Чернобыль оқиғасына биыл-40 жыл

0

Адамзат тарихында дүниені дүр сілкіндірген апатты жағдайлар дүркін-дүркін ұшырасып тұрады. Сондай, жаһанды жалт қаратқан қайғылы да қатерлі оқиға Чернобыль қаласында орын алып, атом стансасында жарылған болатын. Чернобыль апатының зардабы мен залалын қалпына келтіруге жергілікті халық қана емес, одақтас республикалардан мыңдаған адам атсалысқан. Нәтижесінде қаншама адам сол атомның зиянды сәулесінен денсаулығынан айырылып, жапа шекті.

Ғасырдың зұлмат зардабы – Чернобыль оқиғасына биыл-40 жыл. Осыған орай сарысулықтар ядролық апат құрбандарын еске алып, ажал уын жоюға қатысқандардың рухына тағзым етті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ж.Сақыпбеков, апатты жоюшылар, «Чернобыль Одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, мәслихат депутаттары мен қала тұрғындары қатысты.
Жиналғандар радиациялық апат құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ аудандық кітапханада Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысқан азаматтарды қабылдау рәсімі өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков сөз сөйледі.
-Чернобыль апаты тарихтағы қорқынышты ядролық апаттардың бірі болып саналады. Халық көптеген ерлік жасады – құтқарушылар, еріктілер қараусыз қалған үйлерді тонаудан қорғады, көмек көрсетті. Сол мазасыз күндерде көптеген қазақстандықтар жанқиярлық, адамгершілік көрсетті. Адамзатқа орны толмас қасірет әкелген Чернобыль апатына биыл-40 жыл. Бұл апат қаншама адамның тәнін ғана емес жүрегін де жаралады. Талайдың тағдырын шайқаған Чернобыль апатын залалсыздандыруға Кеңес Одағы бойынша 276 әскери бөлім қатысқан. Солардың ішінде 31 мыңнан астам қазақстандықтар бір кісідей жан аямай атсалысты.
Бұл апаттың орын алғанына 40 жыл болса да, оның зардаптары әлі күнге дейін толастаған жоқ. Өкінішке орай, уақыт сол қасіретті оқиғаларға қатысушыларды біздің қатарымыздан мезгілсіз алып кетіп жатты. Бірақ ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды, – деп ардагерлерге сый-сияпат жасады.
Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз алып, Чернобыль апаты жайлы жан-жақты тоқталып, куәгерлерге құрмет көрсетті.
Жиын барысында Чернобыль апатының куәгерлері де құрмет көрсетіп жатқан аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, елдің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тіледі.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Еске сала кетейік, Чернобыль атом электро­стансасындағы ядролық апаттың орын алғанына биыл-40 жыл. Осылайша, адамзат тарихында техногендік жарылыс – Чернобыль атом-электр стансасының төртінші блогі жарылып, әлемдегі ең ірі апат ретінде тарих бетінде қара дақ болып қалды.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.