ҚҰРМЕТ ЕР ЕСІМІ, ЕЛ ЕСІНДЕ
1979 жылы желтоқсан айында Кеңес үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданды. Соғыс-зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан.Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет атанған зұлматтың бірі-ауған соғысы. Байтақ елдің тыныштығын бұзған ауғанстандағы сұрапыл соғыс 10 жылға созылды.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр.
Осыған орай, қаламыздағы ауған соғысына арналған ескерткіштің алдында митинг ұйымдастырылып, ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Митингіге қала тұрғындары, аудан әкімінің бөлім басшылары, қызметкерлері жиналды.
Митингіде аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев сөз сөйледі.
— Ауған соғысының біздің халқымыз үшін қасіреті мен зардабы аз болған жоқ. Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміз ұрыс даласында батырлық пен ерліктің, қайсарлықтың үлгісін көрсете білді.
Жамбыл облысы бойынша ауған соғысына екі мыңнан аса жауынгерлер қатысса, солардың арасында сарысулық жерлестеріміз де болды.
Ауған соғысына қатысқан Жайылма ауылының түлегі Мәлтаев Серікбек соғыста ерлікпен қаза тапса, саудакенттік Ысқақов Ораз хабар-ошарсыз кетті. Соғыстан аман-есен елге оралған ардагерлердің біразы соғыс салған зардаптың әсерінен кейіннен қайтыс болды. Қазіргі таңда ауданымызда 26 ауған соғысының ардагерлері тұрып жатыр. Ардагерлеріміз ауданымыздың тыныс-тіршілігіне, қоғамдық, саяси және мәдени өміріне белсене араласып келеді. Ауған соғысында қыршын кеткен боздақ жауынгерлерімізді әрқашанда еске алып, рухтарына тағзым ету, елге аман-есен оралып, ортамызда жүрген ардагерлерімізді құрметтеу біздің басты парызымыз, — деп митингке жиналғандарды және ауған соғысының ардагерлерін айтуымен қатар дендеріне саулық, отбас-тарына амандық тіледі.
Одан кейін ауған соғысының ардагері Боранқұл Шукеев сөз сөйлеп, ауғанның отты жылдарынан аман қайтқан сарбаздарды құттықтап, өзінің ыстық лебізін білдірді.
Митингіге жиналғандар ауған соғысында қаза болған боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Бір минут үнсіздіктен соң, жиналғандар сол бір қанқұйлы соғыстың ақтандақтарын еске алып, зұлмат күндердің куәгерлері бас қосып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды. Шара соңында ауған соғысының ардагерлері «солдат ботқасынан» ауыз тиіп, зұлмат соғыс жылдарында қаза болған қарулас достарын еске алды.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тауып, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада аудан әкімі М.Сұлтанғалиев сөз сөйлеп, қанша уақыт өтсе де елі бар да ерлер есімі ұмытылмайтындығына, ардагерлерді ардақтау азаматтық борышымыз екендігіне тоқталды. Сондай-ақ соғыста ерлікпен қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен және соғыстан кейін елге келіп қайтыс болған ардагерлердің туыстары мен жұбайларына және ортамызда аман-есен жүрген ауған соғысының ардагерлеріне сахна төрінде сый-сияпаттарды тапсырды.
Шара барысында мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндерден шашу шашып, «Айжанқыз» би ұжымы мың бұрала би биледі. Жиналғандарға мерекелік көңіл — күй сыйлады.
ауған соғысының жаңғырығы
Қазақ халқының қаһарман ұлы , хас батыры, даңқты командирі Бауыржан Момышұлы өз заманында «Елің үшін аянба-ерлігіңе сын » деп артына ұлағатты сөз қалдырған.
Ал Ауғанстан соғысында болған сол кездегі бозбала жауынгерлер елі үшін Отан алдындағы әскери Антына адалдық танытты.Сондықтан оларды батыр деуге әбден лайықты деп білеміз. Бүгінгі һәм ертеңгі буын да солай түсінуі қажет .
Олай дейтініміз, ауған соғысының біздің халқымыз үшін де қасіреті мен зардабы аз болған жоқ.
Саудакент ауылдық кітапханасында Саудакент ауылдық мәдениет үйі, Саудакент ауылдық кітапхана және Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай «Ауған соғысының жаңғырығы» атты кездесу кеші өтті.
Кеш ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Кеште Байқадам ауылдық округ әкімі М.Өксікбаев құттықтау сөз сөйлеп, қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз, ардагер жауынгерлерді құттықтады.
Кітапхана қызметкерлері Б.Керімбекова, А.Дәулеткелдина ауған соғысы туралы өлең жырларын оқып, С.Жөгібаева кітап көрмесімен таныстырды. Сонымен қатар, мәдениет үйінің қызметкерлері Н.Халықов,Ұ.Хасанова және М.Таутаевтар төгілдіртіп ән салды. Ал, музей қызметкерлері көрмеге қойылған жәдігерлермен таныстырды.
Шара барысында уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалған ауған соғысы туралы бейнеролик көрсетіліп, кешке қатысушылар ауған соғысының ардагерлеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Кеш соңында қонақтарға арнайы сый-сияпаттар тапсырып, естелік суреттерге түсті.
Дәрігерлер медициналық қызмет көрсетті
Айтулы күн қарсаңында аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері ауданымыздағы ауған соғысы ардагерлерінің үйлеріне барып, медициналық-профилактикалық тексеруден өткізді.
Акция аясында ардагерлер жүрек-қан тамырлары ауруларынан кешенді түрде тексеруден өтті. Медицина мамандары әр ардагердің үйлеріне барып, олардың кешегі Отан алдындағы борышын адал атқару ісінде көрсеткен ерліктері мен қаһармандықтары үшін алғыс білдірді. Өз тарапында ардагерлер ақ халатты абзал жандарға ризашылықтарын білдірді.
Әскери-патриоттық тәрбие
Мереке қарсаңында Жаңатас көпсалалы колледжінде 1 курс студенттері арасында «ҚАҺАРМАН — 2023» атты әскери – патриоттық ойын ұйымдастырылды.
Шараға «Аудандық ауған соғыс ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Сыздықбаев бастаған ардагерлер, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры А.Пазылбеков, мекеме маманы Балғабай Бауыржан, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Дүйсенқызы, жастар ісі жөніндегі инспектор- ұйымдастырушы Н.Амирханқызы қатысты.
Аталмыш шараға 6 команда қатысып, 6 кезең бойынша бақ сынасты. Атап айтар болсақ, «автоматты шашып, жинау», «Пневматикалық мылтықпен ату», «Противогаз кию», «Алғашкы дәрігерлік көмек», «Кеудені жерден көтеру» (отжимание), «Арқан тарту» кезеңдері бойынша бақтарын сынады.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «Жастар ресурстық орталығы» демеушілік жасап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
ардагерлермен кездесу
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында ауған соғысы ардагері М.Сыздықбаевпен «Ауғанның отты жалыны» атты кездесу кеші өтті.
Кездесу кеште мектеп директоры Е.Көлбаев құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында 2 «а» сынып оқушысы Берік Нұрай «Тәуелсіз қазақтың қызымын» атты өлең жолдарын оқыса, 11 «ә» сынып оқушысы Абылқасым Абылайхан «Жұмыр қылыш» күйін орындады. 11 «б» сынып оқушысы Н.Казеев пен Абылқасым Абылай «У солдата выходной» әнін тамылжыта шырқады.
Шара барысында ауған соғысы ардагері М.Сыздықбаев оқушыларды Отанға абыройлы қызмет етуге шақырып 2006 жылы туылған ер азаматтарға әскерге шақыру учаскесіне тіркеу куәлігін тапсырды.
Оқушылар ардагерге сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Ауған ақиқаты
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай мектеп кітапханасында «Ауған ақиқаты» тақырыбында көрме жасалынып, 1-11 сыныптарда «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырып аясында сынып сағаттары, «Мен болашақ Отан қорғаушымын» тақырыбында сурет байқауы, «Ауғанның отты жалыны» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылып, 8-11 сыныптарда «Ұрпаққа үлгі болған-ерлік» тақырыбында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
С.Есқараев, «Sarysý»