ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ ТҰЛҒА

0

Игердік мойынқұмдай шөл даланы,

сол жерге келсең қазір шөл қанады.

А.Назарбеков

Осы Айтбай Назарбековтың 100 жылдығын атап өтуге бұрынғы “Мойынқұм таңы” газетінің бас редакторы болған Сүндетулла Аблашұлы Әбілов ұйытқы бола отырып, теледидар арқылы өз сұхбатында осы үлкен теңдесі жоқ іс-шараны атап өтуді қозғаған болатын. Тағы айта кетер болсақ,үлкен қоғамдық орындарда, жиындарда осы Айтекеңнің 100 жылдығын атап өту туралы аянбай айтып отырған. Міне, сең қозғалды, аудан басшыларымен ақылдаса отырып, нар тұлғаға деген дайындық басталып кетті. Мойынқұм ауылының орталық көшелерінің бойында Мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Назарбековке 100 жыл және портреті бар баннерлер мен билбордтар көздің жауын алады. 23 қазан күні түс ауа Айтбай Назарбековтың 100 жылдығына арналған бәйгеде  шабандоздар мәре-сәре болып, әр облыстан, әр ауданнан, әр ауылдан келгендердің қуанышында  шек  жоқ. Бәйге басталып, ел бір марқайып қалды. Мойынқұм халқына және басшыларына аудан әкімі Әлихан Балқыбековке келген қонақтар және жергілікті жұртшылық дән ризашылығын білдірді.

Аудан орталығында кешқұрым сән-салтанатпен әсемделген “Абылайхан” алаңында үлкен мерекелік  гала –концерт болып, аудан халқына жүрек жарды әсем ән, би, күй сыйлап, көрермендердің көркін  қыздырды. Келген өнерпаздармен аудан тұрғындары қимастықпен қош айтысып, ”Ақ жол” тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

Келесі күні ауа райы құбылып тұратын Мойынқұм өңірі қоңыр салқын болып, самал жел бетіңді қытықтап,қуаныш сезімге бөленгендей таза ауасын жұта бергің келеді, жұта бергің келеді.Орталық көше бойындағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы саябағы алаңына жиналған қариялар, жастар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар жүздері жарқын күлкі үйірген беттерінен Айтбай ағаға үлкен құрметпен қарайтындығы, сыйлайтындығы анық көрініп тұр.

Саябаққа кіре-берісінде А.Назарбековке бюст ескерткіш қойылған. Біздің Сарысудан барған делегаттар- аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов, аудандық  мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев, ауданның  Құрметті  азаматы Досжанова Алтын, Айтбай ағаның туған інісі Қалдыбай және мен ескерткішке гүл шоғын қою рәсіміне қатыстық. Бас имам құран бағыштады.

Одан соң 20 жыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғандағы ғимаратына қойылған тақтайшаның ашылу салтанаты болып, қызы Күләш шашу шашып, ардагер ағалар Айтекең туралы  сөз сөйлеп, өткен қиын кезең мен жақсылықтарын еске алды. Бірге қызметтестер болғандарда тебіреніп тұрып “шөл даланы-малды еткен”,- “Құм даланы гүлді еткен” -Айтбайдай ағаға тағзым етіп, жатқан жері жаннатта болсын деп көздерінен жас алғандар да болды. Одан әрі қарай А.Назарбековтың 100 жылдығына орай орталық спорт кешенінде қазақша күрестен 4 салмақтан облыстық турнир өтті және бұл турнир ұзаққа созылды. Қызықты ойындарда теке тірес күш сынасты, қазақтың әртүрлі ұлттық ойындары болып, ”Жаңа Қазақстанға” қадам басқан жастарды бір серпілтіп, спортқа деген құштарлығын арттыра түсті. Одан әрі қарай кеңес үкіметі кезінде жаңа типте салынған зәулім ғимарат Мойынқұм ауданының мәдениет үйінде Айтбай Назарбековтің 100 жылдығына арналған кең көлемде конференция болып, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Қайшыбекұлы, облыстық ардагерлер кенесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев, Күләш Айтбайқызы Назарбекова және аудан әкімі Әлихан Балқыбеков қатысып, істі жүргізіп отырды. Бірінші сөзді Қанатбек Мәдібек алып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтау хатын көпшілікке оқып беріп, одан кейін өз құттықтауын жеткізді. Еркінбек Солтыбаев өз сөзінде Сарысу ауданында бірінші хатшы болып тұрғанда көрші аудан бір-бірімен тығыз байланыста болып, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне талай рет жақсы жақтарын айтып отырушы еді деп еске алады. Салынған асфальт жолдар, «ЯК-40» самолеттің Фурмановка-Алматы және Таразға  рейстердің ашылуы, Ұланбел-Алматы автобусының күнделікті қатынауына Айтбай Назарбековтің тікелей қолдауымен болғанын атап өтті. Ал, Мәдікенов Болат өз сөзінде Айтбай ағаның ширек ғасыр  еңбек еткен ауданда әкім болғанымды мақтан тұтамын, ұлы тұлғаның жүріп өткен жолдары мен үшін үлкен сабақ. Мойынқұм халқы Айтбай ағаны құрметтеп қадірлесе мен де осы халықпен бірге екендігімді білдіргім келеді деп Айтбай ағаның суретшіге салғызған үлкен портретін тарту етті. Батырбек Құлекеев арнайы келгенін айта отырып Күләшқа сый-сияпат жасады. Мойынқұм халқына, аудан басшыларына өзінің ризашылығын білдіріп,”өлі риза болмай, тірі байымайды”-деп шын жүректен өзінің көңілін білдірді. Сарысудан барған Алтын Досжанова Айтбай ағаның жары Айтбикенің жақсы ана  екенін, 2 ұл, 8 қызды дүниеге әкелген аяулы ана туралы тебірене сөйлеп,екі тұлғаға шығарған арнауын оқып берді. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарды ”Айтбай Назарбековке 100 жыл” медалімен марапаттады. Күләш Айтбайқызы Назарбекова әкесінің 100 жылдық салтанатты шараға қатысқан қонақтарға өзінің шын жүректен ризашылығын білдірді. Іс-шара А.Назарбековке арналған облыстық ақындар айтысымен жалғасын тапты.

”Адамдық пен адалдық шамшырағы” атты кітабын қыздары, ағайын-туыс, бауырларына, немере-шөберелеріне таратып берді.

Ж.Әмірбеков,

«Айтбай Назарбековке 100 жыл» медалінің иегері,

Сарысу ауданының құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.