңбек жағдайы қауіпсіздікті сақтандыру мен қарапайым жұмысшылардың маңдай тер, табан ақы еңбектерін қорғаудан тұруы тиіс. Бұны дәл осы күні ескеріп, үлкен қолдау білдірген біздің басшылыққа

үлкен алғыс.

Қазфосфат басшыларының ұйымдастыруымен жұмысшылар мен балалар марапатталды. Балаларға арнап сурет салудан бәйге жарияланды. Бақтарын сынаған талапкер балалардың арасынан қылқаламның өнерімен оқ бойы озып шыққандарына қаржылай сыйлықтар табыс-талды.

Бұл күні жұмысшы қауым да, жұмысшылардың  балалары да жүлде мен марапаттарға кенелді. Бұл шара екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, тамаша көңіл күй, лебізді орта жасақтай білді. Бұдан да басқа спорттық шаралар тұрақты ұйымдастырылып, біздің ұжымның жұмысшылары арасында өткізіліп жүр. Тұрғын үй мәселесі шетінен шешімдерін тұрақтылықпен тауып келеді. Жалақы да өз деңгейінде кезеңімен өсті. Шипажайларға жолдамалардың саны артып, ұжымдастар арасында ем-сауықтыруға аттанған қарапайым қызметкерлер саны артты. Он үшінші айлық тұрақты жолға қойылды. Қазіргі басшылықтың қызметке келгеніне екі жыл. Дәл осы игілікті істер екі жылдың көлемінде атқарылды. Қаламыздың жұмыссыз жүрген біршама тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды.  Жақсының жақсылығы айтылуы керек. Игілікті істер өз кезеңімен, өз уақыты шеңберінде шетінен жасалып басталды. Бұл бастамасы деп санаймын. Әлі де қарапайым еңбек адамдарының қауіпсіз жұмыс атқарып, сапалы өмір сүруіне кәсіпорынның жасайтын жоспары болуы тиіс. Шетінен өз кезегімен орындала беретін дүниелер. Кәсіпорын аясында ұжым қызметкерлерін жан-жақты қолдау мақсатында жұмысы жүйелі жолға қойылып келе жатқан кәсіподақ екені сөзсіз. Осы жылдың айлардың сұлтанына баланатын қасиетті Рамазан күндерін де кәсіподақтың  атынан 290 көпбалалы жанұяға азық-түлік алуға 15000 теңге арнайы қолдау сертификат берілді. Осындай шағын да болса мәнерлі, қолдауды қолға алып, ұйымдастырған кәсіподақ төрағасы И.Абильгазиев мырзаға алғыс айтамын. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды деген қазақтың танымы тұрғысынан.

Осы игілікті істерді, жұмысшыларға жасалынып жатқан нұрлы амалдарды ұйымдастырушы Қаратау ТКӨК нің директоры   М.Макишев мырзаға және персоналды басқару және әкiмшілік жөніндегі директор Г. Рысжановаға өз тарапымнан зор алғысымды білдіремін. Бірлесіп атқарған еңбек әрдайым жемісті болатыны анық. Басшылық пен жұмысшылардың бір тарапта түсінік тауып, ортақ ынтымақпен әрекет етуі өнімді еңбектің кепілі. Жұмысшылар еңбек қауіпсіздігі мен сапалы өмірді қалайды. Басшылық осы сұранысты жасақтауды қолға алып келеді. Әрдайым бірлікте ынтымаққа ұйысқан еңбегіміздің берекесі биік, мерейлі күндеріміз көп болсын!

Қ.ЕСЕНАЛИЕВА, Көксу кенішінің қойма меңгерушісі

қыз сыны байқауы өтті

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, халқымыздың үкідей баптап, ардақ тұтқан, ақылы ажар көркіне сай, тұла бойы инабат пен мейірімге толы ару қыздарымыздың   «Қыз сыны — 2023»  байқауы  қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеп, қыз баланың инабаттылығын, парасаттылығын байқау арқылы көрсету,  ата-баба дәстүрін насихаттау мақсатында өтті.

Қазақтың салты салтанат құрып,  үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киген аруларымыздың сұлулығы паш етілген байқауға  Байқадам, Игілік, Жайылма, Жаңаталап      ауылдық  округтерінің    5   аруы қатысып,  бес номинация  бойынша сынға түсті.

Байқауды ашқан Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ж.Құлыбеков қазақ қоғамындағы қыз баланың орнына тоқталып, байқауға қатысушы аруларға сәттілік тіледі.  Қазақ көйлегі мен оюлы кәжекей киген, басына  топысы  мен сылдыр моншағы сондай әсем жарасқан аруларымыздың әрқайсысы бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Алдымен сәлемдесіп,  өзінің ұлттық бейнесін, сахналық сән-сымбатын, қазақ қызына тән әдебімен өзін-өзі таныс-тырды, өздері жайында ақпар берген арулар бұл күні бар өнерлерін аяп қалмады. Бірі әуелетіп ән салса, енді бірі мың бұрала билеп, күмбірлете күй төкті.  Әр номинацияда қыздар тапқырлық танытып, сан түрлі сұрақтарға ұтымды жауап қайтарып, өз таным-білімдерінің ауқымын көрсетті. «Шеберлік» номинациясында  тарихта аты қалған аруларымыздың образын сомдап, әртістік қабілеттерімен тәнті етті.  Дегенмен барлық қарсыласына қарағанда әрбір сұраққа ұтымды, дәл жауап бере біліп, өз өнері, білімімен дараланған Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің оқушысы Мәжит Медина бас жүлдеге ие болды. 1-орынды  Әйтеке би атындағы орта мектебінің оқушысы Құдайберген Бегайым мен Жаңаталап орта мектебінің оқушысы Зауытбай Қарақат, 2-орынды Ж.Отарбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Нұрғалиқызы Жан-ерке, 3-орынды  Қызылдихан орта мектебінің оқушысы Бижомарт Іңкәр өзара бөлісті.  Жеңімпаздар мақтау қағазымен марапатталып, сый-сияпат жасалды.

Ардагерлер ардақталды

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Чернобыль жаңғырығы» атты тақырыптық кеш өтті. Іс-шараның мақсаты: Чернобыль апаты жайлы мағлұматтар беру, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі ету, қасіреттің салдарынан қаза болған боздақтар рухына тағзым ету,  жас ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыру. Кешке Чернобыль апатын жоюға атсалысқан, батырлық пен жанқиярлықтың үлгісін танытқан, мылтықсыз майданды бастан кешірген Бексейітов Рахметулла қатысып, Чернобыль АЭС- тегі қызметтері, ортақ іске қосқан үлестері, қауіпті аймақтағы өмірлері туралы әңгімеледі. Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің оқушысы Зейнетулла Гүлназ Айым Садвакасованың «Батыр ағаларыма» атты өлеңін оқыса, мәдениет үйінің әншісі Халықов Нығметжан Есенқұл Жақыпбековтің «Біздің елдің жігіттері» атты әнін нақышына келтіре орындап, іс-шараның маңыздылығын  арттырды. Кеш соңында  ардагерге сый-құрмет көрсетілді.

ИСЛАМ-БЕЙБІТШІЛІК ДІНІ

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен,   «Ислам әлемі» атты  рухани кеш өтті.  Асыл   дінімізді ардақтап, қанатын кеңге жаюына сүбелі үлесін қосып жүрген «Майлыбай» мешітінің бас имамы Кәрімбеков Ғабит кешке қатысушыларға ислам дінінің құндылықтарын айта отырып, ата дініміздің сыйластыққа, татулыққа аса ден қоятындығын баса айтты.  Сонымен қатар «Ислам  әлемі», «Ата – ана разылығы», «Бала  тәрбиесі» және «Рамазан айында ораза тұту» тақырыптарында насихат айтып, жастарды  үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әрдайым ынтымақтастықта болуға шақырды. Кешке қатысушылар  сауалдарын қойып, пікір алмасып отырды.

маңызды тәрбиелік жоба

Елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал түлектерді  туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу мақсатында  жүргізіліп келе жатқан «Жомарт түлек» жобасы маңызды тәрбиелік шара болып табылады. Осыған орай, аудан мектептерінде жоба аясында  іс-шаралар өтуде.

Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектепте «Жомарт түлек» жобасы аясында түлектердің табысты жолын үлгі ету мақсатында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Оспанова, директордың құқықтық-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Серкебаевтың ұйымдастыруымен 9-10 сынып оқушыларының қатысуымен «Білімді ұрпақ-ұлт болашағы» атты кездесу өткізілді. Кездесуге мектептің 2011-2015 және 2018 оқу жылындағы түлектері  «Өнер» мектебінің ұстаздары Өмірбек Нұрбол, Әбілхай Иманәлі, Қаюп Ақниет, мектебіміздің математика пәнінің мұғалімі Берікбай Ернұр, АПБ-нің  қызметкері  Нұрғали Қуанышбек,  ЕвроХим ЖШС-нің қызметкері Монтербекұлы Өмірбек қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Жомарт түлек-жомарт қол форумы

Арыстанды орта мектебінде «Жомарт-түлек-жомарт қол» атты форумы өткізілді. Форумға мектептің түлектері Саладин Абдулхапихович, Нигара Болатқызы, Васила Әліқызы келсе, Ж.Отарбаев атындағы орта  мектебінің директоры Дариға Түймебайқызы мен  Жаңатас қаласындағы  Абай атындағы орта мектептің директоры Тұмар Сәдібайқызы  тікелей бейнебайланыс арқылы  қатысып отырды. Аталмыш кездесу қатысушыларын мектеп алдында жоғары сынып оқушылары құрмет көрсетіп, қарсы алды. «Жомарт түлек» форумын  мектеп директоры Есенбекова Ғалия Қойшыбайқызы ашып,  форумның маңызына тоқталды. Шараға мектептің мақтаныштары, үздік оқушылар, облыстық, аудандық  олимпиада жүлдегерлері,  санау-лы уақыттарда түлеп ұшқалы тұрған 11-сынып оқушылары және  ұстаздар қауымы қатысты. Түлектер құрметіне мектеп оқушыларының арнайы тақпақтары айтылып, ән шырқалды. Мектеп оқушылары түлектерге деген көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Мектеп түлектері де   оқушыларға деген  жылы лебіздері мен тілектерін ақтарып, алдағы уақытта тек биік белестерді бағындырып, ел үмітін ақтайтын азамат болып өсулеріне сенім білдіретіндіктерін айтты. Оқушылар  Жомарт түлектерге ризашылық таныта отырып, алғыстарын білдірді.  Форум соңында «Түлектер сізге мың алғыс!» деген сөздермен  шара өз мәресіне жетті.

***

Абылай хан  атындағы мектеп-лицейінде білім ошағынан түлеп ұшқан, түрлі салада ел аумағында  еңбек етіп жүрген түлектердің өмір жолын  кейінгі ізбасар шәкірттерге, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Жомарт түлек-жомарт жүректің иесі» форумы өткізілді.

Форумда сан салада еліміздің дамуына үлес қосып жүрген түлектердің өздері ұшып шыққан білім мекемесіне келіп, өздерін білім нәрімен  сусындатқан ардагер ұстаздарымен кездесіп, өздерінің жолын басып жүрген мектеп оқушыларымен бастарынан өткерген өмір белестері мен арман қуып жүріп қол жеткізген жетістіктерімен бөлісулері кейінгі толқын жастарға үлкен әсер қалдырды. Түлектердің құрметіне қоңырау соғылып, балдырған шәкірттер өздерінің аға –әпкелеріне жыр шумақтарын арнады. Одан әрі оқу кабинеттеріне барып, рум-тур өткізілді. Оқушы кезеңдерінен естеліктер айтып, көңілде ұмыт бола бастаған балалық шақтарын сағынышпен еске алып, мамандық таңдау бойынша өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Сонымен қатар, 9-11 сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен келген қонақтарды қатыстыра отырып, «Мамандығым –мақтанышым», «Мамандық таңдау-ертеңгі ойлау», «Білімі көп адам-құралы сай ұста»   деген тақырыптарда тәрбие сағаттары, дөңгелек үстелдер, дебаттар мен пікірлесу сабақтары өткізілді. Өмір сабақтарынан сыр шерткен түлектер мектеп оқушыларына тек білімнің жетістікке жеткізер бағдаршам екенін, ал еңбектің сәттілікке жететін баспалдақ екенін, ал тұлғаның ынтасы мен жігері жеңістің кілті болатынын айтып берді. Кеш соңында түлектер ұстаздары мен ізбасар шәкірттермен қимай қоштасты. Форум соңында мектеп түлектері білім ошағында салауатты өмір салтын насихаттайтын іс шараларға белсенді қатысып, келер ұрпақтың дені сау, жаны мен жүрегі таза болуына өз үлесін қосатындарын айтып өтті.

 

Ұрпақ жадында жаңғырған есімдер

Ұлы Отан Соғысы ардагерлерін ардақтап, жастарға насихаттауда атқарылып жатқан шаралар аула клубында да өз жалғасын тауып жатыр.

Өткен  аптада Жаңатас қалалық аула клубында 9 мамыр-Жеңіс күні мерекесіне орай «Ұрпақ жадында жаңғырған есімдер» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Іс-шараға «Балдырған», «Балауса», «Тұлпар» топтарының  тәрбиеленушілері би билеп, көрініс қойып, ән шырқап  өз өнерлерін көрсетті. Іс-шараны бір минут үнсіздікпен еске алумен бастады. Сайлау Айзере мен Тұрсынбай Маржан «Бейбітшілік туы берік қолда» атты әнін шырқады. «Балдырған» тобының қыздары би биледі және «Сапқа тұр майдангер» әнін орындады. «Жасұлан», «Катюша» әндері шырқалды.

 

Бетті дайындаған: Сәулет ЕСҚАРАЕВ, «Sarysý»

Республикалық турнир

Ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтарды еске алуға арналған әртүрлі байрақты бәсекелерді өткізу дәстүрімізге айналды.  Осыған орай аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі және  Р.Ахметовтың ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Әшім Қосыбайұлын еске алуға арналған грек-рим күресінен 2010-2012 жылы туылған  жасөспірімдер арасында дәстүрлі VI-шы республикалық ашық турнир өтті.

Турнирдің салтанатты ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Е.Есмаханов, Ә.Қосыбайұлының ұлдары Райыс және Манап Әшімұлы құттықтау сөз сөйлеп,  байрақты бәсекеде спортшыларға сәттілік тілеп, отбасылық бақыт, мықты денсаулық және спортта жаңа биіктерді бағындыра берулеріне тілектес екендерін жеткізді.

Жарысқа мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен 11 салмақ дәрежесінде  16 командадан 318 спортшы бақтарын сынады.

Дүбірлі бәсекеде әр түрлі салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталып, спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінді.

Айта кететін жайт   облыс көлемінде 7 рет, рес-публика көлемінде 6 рет өтіп отыр.  Республикалық  күнтізбелікке енгендіктен жарыста  1,2,3 орындарды алған балуандар  Қазақстан Республикасының спорт шеберіне    кандидат спорттық разрядын орындайды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдас-тырушылар және  демеу-шілер тарапынан диплом, медальдармен марапатталды.

Сарысулық ардагерлер жүлдегер атанды

Жуырда  Тараз қаласында Жамбыл облысының ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай жыл сайынғы дәстүрлі спартакиада өтті. Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Жұмаділдаев бастап,  ардагерлер қатысты.

Облыс бойынша спартакиадаға 12 команда қатысып, әр түрлі спорт түрлерінен бақтарын сынады. Спартакиада нәтижесінде тоғызқұмалақтан-Жайылма ауылдық округінен Түлкібаев Құдайберген 2-орын және Жаңаарық ауылдық округінен Шырынбекова Кенжетай 5-орын, дойбыдан-Жаңатас қаласының ардагері Ярашов Тоймұрат 5- орын және Тұңғышбаева Анар 4- орын, дартстан-Жаңаарық ауылдық округінен Райымжанов Шабданбек 3- орын, үстел теннисінен Жаңатас қаласындағы 26 спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы және ардагері Алиев Низами 3 орын, ләңгіден−Жаңаарық ауылдық округінен Сапарбаев Дүйсен 3 орын, бильярдтан Рахымов Керімбай 4-орынмен марапатталса, ардагерлерден құралған волейбол командасы 8-орынды алды. Командалық есеппен сарысулық ардагерлер командасы жүлделі 5 -орынды иеленіп, 150 мың теңге ақшалай сертификатты ұтып алды.

***

Үстіміздегі жылдың 22 сәуірінде Ұлы Отан Соғысының ардагері, ҚазКСР білім беру ісінің үздігі, Еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз-әдебиетші, «Отан соғысы», «Ерлігі үшін» ордендері, «Германияны жеңгені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» және «Маршал Жуков» төсбелгілерінің иегері Әби Прекешовтің туғанына 100 жыл толуына орай, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының»ұйымдастыруымен қаламыздағы спорт кешенінде үстел теннисінен ардагерлер арасында ауданаралық еске алу ашық турнирі өткізілді. Сайысқа аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытов, майдангердің ұрпақтары мен Түркістан облысы, Тараз қаласы, Талас және Сарысу аудандарынан ардагерлер қатысты. Аудан әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытов майдангердің ерлігі мен жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Әби Прекешовтің ұлы Нұрхан Әбиұлы мен шәкірті, Қаратау қалалық колледждің директорының орынбасары Алмас Ильясов сөз сөйлеп, сайысты ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Сайысқа 21 үстел теннисінің шеберлері қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша 40 жас-тан жоғары спортшылар арасында 1 – орынды Қ.Қарақұлов, 2 – орынды А.Асанов, 3 – орынды Қ.Құнанбеков иеленсе, 55 жастан жоғары спортшылар арасында 1- орынды Б.Ешимов, 2 – орынды Ш.Байғонов, 3 – орынды Б.Тайлақбаев жеңіп алды. Жеңімпаздарға аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломдары мен медальдары және Әби Прекешовтың ұрпақтары атынан бағалы және қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

***

Шоқай датқа атындағы  орта мектебінде 2010-2015  жылдары туылған жасөспірімдер арасында  тоғызқұмалақтан Жамбыл облысы чемпионаты өтті. Аталған жарысқа Тараз қаласы мен 8 ауданнан 84 оқушы-спортшы қатысты. Жарыста Сарысу ауданындағы  №28 БЖСМ жаттықтырушылары М.Кәдірбеков пен Ғ.Малдыбаевтың шәкірттері тоғызқұмалақ ойынының классика түрінен Амангелді Аяулым 1- орынды, Несіпбай Таңнұр 3- орынды жеңіп алса, рапид түрінен Амангелді Аяулым 2-орынды, Төлеубек Гүлдана 3- орынды иеленді. Ал блиц түрінен Мұсаахмет Іңкәр жүлделі  3-орынды қанағат тұтты.

***

Аудандағы №28 балалар- жасөспірімдер   спорт мектебінде қол күресінен «Сұлтан Бейбарыстың туылғанына 800 жыл» толуына орай 2006-2012 жылдары туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудандық  ашық біріншілігі өтті. Жарысқа ауданымыздың спорт мектептерінен 138 спортшы оқушылары қатысты.

Қол күресінен осы мектептің жаттықтырушысы Алибеков Хамзаттың шәкірттері  І.Сәкенқызы және Б.Мамбетқызы 3-орынды, А.Әблахат 2-орынды иеленсе, ұлдар арасында Д.Үлке, А.Қазбек 1 -орынды, А.Камардин 2-орынды, Н.Тәуекел 2-орынды иеленді.

 ***

Жуырда Саудакент ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» облыстық іріктеу турниріне Сарысу аудандық іріктеу турнирі өтті.

Жарысқа әр ауылдық аймақтан 12 балуан қатысып, бақтарын сынады.

Жарыс нәтижесінде Айтқұлов Әміржан 1-орынды қанжығасына байласа, Елеусізов Бауыржан 2-орынды жеңіп алды  және жүлделі 3-орынды Төлеутаев Әбдіғали иеленді.

***

Қордай ауданында бокстан С.Қонақбаевтың жүлдесі үшін дәстүрлі ХІХ-халықаралық турнирі өтті.

Турнирде Сарысу ауданындағы №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы М.Бегулиевтің шәкірті Айтжан Бекислам 80 кг салмақ дәрежесінде ІІІ-орынды иеленді.  Сонымен қатар,  Б.Амреевтің  оқушысы Илияс Мейіржан шахматтан  Қордай ауданында өткен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Жамбыл облысының кубогінде 8 жас және абсолют жас аралығында І-орынды алды.

***

Павлодар қаласында ерлер мен әйелдер арасында  белбеу күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталмыш жарыста  №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары У.Кемалов, Ә.Сағаділдәның  шәкірті  Әбдікеш Мерей 62 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанып, 21-25 мамыр күндері Өзбекстан республикасында өтетін Азия чемпионатында, шілде айының 14-17 күндері Астана қаласында өтетін әлем біріншілігінде және қазан айының 10-13 аралығында Сауд Арабиясы мемлекетінде өтетін әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды.

Cонымен қатар Қаратау қаласында өткен Қазақ күресінен 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Қолбасшы Қойгелді» атындағы республикалық    турнирде  осы спорт мектебінің жаттықтырушылары У.Кемалов, Б.Тәттібаев спортшылары Баймағамбетұлы Дамир және Бердібай Ерасыл  әр түрлі салмақ дәрежесінде ІІІ- орынды жеңіп алды.

***

Ахметбек Жәмішұлының 75 жылдығына орай футболдан 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Талас ауданының ашық біріншілігінде №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің  футболдан жаттықтырушысы М.Жәдікеевтің спортшы оқушылары І- орынды иеленді.

Сондай-ақ дзю-додан кадеттер арасында Грузия мемлекетінің Гори қаласында өткен Европа кубогінде №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Досберген Дильназ 62 кг салмақ дәрежесінде ІІІ-орынды өзара бөлісті. Ал, қазақ күресінен Алматы қаласында өткен республикалық турнирде Исаханов Нұрхат 55 кг салмақта жеңімпаз атанды.

***

Жуырда Тараз қаласында  үстел тенисінен  жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында  Жамбыл облысының чемпионаты өтті.

Аталған жарысқа  Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінің спортшылары қатысып, бақтарын сынады.

Жарыс нәтижесінде Г.Төлеубай, К.Бөтей 2-орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар Меркі ауданында  дзю-до күресінен ұлдар мен қыздар арасында аудандық ашық біріншілік өтті.

Жарысқа спорт мектебінен 14 спортшы қатысты.

Әр түрлі салмақ дәрежесінде Ескендір Балауса 1-орынды жеңіп алса,  Мұқитқызы Еркеназ және Скендір Ербосын  3-орынды иеленді.

С.Есқараев,

«Sarysý»

Сарысу  ауданындағы бірыңғай иммундау апталығы туралы

2023 жылы сәуір айының 23 мен 29 жұлдызы аралығында Қазақстан Республикасы аумағында, оның ішінде Сарысу ауданында бірыңғай иммундау апталығы өтті.

Аталған шара 2006 жылдан бастап жыл са-йын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша Еуропа мен Орталық Азиядағы 53 елде бір мерзімде өткізіледі. Үстіміздегі жылы иммундау апталығы «Ауқымды қуып жету иммунизациясы қажет!», «Әр дозаның маңызы бар!», «Вакцинация туралы айтыңыздар!» ұрандарымен ұйымдастырылды.

Бірыңғай иммундау апталығының мақсаты — тұрғындар үшін денсаулық пен әл-ауқаттың ең жоғары деңгейіне ұмтылу, олардың денсаулығын қорғау мен нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау жолында табысқа жету. СOVID-19 пандемиясының төртінші жылында, кейбір елдерде болып жатқан жойқын соғыс уақытында, сонымен қатар табиғат-климаттық дағдарыс кезінде, Денсаулық сақтау қызметтерін ұсынудың екі жүйесін енгізу қажет. Біріншісі — денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға да-йын болу, екінші — жалпы денсаулық сақтаумен және адамдарға күнделікті қажетті қызметтерді үздіксіз көрсетуге дайын болу. ДДҰ Еуропалық аймағы аурулардың алдын алу және өмірді қорғаудағы  иммундаудың  маңыздылығы туралы хабардар болу, COVID-19 пандемиясына байланысты вакцинация деңгейінің жаһандық төмендеуі жағдайындағы вакцинаны пайдалануды жақсартуға бағытталған.

Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген барлық жұқпалы аурулар тікелей адам денсаулығы мен өміріне қауіп туғызады. Полиомиелит нәтижесінде өмірлік салдану (паралич), күл – салдану мен миокардит, эпидемиялық паротит – бедеулік пен қант диабеті, «В» вирустық гепатиті – бауыр циррозы мен обыры, жүктілік кезіндегі қызамық – нәрестенің туа біткен даму ақауларына алып келуі мүмкін. Сіреспеге қарсы егілмеген кез келген бала мен ересектер арасында жай жарақат алғаннан кейін өлімге алып келуі мүмкін. Туберкулезге қарсы егілмеген адамда туберкулездің ауыр асқынулары мен індеттің ауыр дәрежесіне алып келуі мүмкін.

Екпе жасалатын 21 аурудың ішінде бүгінгі таңда ұжымдық иммунитеттің төмендеуі мен алдын ала екпелерден бас тартушылардың өсуі салдарынан қызылша және А вирусты гепатитінің таралу қауіпі бар.

Иммунды алдын алу аурушылдықтың, өлім жағдайларының, жұмысқа қабілеттілігінің жойылуының алдын алатын тиімді әрі шығыны аз әдіс болып табылады. Қазақстан Республикасында алдын ала егу ақысыз түрде жасалады.

Ұлттық иммундау апталығы кезіңде алыс орналасқан шалғай ауылдарға жылжымалы егу бригадалары ұйымдастырылды. Жиі екпелерден бас тартатын діни бірлестіктермен ақпараттық-ағарту бағытында кездесулер ұйымдастырылды. Тұрғындардың алдын ала екпелер туралы сауаттылық деңгейін анықтау мақсатымен сауалнамалар жүргізілді.

Екпе алуға асығыңыз! Өзіңіздің және отбасы мүшелеріңіздің денсаулығына салғырт қарамаңыз!

А.Ермек,  Сарысу аудандық  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  эпидемиологиялық бақылау және қадағалау  бөлімінің  басшысы  

Конго-Қырым  геморрагиялық қызбаның алдын алу

Көктем,  күз айларында қарқынды қансыраумен жоғарғы өлім жағдайларымен айқындалатын,  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы-аса қауіпті инфекцияның табиғи ошақтары  Жамбыл облысының  Сарысу, Талас және Мойынқұм аудандарының аумағында орналасқан.

Аталған ауру қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы-қан сорғыш бунақ аяқты иксодты кенелер болып табылады.

Буын аяқты қансорғыштар тобына жататын кенелер адам өміріне аса қауіпті  Қырым геморрагиялық қызбасы,  кене энцефалиті тулеремия Сырдария өңірінің қызбасы сияқты жұқпалы ауруларды өз ағзаларында сақтап тасушы болып есептеледі. Кенелердің жан-жануарларға белсенді шабуылы көктемде жаз бен күз айларының басында ерекше байқалады.  Кене  адамға көптеген аурулар таратады. Олардың қатарына қырым қанды безгегін жатқызуға болады. Бұлар вирусты тек қана өз организмінде сақтап қана қоймай айналаға таратады.

Індет адамдарға кене шаққан кезде ғана емес қырқын кезінде малдарды кенелерден тазарту кезінде езіп алса да жұғады. Егер кене денеге  жабысып үлгерсе   оны жұлып алуға болмайды. Өйткені оның тұмсығы денеде қалады да, өзі езіліп кетуі  мүмкін  Малдарға жабысқан кенелерді де қырқып, қырнап алуға болмайды.  Кене шаққан жерді  спирт ерітіндісімен күйдіріп, қолды мұқият сабындап жуу керек.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жұғу жолдары:

— залалданған кенеден ( шаққанда және мыжылған кенемен жанасқанда),

— малмен, қан арқылы (мал сойғанда немесе етін бөлгенде)

— науқас адамның қанымен, зәрімен, сілекейімен және сұйықтықтармен жанасқанда, (науқас адамға күтім жасаған кезде)

Кенеден абай болыңыз!

Табиғатқа, далаға,өрістерге шыққанда дененің ашық жерлерін барынша жа-уып киіну керек, жабық аяқ киім кию керек. Киім ашық  бір түсті болғаны дұрыс, өйткені ондай киімдерде кенелер жақсы көрінеді.

Денеге жабысқан кене анықталған жағдайда қысқышпен жақсылап ұстап немесе мықты жіппен шайқай отырып ақырын шығару керек. Теріде тұмсығы қалып кеткен жағдайда тікенді суырғандай суырып алып орнына спирт тұнбасын жағу керек. Кенені қауіпсіздік техникасын сақтай отырып тек қолға бір нәрсе киіп алу қажет.

Кене шаққан жағдайда дереу бақылауға алу үшін, медициналық қызметкерлерге хабар беру керек!

Ш.Қайрат, дәрігер эпидемиолог

Тамақтан уланудың алдын алу

Көктем, жаз айларында тамақтан улану жиі тіркеледі. Тамақтан улану –табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін ластанған тағамдарды пайдалану салдарынан пайда болатын, қарым-қатынас және ауа тамшылары арқылы жұқпайтын ауру түрі. Тамақтан улануды болдырмау үшін тамақтану гигиенасын, тағамды дайындау және сақтау ережелерін орындау қажет. Қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдаңыз, пісірілген тамақты бірден пайдаланыңыз, азық-түліктерді мұқият сақтаңыз және шикі және піскен тамақ өнімдерін қатар сақтамаңыз. Сонымен қатар ас әзірлеу кезінде таза қол ережесін сақтап, бір реттік қолғап пайдаланыңыз. Ас үйді таза ұстаңыз.           Тамақтан уланудың белгілері:

—      Жүрек айну, құсу.

—      Диарея (іш өту)

—      Асқазан немесе ішек ауруы.

—      Әлсіздік, ұйқы қашу.

—      Бас ауруы.

Адам тамақтан уланған бойда белгілері байқалған болса тез арада жедел жәрдем шақыру керек. Дәрігер келгенше уланған ағзаға көп мөлшерде таза су беру қажет және жедел жәрдем операторының телефон арқылы айтқан нұсқаулықтарын орындауымыз керек.

Ж.Байтикова, Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің жетекші маманы

қауіпсіздік ережелері

Су айдындарында адамдардың қайтыс болуына жол бермеу мақсатында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, халық арасында үгіт-насихат өнімі (буклеттер, парақшалар)

таратылуда.

Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін бұзушыларды анықтау және су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлескен рейдтер мен патрульдеу жұмыстарын жүргізеді.  Аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлері, азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, бірінші кезекте:

— алкогольден және есірткіден мас болған күйінде суға кіруге және шомылуға;

— қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секіруге;

— тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;

— жүзу шекарасын белгілейтін буйкалардың артынан жүзуге;

— жүзуге арналмаған заттарда жүзуге;

— балаларға ересек адамдардың қарауынсыз суға шомылуға тыйым салынады.

Әр адам қауіпті жерлерді және шомылатын су қоймасының ерекшеліктерін білуі керек, өйткені жабдықталмаған жерлерде тастар, су басқан бөренелер, темір кесектері, шыны және басқа заттар болуы мүмкін.

 Сарысу ауданы төтенше жағдайлар бөлімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.