Аудан әкімі С.Мамытовтың Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін  ең ұлық ­ Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Құрбан айт жалпы адамзатты жақсылық пен ізгілікке, бауырмалдық пен имандылыққа жетелейтін ұлық мереке. Біздің елімізде Құрбан айт ресми мейрамдардың қатарына енгізілген.
Бұл күндері ­ әрбір мұсылман баласы Алла Тағалаға сыйынып, ел тыныштығы мен халық бірлігін, отбасының амандығын тілейді.
Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемділігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Мереке кезінде ізгі амалдар жасап, құрбандық шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесіп, науқас жандардың көңілін сұрап,  сауапты істерді көбейткен абзал.  Құрбан шалу кісіні шүкіршілік пен тәубаға шақырады. Көмекке  мұқтаж  адамдарға қамқорлық көрсету арқылы Алланың алдында шексіз сауаптарға қол жеткіземіз.
Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты мейрамды халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келді.
Бұл күні отбасы мен туған-туысты, жақындарымызды құттықтап, ел-ді бірлікке шақыратын амалдар жасағанымыз дұрыс.

Қадірменді жамағат! Баршаңызға береке-бірлік, бейбіт өмір, әр шаңы-раққа игілік пен амандық тілеймін!
Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!

Құрбан айт мүбәрак болсын!

Құрбан айт- мейірімділік мерекесі!

Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!

Мұсылман қауымының ұлық екі меркесінің бірі Құрбан айт. «Құрбан» сөзі қазақша «жақындау» деген мағынаны береді. Яғни, құлшылығын жасай отырып Жаратушыға жақындау деп түсінсек болады. Ал «айт» сөзі «қайту, оралу, қуанышты күн, мейрам» деген мағыналарды қамтиды. Демек, құлшылығымызды жасай отырып Жаратушы Иемізге жақындай түсетін қуанышты, мерекелі күн деп атасақ болады.

Құрбан айт намазы мешіттерде оқылғаннан кейін, мұсылмандар үйлеріне тарайды. Осыдан бастап үш күн ішінде әлеуметтік жағдайы жақсы, малы ынсапқа толған мұсылмандарға құрбандыққа мал шалу міндетті болып табылады.

Құрбандық шалу адам баласын тақуалыққа жетелейді. Өйткені, мұсылман адам құрбандығын шынайы ниетпен, Алла разылығы үшін шалады. Алла Тағала адамның амалына емес, ниетіне қарайды. Алланың елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «амалдар ниетке байланысты» деп айтуы да осыны білдірсе керек. Сондықтан Ислам дінінде орындалатын кез келген амалдың сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, яғни ниетке мән беріледі. Ниетті түзетудің мәні осында. Шын мәнінде бүкіл әлемнің Жаратушысы болған Раббымыз пендесінің шалған құрбандығына мұқтаж емес. Алла тек шынайы ниетпен жасалған құлшылықты қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар келтірілген: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят). Құрбан айт күндері жабырқаған жандарды, қамкөңіл адамдарды, мүгедектер мен жетімдерді, жесір әйелдер мен қауқарсыз қарттарды қуандырудың сауабы мол. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені, садақа беру – мұсылмандардың арасына мейірімділік сынды сезімді ұялататын сауабы мол іс. Осындай амалдар жасау арқылы қатып қалған жүректер жұмсарады, бай мен кедейдің арасы жақындай түседі. Құрбан шалу – байға міндет, кедейге көмек болатыны сондықтан деп білеміз.

Бұл күні жас ұрпақтың тәрбиесін де ұмыт қалдыруға болмайды. Мүмкін болғанынша балаларға базарлық жасап, тәттілер әперіп, ойын алаңдарына алып бару, тосын сыйлықтар ұйымдастыру өте құптарлық істерден болып табылады. Өйткені бұл күн тек құрбандық шалып қоя салатын күн емес, сөзіміздің басында айтқанымыздай ұлық екі мерекенің бірі. Демек мерекелік шат-шадыман көңіл-күйді барша мұсылман қауымы сезінетіндей жағдай жасалуы керек. Оны жасайтын да көпшілік қауым біз өзіміз екенімізді ұмытпағанымыз абзал.

Құрметті мұсылман бауырлар! Биылғы жылы маусымның 28, 29, 30 күндері құрбан айт мерекесі болып бекітілген. 28 маусым таңғы сағат 6.20 да мешіттерде айт намазы оқылады.

Барша мұсылмандарды құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Алла Тағала сол күндері шалынатын құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Қажылыққа аттанған барша бауырларымыздың қажылығын қабыл етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мерекелі, берекелі күндерге аман-есен жете берейік!

Ғалымжан Қонақбаев,  «Сарысу аудандық» мешітінің Бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.