Ақпараттық-түсіндіру тобы ауданымызда
Жамбыл облысында этносаралық келісім мен құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.
Осы орайда, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, өңір тұрғындарына бағытталған ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілді.
Аталған жоспарға сәйкес арнайы жұмыс тобы саялы мекенге атбасын тіреді.
Ең әуелі Түркістан ауылдық округінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жұмыс тобы келіп жиынын өткізді. Аталған басқосуды аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов жүргізіп отырды.
-Бүгін біз «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында бас қосып отырмыз. Бұл жоба-ел ішінде тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында: «Біздің ең басты құндылығымыз-ел бірлігі, бейбітшілік пен келісім. Бұл-тәуелсіз Қазақстанның табысты дамуының басты кепілі»-деп атап өткен болатын. Сол себепті, осындай кездесулердің маңызы айрықша. Осы орайда бүгінгі кездесудің мақсаты-қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, этносаралық татулықты сақтауға үндеу,-деді.
Одан кейін Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Әскерден тыс жұмыс және келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау тобының бастығы, лейтенант Е.Бекмаханов, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы М.Жинақбаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің бас маманы А.Әлиасқар, облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ-ның ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы З.Исмаилова сөз алып, жобаның басты мақсаты-қоғамда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын дәріптеу, этносаралық татулықты сақтау және ел ішіндегі тұрақтылықты нығайту. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізіп, «Бейбітшілік және келісім» жобасы соңғы жылдары жемісті жүзеге асып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов қорытындылап, елді бірлікке, жастарды отансүйгіштікке, қоғамды өзара сыйластыққа шақырды.
Сондай-ақ аудандық орталық кітапханада Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Ономастикалық жұмыс» бөлімінің «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес жиыны өтті.
Жиынға облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Ономастикалық жұмыс» бөлімінің бас маманы А.Исқалиева, аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ мүшелері, ауылдық округ әкімдері және бас мамандары қатысты.
Кездесу барысында Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Ономастикалық жұмыс» бөлімінің бас маманы А.Исқалиева ономастика саласының Заңнамаларын, бекітілген жол карталарын, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру, қайта атау, мағынасы жағынан ескірген атауларды қалпына келтіру мәселелері түсіндіріліп, объектілерге, көшелерге кісі есімін бергенде өте мұқият болу, үлкен жауапкершілікпен қарау керек екендігін айтты.
Кездесу барысында ономастикаға қатысты қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Аталған топ құрамында құқық қорғау, денсаулық сақтау, дін, білім, бизнес, банк, құрылыс және т.б. салалардың өкілдері бар. Аудан тұрғындарымен, түрлі ұжымдармен кездесіп, азаматтарды қабылдау барысында шағымдарына құлақ түрді.
Олар ауданымызда ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттап, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу шараларын қабылдап, ауыл тұрғындарына білікті денсаулық сақтау қызметкерлерінің медициналық көмек көрсетулерін қамтамасыз етіп, жергілікті жерлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастырып, халықты несиелендіру бойынша кеңес беріп, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері анықталған жағдайда, оны нақты шешу бойынша шаралар қабылдап, бизнесті дамыту және қолдау бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы ақпараттандырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру барысында құқықтық көмек көрсетіп, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, оның ішінде мал ұрлығы мен өзге адамдардың мүлкі ұрлығының азайтуға бағытталған амалдарды қарастырып, көші-қон заңнамалары мен құжаттамалардың сақталуын, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік шараларды өткізді.
Әлеуметтік зерттеулер мен сұхбаттар арқылы өңірдегі қоғамдық ахуалға терең талдау жүргізілсе, ақпараттық-түсіндіру шаралары азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталды.
Сонымен қатар, өткізілген мәдени және спорттық іс-шаралар этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, қоғамдық бірлікті арттыруға оң ықпал етті.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»