ЖҰМАТАЕВА МАРЖАН САЙЛАУБЕКҚЫЗЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

0

Құрметті сайлаушылар!

«Істің басы-ниет» демекші, Түркістан ауылдық округі әкімінің кандидатурасы үшін сайлауда бақ сынауға бекініп, өз бағдарламамды назарларыңызға ұсынып отырмын. Өзім туралы қысқаша таныстыра кетсем, 1969 жылғы 27 шілдеде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келдім.

1995 жылдан бері Ә.Бүркітбаев ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектебінде мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін. Сондықтан да бұл өңірдің тыныс-тіршілігі, даму деңгейі, түйінді түйткілдері жақсы таныс.

Егер мен Сіздердің сенімдеріңізге ие болып, Түркістан ауылдық округінің әкімі болып сайлансам, алдағы 4 жылда төмендегі мәселелерді шешу үшін өзімнің күш-жігерімді, білімімді және өмірлік тәжірибемді  жұмсайтын боламын.

  1. Тиімсіз пайдаланылып отырған және пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекетке қайтарылуына, ол жерлердің нәтижелі жұмыс істеуге ниетті тұлғаларға берілуіне ықпал етемін. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік және салалық бағдарламаларды кең көлемде насихаттап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламын;
  2. Көптің көкейінде жүрген елді мекендерді газдандыру жұмыстарының барысына бақылауды арттырып, тиісінше оның тұрақты және жеткілікті көлемде берілуіне, межелі міндеттердің мерзімінде орындалуына көңіл бөлемін;
  3. Елді мекендерді көркейту, абаттандыру жұмыстарының сапалы атқарылуына, қоғамдық маңызы бар іске жергілікті тұрғындардың көптеп тартылуына, көктемгі және күзгі санитар-лық тазалық айлықтарының өз деңгейінде ұйымдастырылуына, баса назар аударамын. «Тазалық-табалдырықтан басталады» демекші, әрбір отбасы мүшелерінің ортақ жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз ету мақсатында ынталандыру шараларын қолға аламын;
  4. Елді мекендер көшелерінің автомобиль жолдарының жай-күйіне толықтай талдау жүргізіп, қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге ықпал етемін. Бұл тұрғыда автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілуіне, сонымен қатар барлық елді мекендер мен көшелердің жарықтандырылуына күш саламын;
  5. Денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спорттық шараларды көптеп ұйымдастыруға, сол арқылы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға басымдық беретін боламын;
  6. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына көмектесуге, әділеттілік ұстанымының берік орнығуына, сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шабуға, қоғамдық тәртіптің сақталуы үшін құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдар, жергілікті қоғамдастық және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып іс-қимыл жасауға сүбелі үлесімді қосамын;
  7. Әлеуметтік осал топтардың, көп балалы және жалғыз басты отбасылардың материалдық жағдайларын көтеру туралы қоғамдық бастамаларға мұрындық болуға, жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізе отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, тұрғындардың кәсіп ашуына  жұмыс жасаймын.

Құрметті тұрғындар! Өңірді дамыту өркенді істер арқылы жүзеге асады. «Ауыл болсаң, қауым бол» дегендей, бірлесе атқарған іс қашанда берекелі болмақ. Осы орайда сіздердің қолдауларыңыз қажет. Біз бірге жұмыс істесек, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Мен Сіздерді сайлауға белсене атсалысып, лайықты таңдау жасауға  шақырамын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.