АДАЛ ЕҢБЕК- аласармас абырой

0

Биыл аудан орталығы Жаңатас қаласының құрылғанына 55 жыл толды. Ауданымыздың, оның ішінде Жаңатас қаласының өсіп – өркендеуіне зор үлестерін қосқан тұлғалар, өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болар қайраткерлер, даңқты кеншілер аз емес. Туған жерін түлетуге атсалысқан, елі үшін еңбек еткен аға буын өкілдерін кейінгі толқын білуге міндетті. 

Сарысу өңірінің, Жаңатас қаласының өркендеуіне, дамуына үлес қосқан, еселі еңбегінің арқасында  аласармас абыройдың тұғырына көтерілген тұлғаның бірі – Бектөреева Тыныштық Бегматқызы.

Бектөреева Тыныштық Бегматқызы 1942 жылы 8 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен  тұспа-тұс келген ол қиын кезеңнің ащы дәмін тата жүріп, ерте есейді. Жастайынан алғыр, пысық әрі білімге құштар Тыныштық Бегматқызы 1950-1960 жылдары Байқадам ауылындағы орта мектепте оқып,  1960-1964 жылдары Шымкент педагогикалық институтында орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша оқып бітірді.

Еңбек жолын 1964 жылы «Бүркітті» елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы мектепте мұғалім болып бастады. I969-1971  жылдар    аралығында    Жаңатас қаласындағы кешкі мектептің, 1971-1973  жылдары  П. Морозов атындағы мектептің директоры қызметін атқарды.

1973-78 жылдары Халык депутаттары Жаңатас қалалық атқару кеңесінің жауапты   хатшысы, I978—1990   жылдары   Жаңатас қалалық  атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1990-1992 жылдары қалалық кеңестің аппарат жетекшісі қызметін атқарды.

1992-1994   жылдары    Жаңатас    қалалық    зейнетақы    корының төрайымы, 1994-2000 жылдары Жаңатас калалық және Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы болып қызмет етті.

2000-2008 жылдары «Отан» Республикалық саяси партиясының, Сарысу   аудандық   филиалы   төрағасының   бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды.

2003-2007   жылдар   аралығында   3-ші    шақырылған    Сарысу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі, табысты жұмыстары, төгілген тер абырой мен құрмет болып орала бастады. Еңбектері мемлекет және жоғарғы басшылық тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.

Атап айтқанда, «В. И. Лениннің   туғанына  100 жыл» медалі,  «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 10 жыл», «Қазақстан  мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясының 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл»,  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдары, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медальдары,  сондай-ақ, Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің бірнеше Алғыс хаттары мен өзге де салалық мақтау қағаздар – Тыныштық Бегматқызының ерен еңбегінің айғағы.

Мемлекеттік саясатты іске асырудағы белсенді саяси қызметі үшін «Нұр  Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және бірнеше рет Жамбыл облысы әкімінің, Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

2002 жылы «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды. Бектөреева Тыныштық Бегматқызының жолдасы Қырғызбай Мұханов ұстаз болып еңбек етті. Жаңатас қаласындағы М. Әуезов атындағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледі. Қырғызбай аға бір мектепте 44 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықты. «Білім беру саласының үздігі», «Білім озаты» төсбелгісінің иегері.

Ұлы Мұханов Рәт Қырғызбайұлы жоғарғы санаттағы дәрігер. Ұзақ жыл аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Келіні Дүйсенбина Қаракөз Дулатбайқызы — ұлағатты ұстаз.  Немерелері жоғарғы білімді, әр салада жемісті еңбек етіп келеді.

Талай белестерді бағындырып, биіктерден көрініп, басшылық қызметте болып, Жаңатас қаласының қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан Тыныштық апайдың тұла бойы тұнған адамгершілік пен еңбекқорлық қасиеттер.

Қазіргі аудан орталығы Жаңатас қаласы Кеңес Одағының тұсында фосфор кенімен аты шыққан қала. Ол кезде қаланың өндірісі дүркіреп, Мәскеуден тікелей басқарылып, қала халқының саны 60 мыңнан асқан.

Осы Жаңатас қаласының әрбір тасы Тыныштық Бегматқызының көз алдында қаланды. Сол кездерде қаланың дамығаны соншалық 26 балабақша, 8 мектеп, 1 институт, 1 техникум, 1 училище, мәдениет үйлері, театр, балаларды сауықтыру лагерьлері және әр түрлі мекемелер қызмет етті. Автобаза, зауыттар, өндіріс орындары мен трест өз алдына бір төбе.  Қаланың құрылуы, қалыптасуы, өсуі және әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзіндік септігін тигізген Тыныштық апай Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда қаланың қираған, құлдыраған кезін де көз алдынан өткізді.

Ұзақ жыл Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жаңатас қалалық мәслихатының, Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерінде жүргенде Тыныштық Бегматқызы Жаңатас қаласының дамуы үшін көп еңбек сіңірді.

Бала күнінен қоғамдық істерде белсенділік танытып жүрген жан қызмет барысында да аянып қалған емес. Ел азаматшасының мансаптық жолында тарихи сәттер көптеп орын алғанды. Тыныштық Бегматқызының естеліктеріне көз жүгіртер болсақ, бірде, Жаңатас қаласында тас белгінің салтанатты жағдайда ашылуына орай, сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Сәдуақасов аталған шараға арнайы келеді. Осы салтанатты жиында жас мұғалім Тыныштық Бектөреева сөз сөйлейді. Екі тілде таза сөйлейтін жас маманның жалынды сөзіне ризашылығын білдірген бірінші хатшы «Бақытты бол, өркенің өссін, келешекте осы қаланы басқаратын өздерің боласыңдар» деп, батасын береді. «Батамен ер көгерер» деген, үлкен кісінің батасы менің еңбек жолымның бағдаршамындай болды»,- дейді Тыныштық апай есіне алып. Екінші бір есіне жиі алып отыратын жағдай, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың Жаңатас қаласына келуі. Жалпы Дінмұхаммед Ахметұлы Жаңатас қаласына екі рет келген. Үлкен кісінің келуі қаланың дамуына үлкен серпін беріп, ол кісі қаладағы әрбір атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей өзі қадағалап отырған.

1985 жылы Д.А. Қонаев  Жаңатасқа келгенде күн тәртібіндегі протокол бойынша шәй құю Тыныштық Бегматқызына жүктелген. «Шыны кесені ұсынып жатқанда қолым дірілдеп кетті. Бұған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев екеуі күлді. Сол кезде Димекең ағамыз «Әй, жігіттер! Бұл біздің қазақ қыздарының өзіне тән, жарасымды, ибалы мінезі. Қызым бақытты бол!», — деді. Содан кейін қасындағылардан, «Бұл қыз кім?»- деп сұрады. Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары екенімді естіген Димаш Ахметович: «Бұл үлкен кісі екен ғой, амандасайық» деп, өзі қолымды алып, ақ батасын берді. Қасындағылар да келіп қолымды алып жатты.

1986 жылы екінші рет келгенде ауа-райы сондай жылы, шуақ шашып тұрды. Көктем айы болса да, осындай тамаша ауа-райын көрген мен: «Димаш Ахметович, когда к нам добрые люди приезжают, даже погода меняется», дедім. Сонда, ол кісі күліп маған: «Доченька, когда хорошие люди с добрыми намеренями»,-деп айтқаны есімде. Мен үлкен кісіге қазақы дәстүрмен иіліп сәлем жасадым. Ол кезде партия мүшелеріне «Сәлем салуға» болмайтындығына қарамастан, ол кісі маған көзқарасымен ризашылығын білдірді. Осы үлкен кісілердің баталары қабыл болған шығар, бүгінде баталы ердей көгеріп отырған жайым бар, — дейді Тыныштық апай. Үшінші бір жағдай, аудандағы Қыршабақтыда халықаралық геологиялық симпозиум өтеді. Совет Одағының кезінде бұндай симпозиумның саяси маңызы жоғары болатын. Жаңатас қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен, капиталистік елдерден арнайы лауазымды қонақтар келіп, Жаңатастың қазынасын көріп, танысып, зерттеген. КСРО геология министрлігі, геология академиясы қонақтарды күтіп алу, аралату, жиынды өткізуді ұйымдастыру сияқты жұмыстарды Тыныштық Бегматқызына тапсырған. Қыршабақтыдағы жер геология академиясына қарайды екен. «Жүктелген жұмыстарды ойдағыдай атқарып шыққаннан кейін, бірінші хатшының тапсырмасымен Алматыға барып, Қыршабақтының жерін қаланың иелігіне алдық. Соның нәтижесінде «Геолог» балалар-сауықтыру лагерін аштық», — дейді Тыныштық апай есіне алып.

Сондай-ақ, Тыныштық Бегматқызы Жаңатас қалалық атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде қаланың көгалдандыру жұмыстарының, жасанды бассейн, балалар саябағы, қалалық орталық саябағының салынуындағы ұйымдас-тыру жұмыстарының басы-қасында болған. Орталық саябақтағы архитектуралық құрылыс жұмыстары туралы Тыныштық апай былай деп еске алады: «Украинаның орталығы Киев қаласынан архитектура-құрылыс институтының студенттері екі жылда екі рет келіп, архитектуралық жұмыстарды атқарды. Орталық парктегі архитектуралық мүсіндер солардың ой-қиялдарынан туған және қолдан жасалған қолөнерлер. Оларды арнайы шақыртып, алып келген сол кездегі комбинаттың бас директоры Анатолий Шейн болатын. Шейн өте білімді, беделді, адамгершілігі мол азамат еді. Жаңатас пен Қаратау қаласының дамуына үлкен еңбек сіңірген өндіріс басшысы болды. Ол кезде Анатолий Шейн комбинаттың бас директоры әрі Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болатын. Ол кісі мені «Сестра» деп атаушы еді. Бір күні маған: — Сестра, осы келген құрылысшы студенттердің жасағына өзің басшылық етесің. Жандарында болып, барлық жағдайларын жасауға көмектес. Қаражатты комбинаттан бөлеміз. Шығарып салғанша бас-көз боласың, — деді. Орталық парктегі жұмыстар аяқталғанша осы жұмыстарды ойдағыдай ұйым-дастырып, студенттердің қасында болдым. Кейін, кетер кезінде студенттер маған үлкен ризашылықтарын білдірсе, комбинаттың бас директоры Анатолий Шейн мені «Қарындасым» деп сыйлап, өмірінің соңына дейін қолдау білдіріп жүрді», — дейді сол күндерді ерекше бір сағыныш сезімімен еске ала отырып.I994-1995 жылдары құлдырау кезеңі басталып, Жаңатас қаласы су және жылумен қамтамасыз етілмеді. Жоғары жақтан жекешелендіру туралы тапсырма болып, мекемелер жекенің қолына өтіп, бұзыла бастады. Шағын аудандар бұзылды. Қалада су мен жылу болмай қалды. Өте қиын уақыт еді. Ол кезде Тыныштық Бектөреева Жаңатас қалалық мәслихаттың хатшысы болатын. Содан каланың депутаттары  бірауыздан сегіз мың тұрғынның  колын жинап, (аты-жөні, тұратын мекен-жайы көрсетілген), Үкіметке хат дайындайды. Хатты Алматыға aпapy мәслихаттың хатшысына жүктеледі. «Мен   қасыма қалалық мәслихат депутаттарды (Ықыласов  Р, Шайманов   Б.) ертіп алып, тура Алматыға Жоғарғы кенестің төрағасы Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында болып, Парламенттің тұрақты комиссиясының отырысына қатыстым. Біздің берген өтінішімізге сәйкес, Әбіш Кекілбаевтың тапсырмасымен Жаңатасқа Олжас Сүлейменов келіп, қаланың жағдайымен танысты.  Осы кезде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Меттенің басшылығымен өткен жиынға  катысып, Жаңатас қаласының жағдайы туралы мәлімдеме жасадым. Осы табанды жұмыстардың нәтижесінде, Парламенттің тұрақты комиссиясының шешімімен Жаңатас қаласына 350,0 млн. теңге бөлініп, қаланың су мен жылу мәселесін кайта қалпына келтіруге тапсырма берілді.  Осылайша, өте қиын кезде қаланың су мен жылу мәселесіне өз үлесімізді қостық», — дейді, мемлекеттік қызметтің ардагері Тыныштық Бегматқызы.

Әрине, бұл Бектөреева Тыныштық Бегматқызының ел даумындағы атқарған жұмыстарының бір парасы ғана.

Ол өмірдің бақытын, атақ пен абыройын өзінің қажырлы еңбегімен тапты.

Сондықтан да, барлық саналы ғұмырын елдің дамуына, туған жердің өсіп-өркендеуіне арнаған Тыныштық апай қай қырынан алып қарасаң да құрметке лайық адал қызмет иесі. Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында елге сыйлы, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң адамның ұлағатқа толы өмірі кейінгі жастарға қашан да үлгі болып қала бермек.

А.Тілемісов, Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі

ЖАҢАТАС

ЖЫЛНАМАСЫ

1974  жыл

-М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебі ашылды.

-Архитектура жөне құрылыс жөніндегі бөлім

құрылды.

-Жас техниктер станциясы іске қосылды.

-Қалалық архитектура бөлімі құрылды.

-№10 балалар бақшасы пайдалануға берілді.

-Қалалық тіс емханасы ашылды.

-«Көктал» профилакторий ашылды.

-Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі

 ашылды.

-Қала халқы 25 мыңға жетті.

1975  жыл

-Қаратау тау-кен химия комбинаты басқармасы Жаңатас қаласына қоныс аударды. 28 наурызда Жаңатас қалалық партия ұйымының тұңғыш конференциясы өткізілді. Қалада 769 коммунист бар болатын. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Төлеп Әлімқұлов, екінші хатшысы болып А.И.Паршин, хатшысы болып А.П.Солдатова сайланды.

-13 тамызда Жаңатас қалалық комсомол ұйымының бірінші конференцинсы өткізілді. Бірінші хатшы болып Ақсұлтан Михаилұлы Бейсеков сайланды.

-Тамыз айында Жаңатас-Байқадам, Жаңатас-Көкжон асфальтты-бетонды жолдары пайдалануға берілді.

-Қалалық тазалық және жұқпалы ауруларға қарсы күресу станциясы ұйымдастырылды.

-Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп пайдалануға берілді (Октябрьдің 60 жылдығы). Қалада 46 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

-Құрылысбанктің Жаңатас бөлімшесі құрылды.

-Жамбыл-Қаратау-Жаңатас-Шолаққорған радиорелелік байланыс жүйесі, радиотелевизиялық станция іске қосылды.

-№5 Жаңатас автокөлік тасымалдау базасы құрылды.

-Қалада 3 автобаза жұмыс істеді.

-Тоғызыншы бесжылдық қорытындысында 123 миллион сомның негізгі қуаты іске қосылды.

-Халыққа 160 мың шаршы метр тұргын үй пайдалануға берілді.

— Қала халқы 29600-ге жетті.

1976 жыл

-Жаңатас қалалық партия комитетінің пленумы болды. Тұрғанбек Қалабаев бірінші хатшы, Д.И.Паршин екінші хатшы, З.И.Кобжова хатшы болып сайланды.

-Қалалық мәдениет бөлімі ашылды.

-Жасөспірімдер үшін ККТУ-206 ашылды. Кейіннен ол СПТУ-9 болып өзгертілді (Қазіргі кәсіптік-техникалық №5 мектеп).

-«Кенші» (Горнж) мәдениет сарайы пайдалануға берілді.

-Қалалық монша іске қосылды.

-Қалада жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімі (ОРС) «Қаратау» ОБ-нен бөлінді.

-Қаланың барлық өнеркәсіп орындарының өндірген өнімі 43 миллион 980 мың сом көлемінде болды.

-Қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Қалыбек Оспанұлы Оспанов сайланды.

— Қалада 31600 адам тұрды.

1977  жыл

-№12 балалар бақшасы пайдалануға берілді.

-1500 тонналық тоңазытқыш, ЖҚБ (ОРС) базасы пайдалануға берілді.

-Жаңатас қаласының өзінде ғана 9 мыңнан аса адам комбинатта жұмыс істеді.

-БЛКЖО ОК ауыспалы Қызыл Туы Бүкілодақтың социалистік жарыстағы табысы үшін Жаңатас комсомолдарына табыс етілді.

-Мамыр айынан бастап жаңатастықтар «Восток» телевизиялық программасын көре бастады.

-Коммуналдық кәсіпорындар комбинаты құрылды.

-Алып күшті «БелАЗ-540» автомашинасының жүргізушісі, комсомол-жас-тар бригадасының жетекшісі Александр Александрович Архиповке өндірістегі жетістігі үшін Қазақстан Ленин комсомолы 439 сыйлығы берілді.

-Геологиялық барлау жұмысындағы үздік жетістігі үшін, зор өндірістік табысы үшін  Жаңатас  геологиялық барлау экспедициясының бұрғылаушысы Жаппас Тілеуовке Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

-1964-1977 жылғы мемлекеттік тұргын үй қоры 253 мың шаршы метрге жетті.

-Қалада 33 мың адам тұрды. Халықтың орта жасы 27 жас деңгейінде болды.

1978  жыл

-Қалада төрт шағын аудан болды.

-Қалалық партия комитетінің пленумы болды. Рақым Ахметұлы Ахметов бірінші хатшы болып сайланды. Геологиялық барлау экспедициясының Иван Кисель бастаған комсомол-жастар бригадасы скважина бұрғылау жөніндегі бүкілодақтық рекордтың межеден асып, 5000 қума метр жерді бұрғылады.

-Комбинатқа 75 тонналық БелАЗдар келе бастады.

-Қалалық партия ұйымдарында 960 СОКП мүшесі болды.

-Қалалық базар ашылды.

-Қалада 35 мың тұрғын бар.

1979  жыл

-№13 балалар бақшасы пайдалануға берілді.

-Отын базасы ашылды.

-Бесінші микроауданның құрылысы басталды.

-Жаңатас автокөлік кәсіпорны құрылды.

-280 орындық балалар бақшасы салынды.

-«Геолог» мәдениет сарайы пайдалануға берілді.

-Қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Манатбек Дүйсенбекұлы Сәрсеков сайланды.

-Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Жаңатас бөлімі құрылды.

-Қалада 37 мың адам тұрды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.