Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе.

0

180 жыл бұрын қазақтың ұлы ақыны, философ, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы дүниеге келді. Оның шығармалары жалпыадамзатқа тиіс құндылықтарды насихаттайды, әлем мәдениетінің бір бөлігі саналады.
Абай 170-ке жуық өлең мен 56 аударманың авторы. Ұлы ойшылдың ең көрнекті шығармаларының бірі — «Қара сөздер». Бұл өсиеттер жастарды халық даналығының негізіне жетелеуде маңызды рөл атқарады.

БІРІНШІ СӨЗ
Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық-әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

АЛТЫНШЫ СӨЗ
Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды- тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады — білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік — ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?
«Ырыс алды-тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған…

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Әннің тәтті оралған мәні оятар.
* * *
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
* * *
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол –ақынның білімсіз бишарасы.
* * *
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
* * *
Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.
* * *
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық.
* * *
Баланың мал табары болады, мал шашары болады.
* * *
Өзің мал таба алмасаң – балаң мал тапсын.
* * *
Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?!
* * *
Иман – парыз
* * *
Иман сақтауға –қорықпас жүрек,
айнымас көңіл, босамас буын керек.
* * *
Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек – бұлар жүрек ісі. Асықтық та – жүрек ісі.
* * *
Тіл жүректің айтқанына көнсе –жалған шықпайды.
* * *
Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады.
* * *
Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді.
* * *
Құдайшылық – жүректе. Қалпыңды таза сақта !
* * *
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
* * *
Көптің аузын күзетіп күн көре алмайсың
* * *
Жігітті жұрт мақтаған-қыз жақтаған.
* * *
Жақсы дос – білген сырын сыртқа жаймас.
* * *
Досы жоқпен – сырлас, досы көппен – сыйлас.

Абай туралы 15 дерек
1.Абайдың шын есімі – Ибраһим. «Абай» деп әжесі еркелеткен. Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі;
2. Абай: «Атадан алтау, анадан төртеу едім». Құнанбай қажының 4 әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ;
3. Хәкімнің ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол бірқатар өлеңіне әнді өзі жазған. Соның бірегейі – «Көзімнің қарасы»;
4. Ақындық жолына 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған;
5. Жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы ұлы Абай қазақ, араб, парсы, орыс тілдерін білген. Иран, шағатай (ескі өзбек) тілдерінде жазылған дастан-қиссаларды, ертегілерді оқыған;
6. Ел басқару ісіне 13 жасында араласқан;
7. Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан;
8. Бірінші жары Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі-Еркежан. Ол Абайдың інісі-Оспанның қалыңдығы;
9. Ұлы ағартушының 10 баласы болған. Ол небәрі 16 жасында әке атанып, 36 жасында алғашқы немересін қолына алады. Оның аты-Әубәкір;
10. Саяси қайраткер 21 жасында болыс болып сайланады;
11. Ақынның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен орыс зиялы қауым өкілдері: Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және т.б;
12. Ақын өмірінде 176 өлең, «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімесі» поэмалары мен 45 қара сөз жазып қалдырған. Сондай-ақ ол шебер аудармашы да болған. М. Лермонтовтың өлеңдерін, А.С. Пушкиннің дастандарын және И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған.
13. Жазушының ғақлиялары (қара сөздері) әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Атап айтсақ, қытай, француз, орыс және т.б. Ал өлеңдері грузин, қарақалпақ, қырғыз, татар, француз, ағылшын, түркмен, ұйғыр тілдеріне аударылған;
14. Ұлы данышпан туралы көптеген мақала, кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді.
15. Абай мұрасын алғаш зерттеп бастаған ағартушы ғалымдар мен қайраткерлер: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, І. Жансүгіров және т.б.

«Sarysý-ақпарат»

Leave A Reply

Your email address will not be published.