Мопедтерді тіркеуге мән беру керек

0

Кейінгі жылдары Сарысу ауданында  автокөліктермен қатар мопед, скутерлердің де саны артып келеді. Әсіресе көктем шығып, күн жылынған уақытта  мопед тізгіндеген

жастар қатарының күрт өсетіні белгілі. 

Бұл жол-көлік оқиғаларының көбеюіне соқтыратындығы сөзсіз. Себебі желіккен жастар қарапайым жол ережесін сақтай бермейді. Сондықтан да  тұрғындар мопедтер мен электрлі скутерлерді пайдаланудың тәртібін, қозғалыс ережесін реттеуді талап етіп келген болатын.

Көптің сұрауы ескеріліп, 2024 жылы 15 мамырда өткен  ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен іліспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.  Сол тұста Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева:

«Құжаттарды талқылау барысында Парламент Мәжілісінде тиісті нақтылаулар енгізілді. Мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданғаннан соң 6 айдан кейін басталады. Жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Қозғалтқышы бар велосипед ұғымы нақтыланды. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады», — деп түсіндірген болатын.

Талап болған жерде ғана тәртіп сақталатындығы ақиқат. Енді міне, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мопедтерді тіркеудің мерзімі аяқталып келеді. Дейтұрғанмен әлі де бейқамдық танытып,   алаңсыз жүрген азаматтар аз емес. Осы орайда құзырлы органдар тұрғындарды мүмкіндік пен уақытты тиімді пайдаланып, мопедтерді  5 сәуірге дейін тіркеп алуға шақыруда. Мысалы, ҚР Ішкі істер министрінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешов 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынатындығын ескертіп отыр.

— Құрметті азаматтар! Естеріңізге сала кетейік, мопедтерді тіркеп үлгеру үшін аз  ғана уақыт қалды. Заң бойынша 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынады. Мұндай құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілік көзделеді. Қазіргі уақытта республика бойынша 8527 мопед тіркелді. Оны тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алу керек: жеке басты куәландыратын құжат, электронды түрі де жарайды, техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер. Өтінішті толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, көлік құралын тіркеу, тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік нөмір алу үшін мемлекеттік баждарды төлеу қажет. Тіркеуді кейінге қалдырмаңыздар! Өзіңіз үшін «жағымсыз салдардан» аулақ болу үшін мопедті заң талаптарына сәйкес келтіргеніңіз абзал, — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Сарысу аудандық полиция бөлімі де бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі парақшаларда жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Құрметті азаматтар! Сарысу аудандық полиция бөлімі 2025 жылғы 5 сәуірден  бастап заңнамалық өзгерістер күшіне енетінін ескертеді.  Бұл мопедтерді механикалық көлік құралдарына теңестіреді. Аталған күннен бастап мопедтерді пайдалану тек полицияда тіркеуден өткен, A1, A және B санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық тексеруден өткен және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Қажетті құжаттар:

— Жеке куәлік (электронды түрде көрсетуге болады);

— Техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер.

—   Өтініш толтыру;

—   Мопедті тексеруден өткізу;

— Тіркеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеу: мопедті тіркеу үшін 0,25 АЕК (983 теңге.), тіркеу куәлігін беру үшін 1,25 АЕК (4 915 теңге) және мемлекеттік нөмір алу үшін 1,4 АЕК (5 505 теңге).

Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жеріңіздегі арнайы ХҚКО-ға жүгіну қажет:

  1. Жаңатас қаласы арнайы ХҚКО: Жібек жолы 1 А
  2. Тараз қаласы арнайы ХҚКО: Төлеби,198;
  3. Тараз қаласы арнайы ХҚКО: Қойгелді,158;
  4. Меркі ауылы ХҚКО: Сарымолдаев көшесі 158 «в»;
  5. Қордай ауылы ХҚКО: Строение көшесі,25;
  6. Шу ауданы Төлеби ауылы ХҚКО: Аубакирова көшесі, 30;
  7. Қаратау қаласы, ХҚКО: Молдағұлова көшесі, 49/1.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалану және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынатынын ескере отырып, Сарысу аудандық полиция бөлімі мопед иелерін алдын ала тіркеуден өтуге және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға мопед жүргізу құқығын алу үшін автокөлік мектептерінде оқуға кеңес береді.

Қосымша сұрақтар бойынша сағат 09:00-ден сағат 19:00-ге дейін келесі телефон нөмірлеріне хабарласыңыз: 8-7262-99-76-46.

Сарысу аудандық полиция бөлімі мопедтерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алу мәселелерін соңғы күндерге қалдырмауды ұсынады» деп жазылған Сарысу аудандық полиция бөлімінің хабарламасында. Данқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген аталы сөзі бар. Құқықтық қоғам қалыптастыру жолында заң талаптарының қатаң сақталуы маңызды. Сондықтан да қауіпсіздік шараларын қаперден шығармай, мопедтерді  дер кезінде тіркеуге мән беру қажет.

«Sarysý-Aqparat»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.