Қыз еркем-өнерімен көркем
Мереке қарсаңында Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қыз сыны-2022» байқауы болып өтті. Қазақ халқының қызға байланысты ұстанымдарын, салт-дәстүрлерін насихаттау, ұлттық жоғары көркемдік талғам қалыптастыру, халқымызға тән әдептілік, әсемдік, инабаттылық пен ибалылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптеу, өнерге, сұлулыққа жаны жақын арулардың бойындағы талантын ашу, дарынына қанат бітіру байқаудың негізгі мақсаты болды.
Байқадам ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Жақсыбаев Өмірсерік келген қонақтар мен байқауға қатысушы аруларға өз лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Арулар «Мен қазақтың қызымын» кезеңінде жиналған қауымға өздерін таныстырып, сахнада өзін-өзі ұстай білу мәдениетін көрсетсе, «Қыз еркем-өнерімен көркем» сайысында көрермендер қатысушылардың ән айту, би билеу, мәнерлеп өлең оқу, т.б шеберліктеріне тәнті бола алды. Ал «Зерделінің ойы озық» сайысында ару қыздардың білім деңгейлері бағаланды. Сонымен қатар, «Шеберлік» сайысында тарихта аты қалған аруларымыздың образын сомдап, «Сыр мен сымбат» кезегінде киім үлгілерін көрсету бойынша сынға түсті. Аруларымыз әдемі қылықтарымен, сымбатты көріктерімен бірден көрерменді баурап алды. Байқауға қатысқан алты арудың арасынан қазылар алқасының шешімімен Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Азаматқызы Ақторғын үздік деп танылып, бас жүлдені иемденді. 1- орынға Жаңаталап орта мектебінің оқушысы Тұрарова Нұрай, 2- орынға Ы.Сүлейменов атындағы орта мектебінің оқушысы Тілеуберді Айбат, 3-орынға Қызылдихан орта мектебінің оқушысы Тұрсынбай Дильназ лайықты деп танылды. Донда Сенбин атындағы орта мектебінің оқушысы Мәрік Аружан «Көрермендер көзайымы», Әйтеке би атындағы орта мектебінің оқушысы Ибаділда Айнел «Өнерлі ару» номинациясына ие болды. Қатысушыларға сыйлықтар мен Мақтау қағаздары табыс етілді.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»