Құрбан айт мейрамы
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын! Осы бір «Ораза айт» мен «Құрбан айт» мерекелері келгенде, еріксіз бала күнгі ата-әжелеріміздің айттауы еске түседі. Ол уақытта ауылдар түгілі аудан орталықтарында мешіттердің жоқ кезі. Облыс орталығы сол кездегі Жамбыл қаласында ғана «Әулие ата» мешіті бар. Ауылдың қариялары жиналып таңғы уақытта ауыл сыртында айт намазын оқып, содан тіке қорымның
басына баратын.
Өмірден өткен мұсылмандарға дұға бағыштап, сол жерден көше-көшеге бөлініп кететін. Содан үш күн бойы мереке, біз сияқты қара сирақ балаларға. Үйден үйге, көшеден-көшеге қыдырып тәттіге қарық болатын едік. Ауыл қариялары бір үйді қалдырмай аралап шығады. Аналар мен әжелер бірінші күні үйден ешқайда шықпай ер кісілердің келіп құран оқып, айттық шәй ішіп кетуін күтетін. Содан кейін ғана әжелердің кимешектері желбіреп, оларға ақ жаулықты аналар ілесіп көшенің сәнін келтіріп бір-біріне айттап, құттықтап мәре-сәре болатын. Сол уақыттағы адамдардың адамгершілік қасиеті ерекше еді. Есімде кейбір әжелер қолынан жетектеп қасына кішкентай балаларды ерте жүреді. «Мынау немереңіз бе?» деп сұраса, «Әй білмеймін жаңа анау пәленшенің үйінен ілескен содан ертіп жүрмін ғой, осы ауылдың баласы шығар» дейтін еді. Қандай кең пейілді кісілер еді деп бүгінгі күні еріксіз таңдай қағамын.
Осындай мерекенің қарсаңында өткенді еске алуыма себеп болып отырған да, сол кісілердің кең пейілінен бүгін ештеңе қалмағаны ма деген қорқынышты ой. Шын мәнінде біз сондай кең пейілді, дархан мінезді, көргені мен түйгені көп дана халықтан қалған ұрпақ емес пе едік.
Жарайды енді тікелей құрбан айт мерекесі жайлы бірер сөз айтып өтейік. Әуелі «айт» сөзі қандай мағына береді десек, бір мағынасы «қайту» екен. Оған не себеп дейтін болсақ.
1.Момындар құрбан айтта Алла үшін қажылық жасап, кейін Пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиярат қылуға дайындалады, яғни қуаныштар қайталанады.
2.Айт мейрамдары әр жылы қайталанып отырады.
3.Мейрамда Алланың жақсылықтары мол болады.
4.Мейрам күні қуаныштар келеді.
Құрбан айтта құрбандық шалудан басқа тағы не істесек болады. Бұл күндері ораза тұтуға болады. Алланың елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім арафа күні ораза ұстаса, Алла оған Исаға (ғ.с.) бергендей сауап береді» деген. Арафа күні айттан бір күн бұрынғы күн. Ендеше осы күні ораза ұстап мол сауапқа кенелу мүмкіндігін жіберіп алмау маңызды. Құрбан айт дас-тарханына кедейлерді шақырып, кем-кетіктерге, мұқтаждарға жәрдемдесу өте сауапты, әрі жүректерге тыныштық беретін амалдар екенін еске салғымыз келеді. Бұлай айтуымызға дәлел болар бір сөзді Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Дастарханның ең жаманы – байлар шақырылып, кедейлер шақырылмаған тойдың дастарханы». Демек бай-бағландарды жинап алып, кедейлер шақырылмаған дастарханнан қарынның тойғанынан басқа пайда жоқ деген сөз. Адамдарды тамаққа шақырғанда назар аударылар тағы бір іс, туыстарды ұмытпау. Өйткені бұндай сәтте ағайын-туғанды әдейілеп болмаса немқұрайлылықпен шақырмай қою ара қатынасты суытады.
Данышпандардан қалған жақсы сөз бар екен. Олар былай дейді: «Жылы жүзбен, тартымды сөзбен және қарсы алып, шығарып саларда шын пейілмен қонақ күту өте керекті».
Тағы да бір жақсы амал бар. Балаларға, қарттарға, жетімдерге көңіл бөлу. Құрбан айттың мереке екенін осы кісілерге барынша сездіре білу. Жылы-жұмсақ ас дайындап, тәттілер таратып, көшеге алып шығып серуендету, балаларды ойын алаңдарына алып бару, барынша мерекелік көңіл күй сыйлау өте маңызды. Бұл істер арақатынастың жақсаруына, балалардың мерекені есте сақтауына себеп.
Осы мақаламда құрбандықты қалай шалу керек, қандай малдар шалынады деген сияқты жыл сайын айтылып жүрген сөздерді айтпадым. Өйткені қазіргі уақытта бұл сұрақтардың жауаптары жетерлік. Мен сөзімнің басын бұрынғы ата-әжелеріміздің кезіндегі айт мерекелерін еске алумен бастадым. Ондағы мақсатым сол кісілердің бойында болған мұсылманшылық, адамгершілік қасиеттерді еске салу. Сол кездегі тұрмыс-тіршіліктің деңгейі қазіргіден әлдеқайда төмен болғанымен, ол кісілердің адамгершілік деңгейі қазіргіден әлдеқайда жоғары болғанын айтқым келді. Ал адамгершілік қасиеттің ол кісілерде жоғары болуының бір ғана себебі, ата-әжелеріміздің имандарында дер едім. Олай болса ағайын, осынау құлшылықтарымызбен Аллаға жақындайтын, мейірім көрсету арқылы мейірімге кенелетін жақсы күндерде құрбан шалып, бір-бірімізге жылы шыраймен құшақ жайып, ренжіскендер бір-бірімізді кешіріп, жамандықтарды ұмытып тек жақсылыққа ұмтылайық.
Ғалымжан Қонақбаев, «Сарысу аудандық» мешітінің Бас имамы.
Статистика хабарлайды
Сарысу ауданының 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы
Ауыл шаруашылығы. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен негізінен шаруа қожалықтары мен жұртшылық шаруашылықтары айналысады. Есепті мерзім ішінде төрт түліктің барлық түрлерінің өнімдерін қоса есептегенде 2533,4 тонна ет, 2711,7 тонна сүт, 1725,7 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 73,5 тонна ет, 93,5 тонна сүт, 37,6 мың дана жұмыртқа артық өндірілді. Мал басы өз төлдері есебінен көбейту арқылы мүйізді ірі қара мал саны 26437 басқа, қой 264678 басқа, ешкі 56048 басқа, жылқы 8900 басқа, түйе 2969 басқа, үй құстары 27147 басқа жетіп, өткен жылғы есепті мерзімдегімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 1690 басқа, қой 8994 басқа, жылқы 521 басқа, түйе 226 басқа, үй құстары 749 басқа көбейіп, ешкі 2299 басқа азайған.
Өнеркәсіп өндірісі. 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп кәсіпорындарымен (шағын кәсіпорындар, қосалқы өндіріс және үй шаруашылықтарын қосқанда) 35104,8 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Өнеркәсіптік өндірістің индексі 2022 жылғы сәйкес кезеңге 104,5%-ды құрады.
Инвестиция. Құрылыс. Аудан бойынша қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі – 14923,4 млн. теңгені, пайдалануға берілген тұрғын үй – 3035 шаршы метрді, құрылыс жұмыстарының көлемі – 1788,3 млн. теңгені құрады.
Бөлшек сауда. Есепті мерзім ішінде ауданда бөлшек сауданың көлемі 1277,3 млн. теңгені құрап, оның ішінде азық-түлік тауарлары 312,7 млн. теңгеге, азық-түлік емес тауарлары 964,6 млн. теңгеге сатылды.
Еңбекке ақы төлеу
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына 2022 жылдың 1 қыркүйектегі «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты жолдауында еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы деп атап өтті. Жолдауға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 70 000 теңгені құрады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен әрбір жұмыскерге бiрдей еңбегi үшiн қандай да болмасын кемсiтусiз бiрдей ақы алуға кепілдік берілген және де қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген жалақы мен өзге де төлемдердi уақытылы және толық мөлшерде төлеу жұмыс берушіге міндеттелген.
Жалпы еңбекке ақы төлеу мөлшерi мен өзге де шарттары міндетті түрде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жасалған еңбек шартының мазмұнында көрсетілуге тиісті. Сондықтан да, әрбір адам жұмысқа орналасу барысында жұмыс берушімен еңбек шартын жасасуда еңбек шартының мазмұнына өзінің еңбегіне төленетін жалақы мөлшерінің нақты көрсетілуін талап етуі қажет.
Жалақы мөлшерінің еңбек шартында көрсетілуінің өзі, әсіресе жұмыс беруші тарапынан келісілген жалақы төлемі дұрыс немесе уақытылы төленбей жатқан кезде, арада туындаған дауды шешу үшін тиісті органдарға шағымдану барысында бір дәлелді құжат ретінде пайдаланылады.
Жалақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 113 бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы баптың талабына сәйкес жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төленуге жатады. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс.
Сонымен бірге, жалақы төлеу кезiнде жұмыс берушi әрбiр жұмыскерге тиiстi кезеңдегi тиесiлi жалақының құрамдас бөлiктерi, жүргiзiлген ұстап қалулардың мөлшерлерi мен негiздерi туралы, оның iшiнде ұстап қалынған және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиiстi жалпы ақша сомасы туралы мәлiметтердi жазбаша түрде ай сайын хабарлауға мiндеттi.
Жалақы төлеу күнi демалыс немесе мереке күндерiне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргiзiлуі қажет. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жалақыны және жұмыскермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдердi төлеу кешiктiрiлген кезде, жұмыс берушi жұмыскерге берешек пен өсiмақыны төлейдi. Өсiмақы мөлшерi жалақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ставкасын негiзге ала отырып есептеледi және төлем жүргiзiлуге тиiстi күннен кейiнгi күннен бастап әрбiр кешiктiрiлген күнтiзбелiк күн үшiн есептеледi және төлем жасалған күнмен аяқталады.
Егерде қызметкермен еңбек шарты тоқтатылса жұмыс берушiден қызметкерге тиесiлi барлық сомаларды төлеу шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиісті, яғни шарт аяқталған күннен кейiнгi үш жұмыс күні ішінде қызметкерге тиісті төлемдер төленуі қажет.
Сонымен қатар, жалақыдан ұстап қалу мәселесіне тоқталатын болсақ, ол Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 115 бабына сәйкес сот шешiмi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргiзiледi. Еңбек заңнамасының талабына сәйкес жұмыскердiң өзi жұмыс iстейтiн ұйымға берешегiн өтеу үшiн оның жалақысынан ұстап қалу қызметкердiң жазбаша келiсiмi бар болған кезде, жұмыс берушiнiң актiсi негiзiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Жалпы ай сайынғы жалақыдан ұстап қалудың жалпы мөлшерi қызметкерге тиесiлi жалақының елу процентiнен аспауға тиiс.
Күн сайын мемлекеттік еңбек инс-пекторлары азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді. Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мекенжайы: Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78 байланыс телефондары 43-01-96, 43-06-31.
C.Кобесов, Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек
инспекторы
ХАБАРЛАНДЫРУ
Құрметті тұрғындар, «Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» КММ –і Жаңатас қаласы аумағында жеке тұрғын-үй құрылыстары үшін дайындалған екі алқап бойынша;
1.Жаңатас қаласы, «Бүркітті» жаңа алқабының егжей-тегжейлі жоспары;
2.Жаңатас қаласы, 5а-шағынаудан алқабына егжей-тегжейлі жоспары;
Дайындалған егжей-тегжейлі жоспарларды жүзеге асыру үшін ашық жиналыс түріндегі қоғамдық тыңдау өткізілетінін хабарлайды.
Ашық жиналыс түріндегі қоғамдық тыңдаулар 30 маусым 2023 жылы сағат 11:00-де, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы Жаңатас қаласы, 1- шағынаудан, №18 ғимарат(4-қабат), мекеме мәжіліс залында өтеді.
Қатысушыларды тіркеу тыңдаулар өткізудің басталуынан 1-сағат бұрын жүзеге асырылады (өзімен бірге жеке куәлік болуы міндетті). Барлық мүдделі тұлғаларды қабылдауға шақырамыз.
Жобалық құжаттармен мекемеге келісіп танысуға болады. Ескертулер мен ұсыныстар үшін:odl-stroi08@mail.ru
Жергілікті атқарушы орган: «Сарысу ауданы әкімдігінің сәулет, қала және құрылыс бөлімі» КММ.
Тел: 8(72634) 60-10-08, почта: otdelstroitelstvo@inbox.ru
ОБЪЯВЛЕНИе
Уважаемые жители, КГУ «Отдел архитектуры, градостроительства и строительства акимата района Сарысу» сообщает о проведения общественные слушания в форме открытого собрания по документам подготовленным по двум массивам для строительства индивидуальных жилых домов:
-Проект-детальной планировки нового массива «Буркитты» в г.Жанатас.
- Проект-детальной планировки массива «микрорайона-5а», в г. Жанатас.
Сообщается, что для реализации подготовленных детальных планов будут проведены общественные слушания в форме открытого заседания.
Общественные слушания в форме открытого заседания состоятся 30 июня 2023 года в 11:00 часов по адресу: Жамбылская область, Сарысуский район, микрорайон 1, здание аппарата акима г.Жанатас 4-этаж конференц-зал.
Регистрация участников осуществляется за 1 час до начала общественных слушании (при себе необходимо иметь удостоверение личности).
Всех заинтересованных лиц приглашаем принять участие.
С проектными документами можно ознакомиться в учреждении, замечания и предложения принимаются;
otdelstroitelstvo@inbox. ru
Местный исполнительный орган: КГУ «Отдел архитектуры, города и строительства акимата Сарысуского района».
Тел: 8(72634)60-10-08, почта: otdelstroitelstvo@inbox. ru