АУДАН ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

0

Осы аптаның сейсенбісі күні 28 маусым-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған аудандық мәдениет үйінде мерекелік салтанатты шарасы өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиев журналистерді төл мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

Аудан басшысы ақпарат ағынынан қалмай, өз оқырмандарына адал қызмет етіп, мамандығын қадір тұтқан журналистердің қоғамда алар орнына тоқталды.

-Ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қалам қасиетін ардақ тұтқан журналистер қауымына жақсы тілектерімізді айту үшін жиналып отырмыз.

Өздеріңіздей туған жердің тарихын қадір тұтып, бүгінгісіне марқайып, ертеңіне алаңдайтын қауыммен жүздесу біз үшін үлкен қуаныш.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ел дамуының барлық кезеңдерінде бүгінімізді бекем, болашағымызды жарқын ету жолында Сіздер де зор үлес қосып, ең қиын сәттерде жүректерге сенім ұялататын шынайы ақпарат тараттыңыздар, халықтың ертеңге деген сенімін арттырдыңыздар.

Ұлт болып ұйысуға, мемлекет болып ілгерілеуге бағытталған елдік шаруаларға, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін өздеріңізге риясыз алғысымызды айтамыз,- деді Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиев.

Ауданның ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілдері мен сала ардагерлері аудан әкімінің арнайы марапатына ие болып, құрмет төрінен көрінді.

Сонымен қатар, журналистерді аудандық мәслихат аппарат жетекшісі Бақытжан Жұмағұлов, «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Мұратбек Есмұрзаев, Сарысу  аудандық  ауруханасының директоры Бағлан Қыдырбаев, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Танабаев Құрмет грамотасы, Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, мереке күні редакцияға Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы және аудандық соттың  өкілдері сондай- ақ қала әкімі Алғыс хаттарын тапсырды.

Шара барысында ауданның Құрметті азаматы Алтын Досжанова ыстық лебізін арнап, жалынды жырын оқып, газеттің шығу тарихы жайлы әңгіме өрбітті. Өз кезегінде «Сарысу» ЖШС-нің директоры Жамалбек Өзбеков мерекені ұйымдастырушыларға алғысын  білдіре  отырып, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекова мен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ильяс Баймағамбетовке жазылым барысында көрсеткен көмектері үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты жиында ауданның жез таңдай әншілері қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетіп, әннен шашу шашты.

Камели Сүлейменова,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.