Ербол Қарашөкеев Жаңатас қаласындағы қатты желден зардап шеккен нысандарды аралады

0

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының Жаңатас қаласында қатты жел салдарынан зақымданған нысандарды аралап, жағдайымен танысты.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 6 ақпанда екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан 3 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толықтай, 7 үйдің шатыры жартылай ұшқан. Сонымен қатар 7 кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлініп, шамамен 2 шақырым электр желісі үзілген.
– Апат айтып келмейді. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне әрдайым дайын болуымыз қажет. Аудандық деңгейде төтенше жағдай жария­ланды. Апат салдарын жоюға қажетті қаржы қарастырылады. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жауапты тұлғалар қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісуі тиіс. Жұмыс бүгіннен басталуы керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда нысандарды зерделеу жұмыстары жалғасуда. Зардап шеккен тұрғындар жоқ. Коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеуде, әлеуметтік нысандарға зақым келмеген.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.