МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІ: СӘН-САЛТАНАТ ПА, ӘЛДЕ САНАЛЫ ТАҢДАУ МА?

0

Құрметті ата-аналар мен ұстаздар!
Әр ата-ана үшін бала – ең қымбат қазына болса, әрбір білім беру ұйымы үшін оқушының білімі, тәрбиесі мен қауіпсіздігі – басты құндылық. «Тәрбие – тал бесіктен басталады»-деген тағылымды тұғырды тірек еткен қоғам үшін оқу жылының аяқталуы – тек қорытынды сәт емес, жауапкершілікті арттырар кезең.
Соңғы жылдары мектеп бітіру кештерін өткізу барысында шектен тыс сән-салтанатқа ұмтылу, ысырапшылдық, орынсыз бәсекелестік сияқты жағымсыз үрдістер байқалуда. Мектеп бітіру кеші – оқушы өміріндегі маңызды кезең болғанымен, оның мазмұны тәрбиелік мәннен алшақтамауы тиіс. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар кезінде орын алып жатқан қайғылы жағдайлар балалардың қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін айқындайды.
Ата-аналар арасындағы бәсекелестік әлеуметтік теңсіздікке әкеліп, кейбір отбасыларға қаржылық қиындықтар туғызады. Бұл өз кезегінде балалардың психологиялық жағдайына кері әсер етіп, олардың өздерін төмен сезінуіне себеп болуы мүмкін. Осы ретте мектеп бітіру кешінің негізгі мақсаты – мектеппен қоштасу, ұстаздарға алғыс білдіру және сыныптас­тармен естелік қалдыру екенін естен шығармаған жөн.
Мектеп қабырғасында соңғы жылдары алаңдатарлық бір үрдіс белең алып барады. Әсіресе 4, 9, 11-сыныптарда түрлі себептермен қаражат жинау, мақсатсыз іс-шаралар ұйымдастыру, мұғалімдерге немесе мектепке сыйлық ұсыну, емтихан кезеңінде ақша жинау сияқты әрекеттер біртіндеп қалыпты жағдайға айналып келеді. Оған қоса бітіру кештері кезінде көлік жалдап, автошеру өткізу де «дәстүр» ретінде қабылдана бастағаны жасырын емес. Алайда мұндай әрекеттердің заңға қайшы екенін көпшілік біле тұра, «балам қатарынан кем болмасын» деген оймен ата-аналар оған еріксіз келісім беруде. Жыл сайын алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, бұл бастамалар көбіне ата-аналардың өзара келісімімен қайта жанданып жатады. Осындай жағдайда ең бастысы ұмыт қалмауы тиіс нәрсе – бала тәрбиесі мен оның құқығы. Әр бала тең, ешқайсысы артық та, кем де емес. Сондықтан қоғам болып осы келеңсіз үрдістерге тоқтау қойып, саналы ұстаным қалыптастыру – уақыт талабы.
Құрметті ата-аналар мен ұстаздар!
Әр бала – елдің болашағы. Олар әлі де өмірлік тәжірибесі толық қалыптаспаған жасөспірімдер. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен дұрыс құндылықтарды қалыптастыру – ересектердің тікелей міндеті. Балалардың ойындағы сән-салтанатқа ұмтылу олардың жас ерекшелігіне тән болғанымен, оның салдарына жауап беретін – біз.
Әсіресе көлік жалдау және автошеру өткізу – аса қауіпті. Жыл сайын мұндай жағдайлар жол-көлік оқиғаларына әкеліп, қайғылы салдар туындатуда. Осыған байланысты ең алдымен баланың өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қою қажет. «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және білім саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтау – баршамыздың міндетіміз. Мектеп бітіру кеші – бәсекелестік пен ысырапшылдықтың емес, тәрбиелік мәні бар, қауіпсіз әрі мазмұнды іс-шара болуы тиіс.
Сондықтан, жоғарыдағы іс-шараларға тыйым салынады. Мектеп директорлары, орынбасарлары, сынып жетекшілері, ата-аналар!
Сіздер де осы мәселенің қауіпті жағын, әлеуметтік жағынан салмақ екенін барша мектеп бітірушілерге түсіндірулеріңізді сұранамын.
Ата-аналар мен ұстаздар үшін хабарласуға тел: 6-12-16
Инстаграмм желісі: sarysubilim

Жуаныш Жарықбасов, Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.