Аудан әкімі С. Мамытовтың аудан жұртшылығын Астана күні мерекесімен құттықтауы
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді, еліміздің бас қаласы, тәуелсіз Қазақстанның тарихында аты алтын әріппен жазылған шаһарымыз-Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл еліміздің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі айтулы оқиға және көпұлтты қазақстандықтардың көңіліне қуаныш, көкірегіне мақтаныш сезімін ұялататын Елорда күнінің салтанатты мерекесі!
Бейбітшілік пен достықты ту еткен жас Қазақ елі өз астанасын тарихи даму жолында ежелгі қалалардың жасампаз тарихы мен өнегелі өнегесінің жалғасы деп әркез айрықша құрметпен қарайды. Өйткені, Астана қаласының ерекше сәулеті мен кескін келбетіне қарасаң көкіректі Ұлтыңа деген, Отаныңа деген мақтаныш сезімі кернейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біздің мақтанышымыз, Отанымыздың жүрегі-ару Астананың жұлдызы әрқашан жарық болсын! Астана-Қазақстанның зор қуаты мен бұла күші. Бұл отандастарымыздың ізгі үміті ақталып, бақыт жолына бастайтын арман қала» деген өр сөзі бар. Бұл егемен еліміздің ішкі және сыртқы саясатының стратегиялық ордасының айнасындай болып отырған Астана қаласына берілген берен баға. Сондықтан да, Көк байрағы көк күмбездің ұшар басында көкке желбіреген Астана бүгінде рухымыздың өрі, ұлтымыздың төріне айналды.
Елдік пен тұтастықтың туын көтерген, Астана сән-салтанаты жарасқан әлемдік үлгідегі әсем қала болып көз алдымызда өсіп, өркендеп келеді. Осылайша Астана ұлтымыздың келісті келбетіне айналды!
Егемен еліміздің жаңа Астанасы ХХІ ғасырдағы теңдессіз оқиғалардың бірегейі және жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның айшықты нышаны. Сондай-ақ, ол аса ірі көлемдегі халықаралық келіссөздер мен кездесулердің, саммиттер мен форумдардың, өнер және спорттық шаралардың орталығы болып отырғандығы уақыт шындығы. Өйткені, сұлу Астана Сарыарқаның сайын даласына керегесін кең жайып, қонағына дастарханын, досына ақ пейілін танытқан ару қала. Бүгінде Астана еліміздің төл құжатына, арманнан ақиқатқа айналды. Елорда ат тізгінін қолына алып, елінің ертеңіне елеңдеп отырған жалынды жастардың шаһары болып орнықты.
Жаңа Елорда ұлтымызға жаңа самал, елімізге жаңа леп әкелді. Қыдыр қонып, құт-береке дарыған киелі мекенге ұласты. Бүгінде Астана ұлт мұрасымен және ел тарихымен біте қайнасып кетті. Өйткені, ұлт мұратын ұстанған еліміздің Астанасы Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне, мемлекетіміздің символына, ұлтымыздың ұранына айналған, айбыны мен абыройын асқақтаған ғажайып қала.
Астана-келешегі жарқын, болашағы айқын қала. Бүгінгі таңда Астана халқымыздың бірлігі мен ынтымағына тірек, достығы мен татулығына кепіл болып отыр.
Барша аудан жұртшылығын Астана қаласы күні мерекесімен тағы да құттықтаймын! Елордамыздың ғұмыры ұзақ, шоқтығы биік болсын! Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!