ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды.
Содан бергі уақыт аралығында көптеген елді мекенде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметтеріне кірісті. Әлі де бұл демократиялық үрдіс өз жалғасын тауып келеді.
Өткен аптаның жексенбісі күні Игілік ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Игілік ауылдық округіндегі №374-375 сайлау учаскелерінде ауыл тұрғындары таңғы сағат 07.00-ден бастап белсенді түрде дауыс берді. Бұл жолы жұрт болып жұмылып дауыс берген ауыл әкімінің сайлауы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Игілік, Өндіріс ауылдарының тұрғындары да белсенділік танытты. Өндіріс ауылының тұрғыны, зейнеткер Алашбаев Есенгелді:- Жаңа сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес аудандық маңы-зы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері, міне, халықтың дауыс беруі арқылы сайлануда.Мұндай өзгерістер билік пен тұрғындар арасындағы байланысты нығайта түспек. Қарапайым тілмен айтқанда, жолдардың сапасы, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамытудағы әкімдердің қызметіне жергілікті тұрғындар өз ұсыныстарын айта алады. Халықтың әкімді өздері сайлауы қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысының жақсаруына әкеледі. Қалай болғанда да, қоғамда оң өзгерістер орын алады деп ойлаймын. Сәттілік. Кейінгі ұрпақтар үшін де ашықтық пен нақтылық қажет. Осыны ескерген Президентіміздің сарабдал саясаты өте дұрыс қадам болды,-деді. Сайлау барысында қарт және ең жас сайлаушыларға сыйлық берілді.
Сонымен қатар, ауданның «Партиялық емес бақылау орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз бай-қаушылары да сайлау барысын қалт жібермей қадағалап отырды.
Сәулет Есқараев,
«Sarysý»