Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер талқыланды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап берді. Атап айтқанда, ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері.
Президент мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуіне баса назар аударды. Бұл орайда, елімізде тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау жүргізілмек. Яғни, қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қолға алынбақ.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қай салада болмасын нақты нәтиже керек екенін баса айтты. Алда атқарылар жұмыс көп, ол бойынша тиісті іс-әрекет жасалатыны да заңды.
Қоғамдағы өзекті мәселелердің ішінен мемлекет басшысы айыппұлдар төңірегіндегі қызу дау-дамайға да тоқталды. Ол халықтың талабына жауап бере келе, тиісті түсіндіру жұмыстарының әлсіз екенін айтты. Жұртшылық та бұған түсіністікпен қарап, заң бұзудан аулақ болуы керек екенін меңзеді.
Қазақстан болашақ сын-тегеуріндерге дайындалып, бейімделуі тиіс. Әлем «жасыл энергетиканы «дамыту тәсілдерін қайта қарауға алып келетін үлкен өзгерістер мен климаттық жағдаяттар алдында тұр. Сосын жасанды интеллект, цифрлық активтер, атом энергетикасы, ресурстарды үнемдеу, электрондық сауданы дамытуға тоқталды.
2024 жылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инфрақұрылымды дамыту – бұл мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президент көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту мақсаты белгіленді.
Осыған орай, өткен жылы өңірлік жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 26,8 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпір құрылысы жүргізіліп, 3 шақырым жолды қайта жаңғыртудан және 690,4 шақырым жол орта жөндеуден өтті.
Оның ішінде, 95,9 шақырым облыстық маңызы бар, 88,1 шақырым аудандық маңызы бар жолдар болса, 506,4 шақырымы елді мекен көшелері. Сондай-ақ, барлығы 355 жол жөндеу жобалары іске асырылып, 709,9 шақырым жол қайта жаңғырту, орта жөндеулермен қамтылды.
Бұдан бөлек, «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба немесе 184 шақырым, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен – 170 жоба немесе 203 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен – 5 жоба немесе 18,3 шақырым, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен – 3 жоба немесе 1,2 шақырым, жергілікті бюджеттерден – 143 жоба немесе 303,4 шақырым жол жөнделді. Бөлінген қаржылар ішінде жалпы 2,3 миллиард теңгеге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары жүргізілді.Биылғы жылы да бұл жұмыстар жалғасуда. Бүгінгі таңда жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,6 миллиард бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 17,7 шақырым көше жолдарын құрылыспен, 8 шақырым қайта жаңғыртумен және 391,4 шақырым жолдарды орта жөндеумен қамту жоспарланған. Оның ішінде 45,1 шақырымы облыстық маңызы бар, 83 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар болса, 263,3 шақырымы – елді мекен көшелері.
Жол саласында биылғы жылы барлығы 146 жол жөндеу жобалары іске асырылады. Оның ішінде, «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобасымен – 24 жоба немесе 128,1 шақырым, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен – 49 жоба немесе 116,8 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен – 6 жоба немесе 20,3 шақырым автожол мен 1 көпір құрылысы, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен – 3 жоба немесе 5,4 шақырым, жергілікті бюджеттерден – 64 жоба немесе 146,5 шақырым автожол, 5 көпір құрылысы жүргізіледі.
Ал, 3,4 миллиард теңгеге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары атқарылатын болады. Атқарылатын жұмыстардың сапасын тексеру және жол жөндеу жұмыстары барысында пайдаланылатын материалдарға зертханалық сараптама жүргізу мақсатында жергілікті бюджеттен 107,8 миллион теңге бөлінген. Осылайша, биыл жыл қорытындысымен «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 99,5 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 89 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Ж. Орынбаев, Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы