Аудан әкімі С.Мамытовтың 1 қыркүйек-Білім күні мерекесімен құттықтауы
Құрметті ұлағатты ұстаздар!
Қадірменді ата — аналар мен оқушылар!
Сіздерді 1 қыркүйек — Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл ұстаздар мен оқушылар, ата – аналар үшін ерекше тебіреніске толы күн.
Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында: -Ұстаз-ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар, — деп ұстаз мәртебесінің маңыздылығына тоқталды. Расында бүгінгі таңда, ұстаздарға деген қоғамның құрметі ерекше болуы тиіс.
Бүгінде үкімет білім аламын деген жастарға жан-жақты қолдауларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл туралы Президентіміз:-Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да осы,-деп нақты айтты.
Жаңа оқу жылына 8 900-ға жуық оқушы білім алады. 1-сыныпқа қабылдауға 764 өтініш қабылданды. Жалпы білім беру нысандарында 1 800-ден астам педагог қызмет етуде.
Ағымдағы жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев және Игілік ауылындағы Шоқай датқа орта мектептері 233 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы мен Шағалалы орта мектебіне 29 млн. теңгеге блок модульді газ жүйесі орнатылды.
Бұдан бөлек, көптен бері көтеріліп келген Жаңатас қаласындағы «Болашақ» бөбекжай-бақшасына 355 млн. теңге қаржы қаралып, ғимарат күрделі жөндеуден өтуде.
Бүгінгі таңда, ауданымыздағы іргелі білім ошақтарының бірі-Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебіне «Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыру бюджеттік бағдарламасымен 113 714,0 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа оқу жылында пайдаланылуға беріліп отыр. 520 орындық мектепте 318 оқушы білім алады. Мұнда шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ, асық ату, футбол, баскетбол, «Айбын» әскери патриоттық және бокс үйірмелері жұмыс жасайды.
Аталған жобалардың барлығы балаларымыздың сапалы тәрбие мен білім алуы үшін жасалуда.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады»-деп Абай атамыз айтқандай, қазір білімдінің заманы.
Білім адам баласының өмірлік серігі, өз тағдырының тұғыры болса, білімді, тәрбиелі ұрпақтың бастауы білім ошақтары.
Еліміздің өсіп-өркендеуі-ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына, мектеп біліміне тікелей байланысты. Сондықтан да, білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біздің елімізде сапалы және қолжетімді білім алуға қолайлы жағдайлар жасалған. Жыл сайын білім саласына қаражат көлемі ұлғаюда, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нығаюда, оқу процесіне жаңа технологиялар енгізілуде.
Құрметті ұстаздар, жас достар мен ата-аналар!
Бүгінгі Білім күні оқушыларды, мектеп ұжымдарын, ата-аналарды, әсіресе мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отырған бүлдіршіндерді шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерге жақсы көңіл-күй, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, білім жолында жаңа жетістіктерге жетулеріңізді тілеймін!
Жаңа оқу жылы баршамызға табысты, жемісті жыл болсын!
Білім күні құтты болсын!