Жамбыл облысында 1 млн тонна қант қызылшасын өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

0

Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Жамбыл облысының Байзақ аудан­ында заманауи қант зауытының құры­лысы басталды. Салтанатты рәсімге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты.
Бұл Қазақстанда тәуелсіздік жылдары салынып жатқан алқашқы қант зауыты. Жобаның инвесторы – қытайлық Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co., ал технологиялық серіктесі – Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co.
Инвестиция көлемі шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорында 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобалық қуат жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса мен жом сияқты қосалқы өнімдер өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асуы Қазақстанның ішкі нарығын қантпен толық қамтамасыз етіп, елдің импортқа тәуелділігін ай­тар­лықтай төмендетпек. «Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл об­лы­сында өңдеу өнеркәсібін дамыту­ға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкін­діктер бар.
Жаңа зауыттың құрылысы агро­өнер­кәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өн­дірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді.
Өңірдегі шаруа қожалықтары зауытты шикізатпен толық қамтуға дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, биылғы жылдың сегіз айында облыстың негізгі капиталына 391,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артық.
Жыл басынан бері өңірде 9 ірі ин­вестициялық жоба іске қосылды. Олар­дың қатарында жылына 80 мың тонна өнім шығаратын әк зауыты, 36 млн дана кірпіш өндіретін зауыт, 100 мың шаршы метр шыңдалған әйнек шы­ғаратын кәсіпорын, жылына 250 бірлік теміржол локомотиві мен жылжымалы құрам жасайтын өндіріс, алтын кенін өндіру ісі және жаңа жол бойындағы қонақүй бар.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.