қоғамдық диалогтың маңызды институты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордадағы Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінен: — «Осы ұстаныммен жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квотаны қоса алып тастауды ұсынғандар болды. Бірақ, бұл – мүлде басқа мәселе.
Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын.
Бұған қоса, партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылды.
Бұл ереже кезінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді.
Межені төмендету арқылы Парламенттегі ірі саяси күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуді мақсат тұтқан едік. Бүгінгі таңда осы норманың тиімділігіне көзіміз жетті.
Ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты партияның өтуі – соның айқын дәлелі. Сондықтан мен бес пайыздық межені қалдырған жөн деп санаймын».
Бүгінгі таңда Ұлттық құрылтай — бұл жай ғана пікірталас алаңы емес, әлеуметтік әділеттілік, жұмыспен қамту, табыс деңгейі және азаматтардың өмір сүру сапасы сияқты өзекті мәселелер көтерілетін қоғамдық диалогтың маңызды институты. Кәсіподақтар үшін отырыс күн тәртібінде лайықты еңбек, еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау және әлеуметтік серіктестіктің рөлі туралы тақырыптардың қамтылуы аса маңызды.
Ұлттық құрылтайдың Қызылорда өңірінде өтуі – тарихқа тағзым. Бір кезде қазақ мемлекеттілігінің негізі қаланған, Алаштың аманаты қалған Сыр бойында бүгін ұлт болашағы талқыланды. Бұл – өткен мен бүгіннің, жауапкершілік пен үміттің тоғысқан сәті.
Құрылтайда ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту, мәдениет саласын қолдау және басқару жүйесіне жаңа серпін беретін бастамаларды жариялады. Ең бастысы – ел дамуы үшін батыл шешімдер қабылданды.
Президент ұлттық мұраны сақтау мәселесіне де ерекше тоқталды. Абай ілімінің ұлттық бірегейлігіміздің өзегі екенін атап өтіп, ақынның «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу қажет екенін айтты. Бұл – Абай мұрасын әлемге кеңінен танытатын маңызды бастама.
Сондай-ақ құрылтай барысында көпшілікті алаңдатқан парламенттік реформа мәселесі сөз болды. Бір палаталы Парламент құру идеясы халық тарапынан қолдау тапқаны айтылды. Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беруді ұсынып, мәселе санда емес, сапада екенін атап өтті. Депутат саны артпайды, комитеттер саны 8-ден аспайды, депутаттар 5 жылға сайланады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайды Халық Кеңесіне біріктіруді және вице-президент институтын құруды ұсынды. Вице-президент Президенттің ұсынуымен, Парламенттің келісімі арқылы тағайындалады және оның өкілеттігін Мемлекет басшысы айқындайды.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай ел дамуына жаңа бағыт берген, тарихи маңызы зор жиын болды. Мұнда айтылған бастамалар Қазақстанның болашағына деген сенімді күшейтетіні сөзсіз.
А. Жолмаханова,
облыстық мәслихаттың депутаты,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры