Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша 5 маусым республикалық референдум өткізуді ұсынды.
Референдум — қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту -халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі болып табылады.
Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі — Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді.
Реформалар сәтті өтсе, халық ел басқаруға қатысады.
Осынша өзгеріс елде демократиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. әлемдік кеңістікте өз орнын айшықтаған тәуелсіз мемлекетіміздің алға қарай да өркендеуі үшін бұрынғы құқықтық жүйенің заман талабына сай жаңаруы – өте маңызды. Осы орайда, Мемлекет басшысы еліміздің саяси өміріндегі ең маңызды шешімді қабылдап, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлады және референдум жарияланды. Бұл жаңа саяси реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы орайда барша Отандастарымызды, жерлестерімізді осынау аса жауапты кезеңде саяси оқиғадан тыс қалмай, референдумға бір кісідей қатысуға шақырамын!
А.Сейналиев,
аудандық мәслихаттың хатшысы
Референдум –жарқын болашақ кепілі
Конституциялық реформа- мемлекет басшысының наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс- шара. Ата-Заңға енгізілетін түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мақсат- мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ел Президенті сол себепті маусым айының бесінші — жұлдызында «Республикалық референдум» өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда бұл тақырып әлеуметтік желілерде жан-жақты талқылануда. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ең алдымен азаматтардың өткір де өзекті мәселелерін шешіп, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына тікелей көмектесе отырып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен және азаматтық қоғамға жат құбылыстармен күресіп, әділетті өмір сүруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар конституциялық реформа мемлекет дамуының тың, жаңа кезеңіне серпін береді. Бастысы сол, қарапайым халықтың болашағын айқындайды. Сондай-ақ Ата Заңға түзетулер енгізу бойынша Республикалық референдум өткізу еліміздің саяси дамуындағы маңызды қадам екендігі және жекелеген топтарды емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту сонымен қатар ел іргетасын нығайтуды көздейтіндігін түсінгеніміз жөн. Ал ол өзгерістер мен толықтыруларды бесінші маусымда өтетін саяси науқан барысында сіз бен біз яғни тұрғындар шешетін болады.
Сондықтан аудан жұртшылығын референдумға бей-жай қарамай бір кісідей қатысуға шақырамын.
Ш.Ералиев,
аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы