ҰЛАНБАСЫ БОЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Аудан көлемінде жас ұрпақтың бойындағы көшбасшылық қабілеттерді шыңдап, белсенділік пен жауапкершілікті арттыру мақсатында 15 сәуір күні ерекше рухтағы тағылымды шара – «Үздік Ұланбасы – 2026» аудандық байқауы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.
Бұл байқау – тек жарыс қана емес, жас буынның бойындағы жігерді жанып, ел ертеңіне деген сенімді нығайтатын маңызды алаңға айналды. Ауданның он үш білім беру ұйымынан жиналған үміткерлер өздерінің білімділігін, тапқырлығын, шешендігін және көшбасшылық қасиеттерін жан-жақты көрсете білді.
Сайыс барысында қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша бақ сынап, көпшілік алдында еркін сөйлеу, топты ұйымдастыру, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау сынды маңызды дағдыларын паш етті. Әрбір қатысушының өнері мен талпынысы көрермендер мен әділ-қазылар алқасына ерекше әсер қалдырды.
Байқау қорытындысы бойынша, әділ-қазылар шешімімен I-орынды М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Даниярбек Инабат иеленіп, «Үздік Ұланбасы – 2026» атағын қанжығасына байлады. Ал II-орын М.Әуезов мектеп-гимназиясының оқушысы Зарлыхан Ғалияға бұйырса, III-орынды Ж.Отарбаев атындағы орта мектептің оқушысы Айбол Лаура еншіледі. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар, байқауға қатысқан өзге де белсенді оқушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, олардың әрқайсысының еңбегі мен талпынысы жоғары бағаланды.
Аталған шара – жас көшбасшыларды қолдаудың, олардың бойындағы азаматтық белсенділікті дамытудың жарқын үлгісі. «Үздік Ұланбасы – 2026» байқауы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел болашағы саналатын жас буынның жаңа белестерді бағындыруына жол аша беретіні сөзсіз.
Бота БЕТАЕВА, білім бөлімінің әдіскері