АУДАН ӘКІМІ М.СҰЛТАНҒАЛИЕВТІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті аудан тұрғындары!
Құрметті ағайын!
Сіздерді елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын бірегей белгісі – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Рәміздеріміз – ТУ, Елтаңба және ГИМН тәуелсіз еліміздің дербестігін әлемге танытып ғана қоймай, өткені мен бүгінін жалғастырып, болашағымен сабақтастырады.
1992 жылдың 4 маусымында жас әрі тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Міне, сол жұлдызды сәттен бері рәміздерімізге 30 жыл толып, тарих беттеріне алтын әріптермен қалатыны сөзсіз.
«Туы биік елдің — тұғыры биік» деген дана халқымыз.
Бүгінде, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында ауданда да әртүрлі мәдени-көпшілік және ұйымдастыру шаралары да жүргізілуде.
Өткізілген барлық қоғамдық-саяси, салтанатты іс-шаралар мен спорттық жарыстар Мемлекеттік Гимннің орындалуымен ашылып, көк Туымыз көтеріліп, ел рәміздері ұлықталуда.
Яғни, Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсуде.
Құрметті жиналған қауым!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі», – деп айтқанындай, аспан түстес Көк Байрағымыз асқақтап, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз жарқырап, Гимніміз шарықтап, Тәуелсіздігіміз нығая берсін!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!