Ветеринария қызметкерлері марапатталды
Адамзаттың амандығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді. Халқымыздың жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін ет пен дастарқанынан үзілмейтін ағарғаны төрт түлікке тікелей байланысты екенін назарға алсақ, елімізде ветеринария саласының қаншалықты маңыздылығын бағамдай беріңіз. Адамның өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарияның атқаратын міндеті зор.
Мемлекет басшысы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Үкімет инфрақұрылымды нығайту, ең заманауи жабдықтар сатып алу, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.
Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытов ветеринария саласының қызметкерлерін қабылдады.
Жиын барысында аудан басшысы Сәкен Мамытов:
— Ветеринария саласында жұмыс істеу-жоғары біліктілікті, жауапкершілікті және іске деген адалдықты талап етеді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жануарлардың денсаулығы, азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.
Жануарлардың денсаулығын қорғау арқылы сіздер еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырсыздар. Біліктіліктеріңізбен мамандыққа деген адалдықтарыңыз ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлкен септігін тигізуде. Еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, жемісті болсын,-деп сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ауданда ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Ветеринария мамандарына көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы да айтты. Ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген, аудан көлемінде еселі еңбегімен ерекшеленген ветеринария қызметкерлерін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков сөз сөйледі.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ветеринария-ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Бұл сала ел өмірінде айрықша орынға ие»,-деп бірқатар қызметкерлерге аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды тапсырды.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев ветеринария қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік, отбастарына амандық, ауданның гүлдену жолындағы жұмыстарына абыройлы табыстар тіледі.
Марапат иелері де өз кезегінде аудан басшылығына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»