ҚР жаңа Конституциясының жобасы бойынша түсініктеме желілері
Конституцияның кіріспесі
1. Кіріспеде біздің ұлттық құндылықтарымыз нақты жазылған, сондықтан олар қанша уақыт өтсе де, мызғымас бола түсті.
Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тамыры бейнеленген. Еліміздің Ұлы даланың ұлы мемлекеттерімен сабақтастығы туралы нық мәлімделді.
Мемлекеттің біртұтас сипаты, шекараларға қол сұғылмаушылық және аумақтық тұтастық жеке қағидаттық ережемен белгіленді. Бұл бағдарлар Қазақстан Республикасының егемендігін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту басымдығын көрсетеді.
2. Кіріспеде «Әділеті Қазақстан» құндылық бағдарлары және «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілген, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы расталған, бұл әділетті мемлекеттік басқаруға, заңдылықты нығайтуға және институттарға деген сенімді арттыруға ұмтылысты көрсетеді.
Қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың негізі ретінде этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға елеулі көңіл бөлінеді.
Мәдениет пен білім, ғылым мен инновация елдің бәсекеге қабілеттілігі мен адами капиталды дамыту факторлары ретінде болашақтың басымдықтарымен белгіленеді. Жалпы құндылық ретінде табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық әл-ауқат үшін жауапкершілік те бекітіледі.