Жаңа форматтағы алқа мәжілісі

0

Таразда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша Департаментінің алқа мәжілісі өтті. Алқа мәжілісінде өткен жылдың қорытындысы және қызметтің 2019 жылға қойған мақсаттары талқыланды.

Биылғы шараның ерекшелігі оны өткізу форматының өзгеруі болды. Жұмыстың негізгі бағыттары бойынша үйреншікті есептердің орнына панельдік пікірталастар ұйымдастырылды, оның спикерлері облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиян, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаев, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Уалихан Болатбек, Жамбыл облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Бауыржан Мөрбеков, «Жамбыл облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Асхат Олжабаев, «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифр-ландыру орталығының» басшысы Дамир Егізбаев, Жуалы ауданы Шақпақ ауылдық округінің әкімі Мұстафа Бектұрғанов.

Сонымен қатар, шараға облыс әкімдігінің басқарма басшылығы, облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, Тараз қаласы және аудандық мәслихаттарының депутаттық корпусының өкілдері,Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, аумақтық органдардың басшылығы, қоғам өкілдері және блогерлер, облыстық және аудандық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Департаменттің азаматтық сектормен тығыз байланыста жұмыс істеуге деген ұмтылысына алқа мәжілісін «Jambyl» телеарнасының басшысы Жасұлан Әбдіманап ашуы да дәлел болды.

Департамент басшысы Равиль Төлебаев өз баяндамасында іске асырылуы 2018 жылы басталған серпінді жобаларға ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, азаматтарға бюджет қаражатын пайдаланудағы бұзушылықтарды дербес анықтауға және хабарлауға мүмкіндік беретін «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының Астанадағы интерактивті нысандағы трансформациясы туралы айтылды. Елордалық тәжірибенің Жамбыл облысында да жүзеге асырылатындығы туралы атап өтті. «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасы қазақстандықтарға нақты уақыт режимінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға және уәкілетті органға осы саладағы бұзушылықтар туралы мониторинг жүргізу -«постфактумнан» мәселені жедел шешуге көшуге мүмкіндік береді. Мәселен, облыста жамбылдықтардың 200 арызы қаралып, шешімін тапты.

Баяндамада Елбасының шығын-дарды оңтайландыру мен үнемдеу жөнінде берген тапсырмасы шеңберінде Жамбыл облысында 497 мемлекеттік органның алып отырған алаңдарына талдау жасалғаны туралы айтылды. Мәселен, облысымызда Талас (4 млн.), Мойынқұм (17 млн.), Қордай (10,8 млн.) аудандарында алаңдарды оңтайлы пайдаланбаудың нәтижесінде жергілікті бюджеттерден 30  млн. теңгеден астам шығын кетуде. Бұдан бөлек, құрылымдарды біріктіру есебінен мемлекеттік органдарды оңтайландыруды қарастырсақ, артық әкімшілік шығындар азайтылып, қосымша қаржы көздерін табуға болады.

Сондай-ақ, 2018 жылы департаментте штат саны 20 пайызы қысқартылып, ал 2019 жылы 30 пайызға дейін ықшамдалу көзделуде. Аталған межеге қол жеткізсек үстемақы көлемі 50 пайызға көтерілетінін атап өткім келеді. Аталған кешенді шаралардың нәтижесінде жыл ішінде Агенттік бойынша 525 млн. теңге үнемделсе, департаментте 23 млн. теңгеге жуық қаржы үнемделгенін атап өтті.

Тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің ашылып, бизнесті қорғау мен қолдауға бағытталған «Protecting business and investments» жобасы іске асырылуда. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге республика бойынша жалпы құны 10 трлн. теңге болатын 267 бизнес-жоба алынған болса, облысымызда жалпы құны 266  млрд. теңгені құрайтын 10 бизнес-жоба сүйемелдеуге алынған.

Равиль Төлебаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің әдебіне де тоқталып өтті.

-4 жылдың ішінде әдеп нормаларын бұзу фактілерінің екі еседен астам төмендегеніне қарамастан, бұл салада шешілмеген мәселелер баршылық. Азаматтың мемлекеттік органмен қатынасқа түсуі, көбіне телефон арқылы тілдесуден басталады. Тұтқаны көтерген қызметші өзін таныстырмайтын сәттері де жиі кездеседі. Жүгінген мәселесіне біржақты және өктемді жауап қайтарады. Осы жағдайды өзгерту үшін біз қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметшінің азаматтармен сөйлесу қағидаларын әзірлеп, енгізуді көздеп отырмыз,-деді ол.

Гүлнара Байбосынова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.