Көпшіліктің қошеметіне ие болды

0

Жаңа жыл – әрбір жанға қуаныш пен үміт сыйлайтын, жақсылыққа бастайтын жарқын мереке. Осы мерекеге орай аудан андық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» КММ-де «Жаңа жыл – жаңа үміт!» атты жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, бүлдіршіндер мен ата-аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларды жаңа жыл мерекесіне белсенді қатыстыру арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ән айту, би билеу, тақпақ айту дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ ұйымшылдыққа, достыққа тәрбиелеу болып табылады.
Мереке басталар алдында зал жаңа жылдық нақышта безендіріліп, әсем шырша орнатылды. Әуезді музыка мен сәнді безендіру мерекелік атмосфера қалыптастырды. Іс-шара жүргізушінің жылы лебізі мен ізгі тілектерімен басталып, музыка мұғалімінің орындауындағы әсерлі әнмен жалғасын тапты.
Балалардың орындауындағы әндер мен билер, сахналық көріністер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ескі жыл – Жылан жылы мен жаңа жыл – Жылқы жылының алмасуын бейнелейтін қойылым тәрбиелік мәнімен ерекшеленді. Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өткен театрландырылған көріністер мерекенің мазмұнын байытып, балаларға ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар сайқымазақ пен логопед маманның қатысуымен ұйымдастырылған ойындар мен танымдық тапсырмалар балалардың белсенділігін арттырды. Кіші топ бүлдіршіндерінің орындауындағы «Аю биі» көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Мерекелік іс-шарада «ЕвроХим-Қаратау» компаниясының әкімшілік бөлімінің бас маманы Бақытжан Байдилдаев және «Сарысу» газетінің директоры Жанна Жетенова құттықтау сөз сөйлеп, балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Қонақтар бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табыстап, олардың қуанышын еселей түсті.
Іс-шара соңында балалардың орындауындағы «Жаңа жыл» әні мерекенің көркем қорытындысына айналды.
Аталған жаңа жылдық мерекелік іс-шара балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, достық пен бірлікті нығайтуға зор ықпал етті.

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.