Тарлан – талант иесі, Ән әлемінің – жауһары

0

Илья Жақанов — сөз өнері мен саз өнерінен қонған қасиетті қатар ұстап, қылқаламын жанына серік еткен біртуар тұлға. Оның «Еділ мен Жайығы»  жүректерде сақталып, «Жайлаукөл кештері» көптің көңілінде қалды. Ал, «Асылым» мен «Әселім» атты әндері — әуезі бөлек, тарихы ерек дүниелер. Бұдан бөлек, 200 әннің сазын жазған, әдебиетте қолтаңбасы қалған Илья Жақанов — қазақ үшін қадірлі.

Бүкіл Қазақ елі өнерінің соның ішінде ән өнерінің тарихын зерттеп, зерделеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат етіп, оның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, Жамбыл Жабаев және Шыңғыс Айтматов атындағы  Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған өткен аптаның сенбісі күні аудандық мәдениет үйінде «Өнердің сарқылмас дариясы» атты көріністі, әдеби сазды кездесу кеші өтті.

Сарысу ауданына ат басын тіреген ұлдарын жерлестері «Еңбек Ерлері» монументі алдында ерекше қошеметпен қарсы алды. Монументке келген қонақтармен бірге аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков сөз сөйлеп, кіндік қаны тамған жерге, құлын тайдай тебісіп, асыр салып  ойнаған, балалық шағы өткен жерге келгеніне алғысын білдіріп, кемелді  60 жылдың төңірегіндегі еліміздің мәдениетіне қосқан зор үлесін тілге тиек етті.              

Өз кезегінде өнер майталманы құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына ризашылығын жеткізді.

Кездесу аудандық мәдениет үйінде «Өнердің сарқылмас дариясы» атты көріністі, әдеби сазды кездесу кешпен жалғасты. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде И.Жақановтың шығармашылығына арналған «Сырлы жүрек пернесі» атты кітап пен сурет көрмесі ұйымдастырылып, келген қонақтарды кітапханашылар таныстырып өтті. Сонымен қатар, „Талант„ көркемсурет студиясы, аудандық білім бөлімінің Жаңатас қалалық аула клубының, Балалар- жасөспірімдер орталығының суретшілер арасында өткізілген байқау бойынша салынған суреттері қойылып, қонақтар тамашалады. 

Кеште аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиев сөз сөйлеп, халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, қайталанбас талант иесі Илья Жақанов композитор, жазушы, өнер зерттеушісі ретіндегі ерекше еңбегімен өнерсүйер қауымға жақсы таныс екендігін, ол иісі қазақ жұртшылығына ең алғаш өзінің тамаша әндерімен белгілі болғандығын айтып өтті. Қазақтың оюлы шапаны мен камзолын бүгінгі кештің иелері Илья ағай мен Тиыштық апайдың иықтарына жапты.

Мұнан соң  облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков құттықтау сөз сөйлеп, Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» атағын тапсырды.

Сахна төріне шыққан еңбек ардагерлері Ермекбай Ақылбеков, Бердібек Иманбеков, Басие Әбдірахманов, Мұратқали Сәрсенов, „Қаратау„, „Шолақтау„ тау-кен өңдеу кешенінің атқарушы директоры Марғұлан Макишев, Қаратау„, „Шолақтау„ тау-кен өңдеу кешенінің директоры Серік Тұрсынбеков сазгерге ыстық лебіздерін жеткізіп, иықтарына шапан жауып, сыйлықтарын тапсырды.                                                                                                    «Шора батыр» қорының төрағасы Нұрлан Рақымжанов кеудесіне төсбелгіні тақты.

Кеш барысында Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығына арнап жазған,  жазушы Қали Сәрсенбайдың «Дүлдүл»  атты кітабының тұсауын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мұрат Жұмаділдаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының,  «Дарабоз» сыйлықтарының иегері Пернебай Дүйсенбин, Жазушылар одағының мүшесі, Ұлттық кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Райымбекұлы қиып, кітап оқырмандарына жол тартты.

Илья Жақанов  ән әуенін тербете жүріп, табиғатпен сырласып, бейнелеу өнерін де қатар алып жүрді. Бейнелеу өнеріне деген сүйіспеншілігін, ауданның суретші, талантты жастары үлгі тұтып, қылқаламдарынан туындаған бейнелеу өнерімен аудандық байқауларға қатысып, шығармашылық өнерлерін дамытып келеді. Осы жастар арасында бейнелеу өнерінің байқауы өткен болатын. Сол байқауда асқан шеберлігімен көзге түсіп, жеңімпаз атанған суретшілерді  және жақында сазгердің шығармашылығындағы әндерден «Сырлы жүрек сазы» атты Созақ, Талас, Сарысу аудандары  аралығында өткізілген аймақтық ән байқауына қатысқан жез таңдай әншілерді Илья Жақанов пен аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев Алғыс хаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтарды тапсырды.

Кеште көрермендер Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері  Маралтай  Райымбекұлының жалынды жырын тыңдап,  «Сарысу» халық театрының сахналастырған сазгердің балалық шағын суреттейтін «Әке жолы» көрінісін және  республикалық, облыстық және аудандық ақындар айтысының жүлдегері Талғат Құсайыновтың «Арнау» өлеңін, байқау жеңімпаздары мен аудандық мәдениет үйі әншілерінің тамылжыта шырқаған әндерін тыңдап, ерекше көңіл күймен тарасты.

Камели Сүлейменова,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.