Ата Заңымыз-айбынымыз!
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді тарихи мәні зор, ұлық мерекеміз-Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн-халқымыз үшін аса қастерлі мереке. Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастау алған бүгінгі Конституциямыз-еліміздің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат. Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған негізгі заңымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл толып отыр. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі негізін қалады. Республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде тиімділігін дәлелдеп, сол күннен бастап тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді.
Тәуелсіздіктің тірегіне айналған Ата Заң-мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негіз болды, қоғамдағы саяси тұрақтылықтың, азаматтық татулық пен ұлттық келісімнің кепілі болып табылады.
Еліміздің экономикасының қазіргі даму деңгейі алдымызға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешуімізге мүмкіндік беріп отыр. Бұл тарапта қазақстандық әрбір белсенді азаматтың еңбегі бар деп айтуға болады. Ауданымызда тың бастамалар мен жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандардың халық игілігі үшін пайдалануға беріліп, әлеуметтік-экономикалық дамуда қарқынды өзгерістердің куәсі болып келеміз.
Қастерлі Ата Заңымыз бейбітшілік пен берекелі өмірдің, заңның үстемдігі мен әділеттіліктің тұғыры болып саналады. Демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы.
Қымбатты жерлестер!
Осынау тарихи мәні терең мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, бірлігіміз бекем, келешегіміз кемел болсын!
Шаттық Мұсабеков,
аудандық мәслихаттың төрағасы