ҚАЛАДА ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0

Үстіміздегі жылдың 6 ақпаны күні ауа райының күрт бұзылып, желдің қатты соғуына байланысты, қаладағы бірқатар нысандар мен көпқабатты тұрғынүйлердің шатырлары зақымданып, талдар құлап, сондай-ақ электр сымдары үзілген болатын. Сол күні-ақ, аудан әкімі Сәкен Мамытов бастаған мекеме-кәсіпорын басшылары қаланы аралап көріп, қираған, бүлінген, сынған терезелерді, ұшқан шатырларды қалпына келтіру жұмыстарын тиісті мекеме басшыларына тапсырма берген болатын.
Қатты желдің салдарынан 3 үйдің шатыры толық, 7 үйдің шатыры жартылай, сондай-ақ, жеті кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлінген болатын.
Осы уақытқа дейін сынған терезелер қайта салынып, ұшқан шатырлар мен сынған талдардан қала көшелері тазартылды. Сондай-ақ, үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың шатырларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты, қаламызда тазалау жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техникалар мен жұмысшы топ қалдықтардың орнын тазалап, арнайы орындарға жеткізуде.
Ал, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қатты желдің салдарынан зақым келген құрылыс элементтерін қалпына келтіру мақсатында Жаңатас қаласының тұрғындарымен және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен профилактикалық — түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тұрғындарға көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларынан, балкондарынан және ғимарат қасбеттерінен әртүрлі заттардың құлау қаупі бар екені ескертіліп, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі айтылды. Атап айтқанда, желді және боранды күндері ғимараттардың маңында ұзақ тұрмау, балаларды қараусыз қалдырмау, күмәнді салбырап тұрған заттарды байқалса, тиісті қызметтерге хабарлау керектігі айтылды.
Сонымен қатар, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым қызметкерлеріне биіктікте жұмыс істеу кезіндегі еңбек қауіпсіздігі талаптары, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, қоршау белгілерін орнату және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нұсқаулықтар берілді. Аталған шаралардың негізгі мақсаты-боран салдарынан туындауы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу, тұрғындар мен жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі алдағы уақытта да табиғи құбылыстар кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жұмыстарды алып баратын болады.

Камели СҮЛЕЙМЕНОВА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.