Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыста негізгі назар экономикалық тұрақтылықты нығайту және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту болды.
Мемлекет басшысының айтуынша, «орта держава» мәртебесі тек саяси салада ғана емес, «экономика, инвестиция, ғылым және технология саласындағы практикалық жетістіктерді» де дамытуды көздейді.
Бұл үшін маңызды факторлардың бірі – жақын көршілермен (аймақтың бәсекелестік артықшылықтарын күшейту), сондай-ақ әртүрлі салалардағы (Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО елдері, Таяу Шығыс, Азия және т.б.) әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастық орнату.
Бұл ретте, ынтымақтастық салалары шектелмеуге тиіс. Үкіметке өнеркәсіпте, көлікте және логистикада, IT-секторда, АӨК және басқа да салаларда өзара тиімді байланыстарды дамыту бойынша нақты шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.
Президент қазіргі таңдағы басты мәселені атады.
Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін.
Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады.
Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек.
«Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс.
Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.
Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.
Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек»
Камели Сүлейменова, «Сарысу» газетінің жауапты хатшысы