ЖАҢА ҚҰРАМНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАСҚОСУЫ

0

Өткен аптада өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс 47-сессиясында Сарысу ауданының Қоғамдық кеңес құрамы жаңадан бекітілді. Сессиядан соң Қоғамдық кеңестің жеке отырысы өтіп, онда Қоғамдық кеңестің төрағасы етіп Құдайберген Мамбетов сайланды.

Осы аптаның сейсенбісі күні осы жаңа құрам мүшелерімен басқосу болып өтті. Басқосуға аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев және кеңес мүшелері қатысты.

Жиында аудан әкімі жаңадан сайланған Қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен таныса отырып, жұмыстарына табыс тіледі.

 Басқосуда аудан басшысы «2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» есепті баяндамасын жасады.

Баяндамада 2018 жылдың қазан айының 5 күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы негізгі міндеттердің орындалуы туралы және тәуелсіз Қазақстанның дамуының басты бағыттарын белгілеп бергендігіне тоқталды. Сонымен қатар, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы- төл тарихқа, түп – тамырымызға үңілуден туған толғаныс екендігін  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екендігін айтты. Соның нәтижесінде, егемен еліміз әрқашанда жаңа биіктерді бағындырып, бүгінгі күні «Қазақстан- 2050» Стратегиясын қабылдаған, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатын көздеген айбынды мемлекетке айналуымыз керектігін айта келіп, былтырғы жылғы қорытынды есеп барысында аудан тұрғындары көтерген мәселелер бақылауға алынып, барлығы жыл ішінде өз шешімдерін тауып, толық орындалғандығын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, баяндамада аудан әкімі жыл бойы өнеркәсіп, денсаулық, білім, тұрғын үй құрылысы, ауыл, егін, мал шаруашылықтары және іс-шаралардың орындалу барысына кеңінен тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстарды саралап өтті.

Жиын барысында  қатысушылар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар қайтарылды.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.