Аппараттық кеңес өтті

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудандық аппараттық кеңес өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды.

Аппараттық кеңестің күн тәртібінде бірінші «2023 жылдың 6 айымен ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамды орындалуы туралы» мәселе қаралды. Аталған мәселеге байланысты аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Сұлтан баяндама жасады.
2023 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімдері 42 млрд. 200 млн. теңгені құраса (нақты көлем индексі 102,0 пайыз), ауыл шаруашылығының  жалпы өнімі 4 млдр. 740,2 млн. теңгеге өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 102,2 пайызды құрап отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар қаңтар-маусым айларында 16 млрд. 750,0 млн. теңгеге болжанып, 120,3 пайызды, ал құрылыс көлемі 2 млрд. 866,0 млн. теңгеге болжанып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100 пайызды құрайтын болады.
Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі қаңтар-маусым айларында 6479 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100 пайызды құрап отыр.
Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы  болжаммен 1 млрд. 410,0 млн. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 110,0 пайызға орындалады.
Сонымен қатар, күн тәртібінде қаралған екінші мәселе Жаңатас қаласында «109 бірыңғай диспетчерлік қызметінің» жұмысын ұйымдастыру туралы баяндамашы Жаңатас қаласының әкімі Д.Борсықов атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Ибрайхановтың 2023 жылдың 26 мамырдағы        №38    хаттамалық    тапсырмасына сәйкес  «Jambyl 109»  қызметінің «AIKEY» жүйесіне тіркеліп, орнату тапсырылған.
Қазіргі таңда қала әкімі аппараты тарапынан аталған жүйені орнатуға бюджеттік өтінім берілді.
«Jambyl 109» қызметінің «AIKEY» жүйесінің жұмысын үйлестіру үшін қала әкімі аппаратының ғимаратынан арнайы бір бөлме (кабинет) жасақтап, «AIKEY» жүйесі арқылы қызмет жасайтын келісімшарт негізінде 8 қызметкерді жұмысқа қабылдау жоспарлануда.
Олар: 1 штат — тапсырмаларды орындау жөніндегі инспектор, 1 штат – статистик, 6 штат – операторлар.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сәкен Үмбетұлы сала басшылары мен жауапты мамандарды тыңдап, жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

Жиын соңында аудан басшысы ауданда атымтай жомарттығымен көзге түсіп, қайырымдылық жасауда алдына жан салмай жүрген меценат, жеке кәсіпкер Тоқтасын Блалиевке «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырып, еңбегіне жеміс, отбасына амандық тіледі.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызметкерлер марапатталды

23 маусым Мемлекеттік қызметшілер күні, Қазақстан Полициясы күні және 24 маусым — Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай, аудан әкімдігі ғимаратының мәжіліс

 залында салтанатты жиын өтті.

Жиынға аудан әкімі С.Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық прокуратураның басшысы Д.Алдабергенов, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы А.Айбосынов, мекеме және бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Шарада С.Үмбетұлы сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Мұнан соң сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков ауданымыздың даму жолында аянбай еңбек еткен етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер, аудандық полиция бөлімі мен соттың потенциалы қашан да жоғары екенін атап өтті.
Халық сеніміне ие болып, мемлекеттік қызметті  абыроймен атқарып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілер, сот және ішкі істер саласының қызметкерлері облыс, аудан әкімдерінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар,  бірқатар ішкі істер саласының ардагерлері ішкі істер органының төсбелгілерімен марапатталды.

Самат Тоқбанов,

 «Sarysý»

Аудан басшысы үздіктерді қабылдады

«ХХІ ҒАСЫР БОЙ ЖАРЫСТЫРАТЫН ЗАМАН ЕМЕС, ОЙ ЖАРЫСТЫРАТЫН ЗАМАН»,-ДЕП КЕМЕҢГЕР КӨШБАСШЫМЫЗ АЙТҚАНДАЙ, ХХІ ҒАСЫРДЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ, ОЙЫ ОЗЫҚ, ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТТІ, ТАРИХ ТОЛҚЫНЫМЕН ӨЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ ӘЛЕМІНЕН ОЙ ҚОРЫТА АЛАТЫН БІЛІМІ БАР АЗАМАТТЫ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ЖӘНЕ МІНДЕТІ.

11 жыл бойы мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің таразыға түскен сәтінде жоғары көрсеткішке жетіп, сенімді ақтаған түлектеріміз бен сол түлектердің бойына білім нәрін сепкен ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Біздің түлектеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай қызмет жасаған ұстаздарымыздың еңбегі айрықша. Сондықтан да түлектердің жеңісі- ұстаздардың талай жылғы еңбектерінің жемісі.

Осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Болашақ-жастардікі»   тақырыбында «Алтын белгі» төсбелгісі мен ерекше үлгідегі аттестат иегерлерін марапаттау жиыны болып өтті. Ауданда былтырғы оқу жылының қорытындысына көз жібергенімізде 2021- 2022 оқу жылында жалпы аудан бойынша 11 сыныпта 368 оқушы мектеп бітіріп, 18 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін, 27 оқушы Үздік аттестат иегерлері атанған болса, биылғы 2022-2023 оқу жылында аудан бойынша 385 оқушы мектеп бітіріп, олардың ішінде 8 оқушы «Алтын белгі» төсбелгі, 38 оқушы Үздік аттестат иегерлері атанып, өз білімдерін дәлелдеді. Бұл дегеніміз жылдан-жылға аудан мектептерінде мектеп оқушыларының білімге деген құштарлығы артқандығын дәлелдейді. Биылғы оқу жылында шамалы болса да ұстаз еңбегінің ақталғанын көрсетіп тұр. Кездесуде сөз сөйлеген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы Мамытов оқушыларды құттықтады. -Құрметті білім саласының қызметкерлері және біздің озат шыққан үздік мектеп бітіруші түлектеріміз. Бүгін мен ауданымыздың үздік оқушыларын қабылдап, сіздермен арнайы кездесіп, бас қосып отырмын. Сіздер үшін осынау күн айшықты да айдынды, мерекелі де мерейлі, табысты күнге айналып отыр. Өйткені сіздер дәл осынау күні өзіңіздің қимас бір мекеніңізге айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, бойларына білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектептен түлеп ұшқалы тұрсыздар. Сіздер мектеп партасында отырып, ұстаз аузынан естілген әрбір білім жаңалығының қабылдаушысы болып қана қоймай, мектептерде өткізілген қаншама игілікті шаралардың бел ортасында жүрдіңіздер, жарқын да мағыналы істердің жанашыр куәгері атандыңыздар. Бүгінгі түлектер – жаңа өмірдің жаңа толқындары. Сіздерді алда «Болашақ» атты үлкен кеме күтіп тұр. Сол кемемен өмір-өзен толқындарында желкендерің қисаймай, түзу жүзіп, көздеген мақсаттарыңа жетулеріңе тілектеспін,-деді. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Бапашұлы Мұсабеков те сөз сөйлеп, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге сәт сапар тіледі.

Аудан әкімі, аудандық мәслихаттың төрағасы және аудандық білім бөлімінің басшысы «Алтын белгі» төсбелгісі мен ерекше үлгідегі аттестат иегерлерін марапаттады. Түлектерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың оқу мәртебесін, оқу белсенділігі және оқу сапасын арттыру, балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, сондай- ақ жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында құрылған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабын тапсырды. Сонымен қатар, ауданымыздың білім саласын өркендетудегі зор үлесі мен ұрпақ тәрбиесіндегі елеулі еңбектері үшін барлық білім ордасының мектеп директорларына гүл шоқтары тарту етілді. Кездесу барысында М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Ернұр Дәуренұлы Мейірбек пен Ақтоғай орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Мадияр Махаббат Мақұлбекқызы жүрекжарды лебіздерін сыныптастарына арнап, алдағы үлкен сын ҰБТ-дан жоғары көрсеткіштерге жетулеріне тілектес екендіктерін білдірді.

Сондай-ақ, аудан басшысы 2022-2023 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадасының  ІІ орын иегері Сарысу орта мектебінің 10-сынып оқушысы Балжан Болатқызы Бергенді марапаттап, ұялы байланысты сыйға тартты.

Асқақ арман арқалаған жас  түлектердің алдында тағы бір үлкен сын тұр. Түлектердің тілегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, армандаған жоғарғы оқу орнына түсу. Біз де жас түлектерге сәт сапар дейміз.

Камели Сүлейменова,

 «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.