Оразаларыңыз қабыл болсын
Құрметті мұсылман қауым, сарысулықтар!
Сіздерді мұсылмандардың берекелі де кешірімі мол қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын!
Рамазан айы — Жаратқан Иеміздің рақымы мен мейіріміне толған, құлшылық жасау, қайырымдылық арқылы рухани тазару айы. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа жетелейді. Бiр ай бойы астан ғана емес, жат қылықтан тартындырып, сабыр мен төзімге тәрбиелейді. Сондай күш-қуатымен, тәрбие мен тағылымға толы. Халқымыз осы қасиетті Рамазан айында Алладан жақсы тілектер тілеп, болашақтан үлкен үміт күтеді.
Ораза — адамзат баласын шыдамдылыққа, бардың бағасына жетуге тәрбиелеп, қайырымды болуға шақыратын қадірлі ай. Адамдардың жүрегі жақсылыққа толы, олардың іс-әрекеттері тек таза ниеттер мен бір-біріне деген құрметпен байланысты. Әрбіріміздің бойымызда кешірімділікті бекемдейді. Бұл – араздасқан жандардың татуласып, көріспеген туыстың табысатын, адамның бойына қанағат ұялататын ерекше сәт.
Ардақты ағайын!
Көптен күткен осынау қастерлі айда ниет, тілектеріңіз қабыл болып, шаңырақтарыңызға шаттық толып, жақсылыққа кенеліңіздер. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке, отбасыларыңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін.
Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз қабыл болып, жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылсын. Алла тағала әр отбасының бірлігін арттырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
А.Сейналиев,
аудандық мәслихат хатшысы