Қос көпқабатты үй пайдалануға берілді

0

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін барынша шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында.

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Биыл аудан жұртшылығының игілігі үшін бірқатар нысандар ашылып, ауданның әлеуметтік жағдайы артып келеді. Қалада жылдан-жылға қайта жаңғыртылған көпқабатты үйлер баспана мәселесін шешіп, өз сәнімен қаламыздың көркін кіргізуде.
Осыған орай Жаңатас қаласы 6-шағынаудандағы №11/3 -ші тұрғын үйі салынып, пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов пәтер кілтін табыстау салтанатына арнайы қатысты.
-Сіздерді шаңырақтың бірлігі мен ұлт тұтастығының көрінісіне баланған — Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын.
«Отан-отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын маңызын жоғалтқан емес. Отбасы – қоғамның діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: — Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан- отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт — дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады, — деп отбасының еліміздің тірегі екенін айқындаған.
Ауданымызда жыл басынан бері 35 отбасы шаңырақ көтеріп, заңды некелерін қиды. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер, аудандық алқабилер кеңесінің отбасының беріктігін нығайтуда қосып жүрген үлесі зор. Сондай — ақ, «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық — зомбылық құрбандарына әлеуметтік — психологиялық кеңес беру» кабинеті, аудандық АХАЖ бөлімі мен медиаторлардың еңбегін атап өткен дұрыс. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында отбасын сақтап қалып, жұптардың жарасып кетуіне ықпал ету, отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу бойынша профилактикалық жұмыстар жемісін беруде. Жыл сайын дәстүрге айналған «Үлгілі отбасы» байқауы ауданымыздағы өнегелі жанұяның бірлігін насихаттауға басты қадам деп білемін. Ауданымыздан іріктелген отбасылар облыстық деңгейде жүлдегер атанып, ауданымыздың абыройын арттырып келеді.
Мерейлі мереке қарсаңында Жаңатас қаласында пайдалануға берілгелі отырған 60 пәтерлі 6-шағынаудан №11/3 тұрғын үйдің ашылуында бас қосып отырмыз. Кезек күткен әр отбасыны тұрғын үймен қамту — мемлекеттік саясаттың негізгі тетігі болып саналады.
Бүгінде, Жаңатас қаласында пәтер алу кезегінде — 1 715 адам тіркелген.
Аталмыш тұрғын үй қаламызда Тәуелсіздік жылдарында соғылып отырған алғашқы жаңа нысан екенін айта кеткен жөн.
Мердігер мекеме – «БурМонтаж» ЖШС- і құрылысты сәтті жүзеге асырып отыр. Аталмыш жобаға 1 млрд. 148 млн. теңге бөлінді. Құрылыс 2025 жылы бас­тау алған болатын. Келешекте тағы осындай жобаларды іске асыру бойынша ұсыныс берілді. Алдағы уақытта да жаңа тұрғын үйлер салынып, тұрғындардың игіліктеріне берілетініне сенім мол, -деп еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілеп, қоныстой иелеріне пәтер кілтін тапсырды.
Сонымен қатар Жаңатас қаласы 1-шағынаудандағы №45-ші, 63 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді.
Жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, қоныстой иелеріне пәтер кілтін тапсырды.
Мұнда 1 бөлмелі – 29, 3 бөлмелі – 34 пәтер бар.
Жаңа пәтерлер көпқабатты үйлерде орналасқан, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылған және қажет инфрақұры­лыммен қамтамасыз етілген. Үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. ⁣⁣

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.