БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ!
Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен келісімді, ел ішіндегі тұрақтылықты дәріптейтін маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі. Бұл күн – сан ұлттың татулығы мен достығын айғақтайтын символдық дата. «Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырғандықтан, мемлекет үшін бұл мерекенің орны ерекше. Қазақстан көптеген ұлт пен ұлыстардың ортақ шаңырағына айналып, бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болып отыр. Қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай, барлығын бауырына басты.
Осылайша, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Бүгінде бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрам әр өңірде тойланады.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ауданымызда да кең көлемде аталып өтті. Бұл күні аудан тұрғындары мен қонақтары татулық пен бірліктің нышанына айналған айтулы мерекені жоғары деңгейде атап өтті.
Мерекелік шаралар таңертеңгілік Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл толуына орай жасөспірімдер мен ересектер арасында «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» атты марафонмен басталды. Марафонға қатысушылар Жаңаарық ауылдық округі Ұ.Сыздықбаев ауылынан бастап, Жаңатас қаласы аудандық мәдениет үйінің алдына дейінгі аралықты жүгіріп өтті.Бұл бастама спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеумен қатар, қоғамдағы достық пен ынтымақтың маңызын айшықтай түсті.
Аудандық мәдениет үйінің алаңында өткен «Бір шаңырақ астында!» салтанатты жиында этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық киімдерін киіп, қонақтарға өз халқының ұлттық тағамдары мен тұрмыстық бұйымдарын, зергерлік әшекейлерін ұсынған арнайы көрме ұйымдастырды. Көрме келген көпшіліктің зор қызығушылығын тудырды.
Мерекелік шараның шымылдығы «Айжанқыз» би ұжымының орын-дауындағы «Достық» биімен ашылды. Биші қыздар әр ұлттың биін көрсетіп, бейбітшіліктің белгісі болған ақ көгершінді көкке ұшырды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы Мамытов Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен аудан халқын құттықтап, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімге негізделген жылы лебізін жеткізді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемендігіміздің мәң-гілік үштағаны-байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді және береке-бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» — деген болатын. Еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан, жалпыұлттық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар бұлағы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, өңіріміздегі 30-дан астам этнос өкілдерінің экономика, мәдениет, спорт, білім, ғылым салаларының дамуына, ауданымыздың өркендеуіне қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, мерекеде этномәдени бірлестіктер мүшелерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл-дығына арналған медальмен және аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген мекеме қызметкерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ, аудан әкімі марафон жеңімпаздарына арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтарды тапсырды.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Бапашұлы Мұса-беков те мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, бірнеше мекеме қызметкерлерін аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік кеш аудан өнер-паздарының концерттік бағдарлама-сына ұласты.
Жезтаңдай әншілер- Мейіржан Омаров, Қолқанат Темірбекқызының «Қазақ елі», Раушан Қадырбекованың «Елім менің», қыздар үштігінің «Бақыт», «Сарысу» триосының «Өз елім», Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблінің «Сарыарқа», «Балбырауын» күмбірлете шерткен күйлері, «Айжанқыз» халықтық би ұжымының мың бұрала билеген «Мереке», «Джаз», «Шығыс» билері, кішкентай бүлдіршіндерден құралған хордың орындауындағы «Бейбітшілік сақталады» әні көрерменнің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік іс-шаралар спорттық жарыстармен жалғасын тапты. Асық ату, қазақша күрес, қол күрес сынды ұлттық спорт түрлері бойынша өткен жарыстарға тұрғындар белсене қатысып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түсті.
Қазақстан халқының бірлігі күні-ел ішіндегі бейбіт өмір мен ұлттар арасындағы татулықтың айқын көрінісі. Бұл мереке аудан жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің тағы бір дәлелі болды.
Бірлігі бекем елдің-тірлігі көркем!
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің орталық алаңында ҚР мекендеген ұлттар мен ұлыстар достығы мен бірлігіне арналған «Бірлігі бекем елдің-тірлігі көркем!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Ынтымағы жарасқан берекелі күні Байқадам ауылдық округі әкімінің орынбасары Жамбыл Құлыбеков қатысып, тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мерекелік іс-шара ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен Саудакент ауылдық мәдениет үйінің мерекелік концерттік бағдарламасымен жал-ғасты.
БӘЙГЕ ЖАРЫСЫ ӨТТІ
Осы мереке күні Байқадам ауылдық округіндегі аудандық атшабарда ат тұяғын дүбірлеткен кең көлемді «Құнан» және «Аламан» бәйге жарысынан аудан әкімінің кубогі өткізілді.
Тұлпарларды танытқан бәйгеге Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының шабандоздары қатысты. Бәйгенің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, шабандоздарға сәттілік тіледі.
«Құнан бәйге» жарысына 16 тай қатысып, 9 шақырымда бақтарын сынаса, «Аламан бәйге» жарысына да 16 тай қатысып, 18 шақырымды бағындырды.
Шын жүйріктер сыналған сайыс қорытындысы бойынша «Құнан» бәйгесінде 1-ші орынды Шымкент қаласынан Бейсенбай Серік, 2-ші орынды Жаңаталап ауылынан Сұлтанбек Әуесбек, 3-ші орынды Жайылма ауылынан Каримжан Нұрман, 4-ші орынды тағы жайылмалық Мұстафаев Дархан және 5-ші орынды Талас ауданы, Бөлтірік шешен ауылынан келген Ақылов Дәурен иеленсе, «Аламан» бәйгеден 1-ші орын Ермекбаевтар әулеті Т.Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылы, 2-ші орын Нұрсейітов Айтжан Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, 3-ші орын Бейсенбай Серік Шымкент қаласы, 4-ші орын Мырзақұл Дінмұхаммед Талас ауданы, Аққұм ауылы және 5-ші орын Сейдуақұлов Сәбитжан Т.Рысқұлов ауданы, Жарлысу ауылының шабандоздары жеңіске жетті.
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы жеңімпаздарды дипломмен, арнайы кубок, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сон-дай-ақ, жүзден жүйрік шыққан шабандоздарға «Сарысу ауданы әкімінің кубогі — 2025» аттың жабындысын тапсырды.
Осындай мерекелік іс-шаралар барлық ауылдық округтерде аталып өтті.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»