Облыс әкімінің есебі «Онлайн» арқылы тыңдалды

0

Осы аптаның жұмасы күні Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың кезекті есеп беру кездесуі өтті. Есептік кездесуді барлық облыс жұртшылығымен қатар Сарысу ауданы тұрғындары да «Онлайн» түрінде көгілдір экран арқылы көріп отырды.

Облыс әкімі жан-жақты қамтылған баяндамасында облыстың 2018 жылғы әлеуметтік экономикалық даму қорытындысы есебі тыңдалып, Елбасының 2018 жылы 5 қазандағы «Қазақстан-дықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы 2018 жылдың міндеттері анықталды. Сонымен қатар, облыс көлемінде алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыстардың да барысымен таныстырды.

Есепті кездесуге қатысушылар түрлі мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев видео байланыс арқылы өз сұрағын қойды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласы моноқалалар статусына ие болғанымен көгілдір отынның ауданымызға әлі келмегендігін, газдың қаламызға қашан келетіндігі жөнінде қойған сұрағына облыс басшысының көгілдір отын көп кешікпей келетіндігі жөнінде айтқан жауабы сарысулықтарды бір серпілтіп тастады.

Сонымен қатар, «Онлайн» жүйесі арқылы аудандардан да тұрғындар түрлі сұрақтар қойды. Оларға облыс басшысы тұшымды жауаптар қайтарды.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.